ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ИГІ ДӘСТҮРЛЕРІ ДӘРІПТЕЛЕ БЕРЕДІ

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ИГІ ДӘСТҮРЛЕРІ ДӘРІПТЕЛЕ БЕРЕДІ

Биылғы наурыз айы айтулы іс-шарларға толы болды. Ұлтымыздың Наурыз мейрамы, Халықаралық әйелдер күнімен қоса бүкіл мұсылман қауымы үшін маңызы зор Рамазан айы мен Мәжіліс және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау тұспа-тұс келді. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күні Наырыз мейрамымен, қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.

       Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Күн мен түн теңеліп, жер жүзі қайта түлейтін жылдың осы бір мезгілін ата-бабамыз ежелден оны Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтаған. Бұл күндері мейірімділік, имандылық, жанашырлық, жасампаздық сияқты қасиеттер ерекше дәріптеледі. Соның арқасында еліміз бірлігін бекемдеп, тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айтты Президент.

«Халқымыз әрдайым Наурыз мейрамын жақсылықтың жаршысына балаған. Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Түбегейлі өзгерістер қастерлі Отанымызды өркендетуге тың серпін береді деп сенемін. Ынтымағы жарасқан жұртымыздың ырысы артып, қолға алған игі бастамаларымыз оңынан болсын, ағайын!» - деді Қ. Тоқаев.

    Мұсылман қауымы үшін Рамазан айының да орыны ерекше. Адамзатты рухани тазаруға және жан-жақты кемелденуге бастайтын осы айда төзімділік, жанашырлық, имандылық сияқты құндылықтар кеңінен дәріптеледі.

«Ата-бабамыз Рамазанды «он екі айдың сұлтаны» деп ардақтаған. Ораза ұстаған жамағатқа ауызашар беріп, бір-біріне ерекше құрмет көрсеткен. Салт-дәстүрімізбен сабақтас асыл дініміз ғасырлар бойы Ұлы далада елдің бірлігін және қоғамның тыныштығын сақтау жолында маңызды рөл атқарып келеді. Мейірімділік айында халқымыз игі істерін еселеп, сауапқа кенеле берсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Ораза қабыл болсын!» делінген құттықтауда

З.Қабиоллаұлы