КАНИКУЛ КҮНДЕРІНДЕ

КАНИКУЛ КҮНДЕРІНДЕ

Қазақ халқының рухани құндылықтары мен ел тарихының дамуы ежелгі көшпелі өмір салтынан жалғасатын Еркіндікпен сабақтасатындай. Өркениет таңқалаарлықтай жетілген жиырма бірінші ғасырда өмір сүреміз десек те, Отанын сүйген әрбір қазақтың жан-тәні Ұлы Далада ғасырлар бойы қалыптасқан қастерлі ұлттық дәстүрлерден алыстамайтындай. Расында да, адамның табиғи кемелденіп, маңызды мемлекеттік істерде белгілі табысқа жетуі үшін, бәлкім, осындай да алғышарттар қажет шығар деген ой келеді.

Соның көрінісіндей, біздің авторымыз да қарапайым мектеп оқушысының белгілі мерзім аралығындағы әрекетін әңгімелеу арқылы Қазақ қауымдағы Ата мен әже мектебінің мәні, елдің қиын шақта бір-біріне қол созуының маңызы, сондай-ақ дала баласының көк аспанды, күнді, желді сүйгеніндей, ер қанаты – жылқыны қастерлеуі сияқты қызықты тақырыпты алға тартады.

Алтыншы сыныпта оқитын Төлен кең аулаға кіре бере-ақ жазғы ас үйде өзара тілдескен шешесі мен әлдекімнің абың-гүбің сөздерін естіді:

– Екі сиырыңыз да бұзаулаған шығар?

– Иә. Қаш-шан! Баяғыда бұзаулаған. Қойдың да бәрі қоздап бітті. Биыл көбі – егіз, құданың құдыреті!..

– Өзеннің қызыл суы жүрді ме екен?

– Е-е, талай болды емес пе. Гүрілдеп бір жетідей тасыды. Қызырдың қамшысы ойнағалы да біраз өтті ғой. Қазір ауылдың бар баласы тау кезіп, құлан жуа теріп жүр. Дер шағы жуаның. Күн алғаш күркірегеннен-ақ қаулап кетеді.

– Мал қашан шығады өріске? Құралайдың салқынын күтесіздер ме әлде?

– Жо-о, несін күтесің оны. Қарамаймыз. Үйреншікті нәрсе. Екі-ақ күнде басылады. Шығара береміз малды. Төл үйде ғой...

Әжесі келген екен. Ақшатау кентінен жиырма шақырымдай төменде, жатаған тарланы мен қызылселеуі, бозжусаны сыңсыған ұсақ шоқылардың арасындағы шағын ауылда тұрады. Биязы қоңыр барқын үні күмбірлеп, баппен сөйлейтін әдеті. Мәнері солай. Әр сөзі нық. Бірақ құлаққа сонша жағымды. Көптен көрмеген үлкен шешесінің дауысын танығанда өзінің сол ауылға барып, адағы қой кезегінің көп бөлігінен бірден құтылып шығуға шешім қабылдағаны есіне түсті.

Ыржыңдап кіріп келгенінде, селт етіп мейірленген әжесі орнынан жұлқына ұмсынып, бетінен сүйіп жатып:

– Жарығым-ау, жүдеп кеткенсің бе? Айтпақшы, каникулға шықтыңдар ма? – деді.

– Иә, шықтық.

– О-о, құлыным, жақсы бопты!

Дөңгелек үстелдің шетіне жайғасып, бұл да шайға кірісіп, біраз қауқылдасқаннан кейін әлден мезгілде:

– Әже, мен бүгін барып Айнекеңнен ат сұрап алып, ертең-бүрсігүннен бастап қой кезегінің көп бөлігінен құтылып тастауды ұйғардым, ¬– деді.

Шешесінің көзі бақырайып кетіпті. Қайдағыны қайдан шығарып отыр, қиналып қалмай ма деп қауіптенетіні анық. Және жас баланың жалғыз өзіне айдалада қой бағу қорқынышты емес пе деп те тіксінеді.

– Жоқ, қорқатын түгі де жоқ, есептеп қарасам, алты-жеті күннің ішінде бағып тастауға болады екен...

Айнекең дегені – шешесінің жалғыз інісі Айнабек еді. Қырықты алқымдаған жігіт ағасы. Жылқышы. Ақшатау поселкесінен теріскей бағытқа қарай шығатын қос аяқ жол екі-үш шақырымнан соң қақ айырылып, бірі – әжесінің ауылына бастаса, екіншісі сол нағашысының қонысына әкетеді. Солтүстік-батыс тұста қарсы алдыңнан шығатын тау етегінен кілт солға бұрылып, іркес-тіркес шоқылардың өзек-өзегін қуалай салған ирек-ирек ескі сораппен тарта берсеңіз, «Тікенекті» жайлауына тірелесіз. Кеніштен жеті километрдей межеде. Бүкіл шахтерлер қауымын қымызбен қамтамасыз етіп отырған – осы бес үй. Аядай ғана алаңқайда отыр. Тасада. Білетін адам болмаса жылқышы ауылы екен деп ешкім ойламайды. Өйткені топырлаған үйір-үйір жылқы да жоқ мұнда. Абыр-сабыр қарбаласқан да ешкімді көре алмайсың. Соған қарағанда, жылқышылар өмірі де жатқан бір жұмбақ әлем, өзі...

Төбесін көлеңкелеген желі басында он-он бес құлынды бие шыбындап тұрады. Қалған қылқұйрықты түпте... Ішкеріде жусатып, сауын биелерді анда-санда ауыстырып отыратын секілді. Кезекке мінетін көлікті сол жерден алмақшы-тын.

                                                        ***

Ат жағдайының оп-оңай шешілетіне күмәні жоқ-ты. Сондықтан да бұрын көбіне велосипедпен баратын самал белдер қойнауындағы жылқышы ауылына аяңдап, жаяу жетті. Жылқы жарықтықтың сезікшілдігі ме екен, желідегі жануардың қайсыбірі жайлауға бөгде адамның кіргенін аңдағандай, тау ішін күңірентіп, оқырана кісінейді. Қалғандары да қозғалақтасып, бір-біріне үн қосып, пыр-пыр пысқырынады.

Айнабек ағасының есік алдында жүргенін сонадайдан көріп, қуанып қалып еді. Нағашысы да мұны көргенде мәз болып, әдетінше:

– Өй, көктен түстің бе-ей? Қайдан сап ете қалдың?! – дейді даланы басына көтере дабырлап. Әйелі Орынтай пеш қасында күйбеңдеп, нан пісіріп жүр екен. Ол да:

– О-о! Төлен ғой! – деп қуанып жатыр алжапқышына қолын сүртіп тұрып. – Мамаңның қалы қалай? Үй-іштерің тегіс аман ба? Жүр, үйге кір!

Жылқышылардың ойнап жүрген ұсақ балаларының да кенет аңтарыла қалып, одан бірінен кейін бірі сүріне-жығыла жүгіріп келіп, кіп-кішкентай қолдарын созып таласа амандасатындары қызық. Олардың шешелері де бұл кім екен кеп қалған деп, киіз үй есігінен бастарын қылтита қарайды кезек-кезек...

Қашан барсаң, Орынтайдың дастарханы жасаулы тұратын салты. Кірген бойыңда үнемі ақ дәкемен жабулы жұратын наны мен құрт-май, кәмпит-сәмпитін ашып:

– Кел, төрлет. Жоғары шық. Қымыз іш! – деп бәйек болады.

Айнабекке келген шаруасын күлбілтелемей бірден айтқан.

– Алты-жеті күнге ат тауып беріңіз. Әжем үйінің қой кезегіне бару керек боп қалды, – деді.

Айнабек зайыбы екеуі үрпиісіп, бір-біріне қарайды.

Ұзақ үнсіздіктен кейін жас жиеніне кінәлі адамдай кібіртіктеп, жасқаншақтай көз тіккен нағашы ағасы желкесін қасып, ауыр күрсінді.

– Қымыз ішсеңші! – деп қойды одан тостаған толы сусынды бұған қарай қос алақанымен ақырын тақаңқырай түсіп.

Орынтай да жаңа ғана табадан шыққан ыстық нанды турап, алдына қойып тұрып:

– Жесеңші! Май жағып же. Қымыздан ал! – дейді.

Төлен қуыстанды. Бергісі келмей отыр ма... Әлде, баласынып сенбегендері ме. Мұнысы несі екен деп күдіктенді.

– Бір-екі күн бұрын айтқаныңда... Ыңғайы болмай тұрғанын қарашы... – Айнабек күмілжіді. – Кеше ғана екі атты қойшыларға беріп жіберіп ем...

Енді Төлен ыңғайсызданады.

– Жарайды, онда. Келген шаруам сол еді, – деп шығуға айналған. Мән-жайды онша түсіне қоймаса да, мініс көлікті ала алмайтына көзі жеткен. Несіне отыра береді. Ертерек кетуді ойлады.

Бірден тастай түйіліп алған. Жоқ болса жоқ шығар. Бермесе, амал бар ма. Қойды велосипедпен-ақ бағам ғой... Қайта, әуресі аз, соным ыңғайлы шығар деп еді.

Нағашысына іштей ренжіңкірегені де рас-тын. Бұрын-соңды қолқа салып көрмепті. Бекер сұраған екем деп өкінді...

Бір қараса, тауды айналып, келген ізімен кері салып келеді екен. Қабаржыңқырап отырып, жеңгесі ықыластана ұсынған дәмнен ауыз тиген-тимегенін де байқамапты.

Әлден уақытта қыр астынан дүрсілдеген әлдебір түсініксіздеу дыбыс естілді. Тұяқ дүбірі секілді. Бұрылып қарағанында, көкжиектен Айнабектің кеудесі көрінді. Одан оның аттылы екенін байқады. Қалбалақтап, желе-жортып келеді. Жетегінде шоқырақтаған және бір ат бар...

– Не деген жүрдексің-ей?! – дейді ентігіп. – Атпен қуып әрең жеттім ғой!

Жиеннің көңілін қимай, қатты қиналса да, тығырықтан жол тапқандай. Енді Төлен қысылды. Буынсыз жерден пышақ ұрып, әбігерге салдым ба деп қипақтады.

– Бекер әурелендіңіз ғой!

– Е, ештеңе етпейді. Мына атты көрші... Басқа лаж жоқ...

Орынтай Төлен шығып кеткен соң: «Мұның не?! Өмір бойы өкпелеп кететін болды. Масқара қылмай, өз атыңды берсең де бір амалын тап!» деген сияқты...

Жетектегі атты барлық әбзелімен әкеліпті. Тіпті, ердің қас темірі мен жүген, өмілдіріктегі өрнектерге дейін сәйкесіп, жарасып тұр. Жарқ-жұрқ етеді.

Бала сәлден соң ғана барып атақты Сарыбауыр айғырды таныған. Бұлай кездесемін деп ойламапты. Ол да құйрық-жалы төгіліп, монтия қарайды. Қайбір бәйгелерде алдыңғы орындарды бермей жүрген ұшқырлығымен бірге жуас мінезімен де ерекшеленген өте бір сүйкімді жануар еді. Кең танауы делдиген, кеудесі талыстай қарагер ат. Төсінің түгі аздап жирен түсті болғандықтан «сарыбауыр» атанған жылқы. Жаратқанның құдіреті ме, өзі, мақұлық болса да, тұла бойын кернеген бұла күшті көрсеткісі келмей төменшіктеп тұруды қалайтындай. Жақыннан алғаш көруі, сүйегі аса бір ірі де емес екен. Сида денелі ғана бесті айғыр.

– Мынаған қарашы! – деді Айнабек жерге түскен соң сұқ саусағымен Сарыбауыр айғырдың алдыңғы екі сирағын нұсқап.

Тұяқтан екі елідей жоғары... тұсаудың ішкі жақ сіңір еті оңбай қажалып қалыпты. Тұсамыс қиған. Қатты ыржиып, қанталап тұр. Жараның жиегін қаптаған сап-сары, қалың ірің...

– Не болған бұған?! – деді түршіккеннен аузына басқа сөз түспей.

– Өй, «қазақ» десең өзіңе тимей ме?! – Айнекең налыды. – Сейсенбайдың Нартайы алып еді өткенде... Жанымды қоймай, жалынып-жалпайып... Жоғалған сиырымды тауып ала қояйын деп.

– Нартай өз ағаңыз емес пе еді?! –Айнабекке Нартай дегеннің жамағайын туыс боп келетіндігін білетін-ді.

– Ой, өйткен ағасы бар болсын! Қызық адам екен нағыз. Тұсаған бетімен қоя берген ғой. Және құнтсыз, безбүйрек адам қайбір жетіскен тұсамыс тағады. Темірдей бірдеңемен олақ-солақ байлап қоя берген де. Алысқа ұзап кетпесін деген дәмесі. Жануар бейшара не білсін. Әлдебір жайсыздықты сезіп қалған соң неғұрлым алысырақ кеткісі келіп, тапырақтап секіріп қаша берген бес күн бойы. Әлгі байғұс өз малын іздеуге шықпапты да. Барсам, сиыры түгілі, өлердегі сөзін айтып сұрап алған менің атымның қайда жүргенін білмейді...

– Өзі қайда екен?

– Жатыр үйінде. Атымды зорға таптым шығандағы Қарашілікке дейін барып. Үйренген жері сол еді. Енді бір-екі күн жүрсе екі тұяғы тұтастай қырқылып түсіп қалғандай екен қажала-қажала. Мынау – қазір аздап жазылғандағы түрі. Әлі де болса кішкене біте түссе деп ем ғой жарақаты. Ал басқа аттың, расында да, реті болмады саған бере қоятындай. Жоқ!.. Шынын айттым ғой. Не істейін енді. Сен сенбейсің...

Төлен жараны көргенде аттан бас тартқысы келген. Нағашысының ниетін де сонда ғана барып түсінгендей еді. Орынсыз киліккендей болыпты.

– Айнеке, мінбей-ақ қояйын, жарайды. Жазылсын біраз...

– Ой, түк етпейді. Міне бер. Тек қатты қинамасаң болды. Шаппай, беталды...

                                                        ***

Өріске шыққан алғашқы күннен бастап-ақ қалт еткенінде Сарыбауыр айғырдың аяғын емдеумен айналысқан. Атты Айнабектен алған бойда шешесіне айтып, дәріханадан мол пеницеллин мен екі құты Вишнев майын, екі жүз грамдай медициналық спирт... Бірнеше буда дәке сатып әкелген-ді.

Тобылғының шыбығынан жіңішке істік жасап алып, аттың жарасының арам қанын ақырындап қана түртіп ағызып, іріңін тазалаған соң әдемілеп сүртіп, май жағып, мұқият орап тастайды. Одан араға үш-төрт сағат салып, бинтті қайтадан ашып, жарақатты және тазалайды да, күшті дәріні сеуіп, тағы да таңып қояды.

Сөйтіп бұл процедураны төрт-бес мәрте қайталаған соң жараның орны бірден құрғап, қарақотырланып, лезде-ақ жазыла бастаған. Әйткенмен, шөп-шалам түсіп, шаң-топырақ басып, бұта жырып кетпесін деген оймен орауды шешуге асықпады.

                                                      ***

 Қой баққан бала, расымен де, бір жеті ішінде едәуір есейген-ді. Мұны осы мерзімде жүзін жел қағып, ысыла түскен қағылез қара баланың өзі де нық сезінді. Сол сапар қой бағудың жай ғана қаракет емес, терең ой бағу екенін де жіті түйсінгендей еді.

Бұл мезгілде Сарыбауыр айғырдың жарақаты да құлан-таза жазылды. Қайта, жүдеңкіреп жүрген жануар бұрынғысына қарағанда жылтырап, қоңдана түскен. Төлен оны бір-екі мәрте Жаныс өзенінің тұнық суына жалдатып, жақсылап жуындырып та алған-ды.

Келгендегі міндетін ойдағыдай атқарып болған соң Ақшатауға қайтатын күн де жетті. Ол әжесінің бетінен сүйіп, артына жалт етіп бір қарап, атына қарғып мінген сәтінде өзінің кішкене ғана кеудесіне бүкіл қасиетті атамекені көріністерімен бірге небір портреттер галареясын құйып алып бара жатқандай әсерленді. Алақанымен шақырайған күннен жүзін көлейгейлей түсіп, көз ұшында қарайып, тау арасына сіңіп бара жатқан баланың соңынан еміренген әжесімен бірге тұтас ауыл үздіге қарап тұрғандай болған.

Жандар САҒЫТАЙ

Қарағанды облысы