«АЛМАТЫ АМАН БОЛСЫН»

Таң қараңғысында бірінші қабаттағы біздің үйдің балко­нының түбінен тық-тық еткен дыбыс естіледі. Күн сайын осы тықылмен оянамын. Бір қалақтай қара бала қолындағы құрық­тай зілтемірмен мұз ойып жатады. Күндегісі осы. Желең киін­ген. Қолында қолғап та жоқ, оның орнына қалың шүберек орап алған. Өзі еңбекқор, терлеп-тепшіп, пыс-пыс етіп істей береді. Жұмысқа бір күн кешікпейді. Үлкен қорапшасын толтырып алады да, қоқыс жәшігіне апарып тастайды. Бірде екеуміздің сұхбатымыз былай өрбіді.

– Әй, сен неғып жүрген баласың, алматылықсың ба? – дедім.

– Жоқ, аға, Шымкенттен келдім, – деді ол.

– Немене, онда осындай жұмыс жоқ па?

– Шымкент Алматыдай емес қой, жұмыс аз, адам көп.

– Ал мұнда ше?

– Мұнда адам да көп, жұмыс та көп.

– Келіншегің жұмыс істей ме?

– Бір ауруханада медбике.

– Қанша жалақы аласың?

– 31 мың теңге, келіншегім 50 мың алады, өзім екі аймақты тазалаймын, 50–60 мың аламын.

– Балаларың бар ма?

– Бар, ауылда, әке-шешемнің қолында.

– Қайда тұрасыңдар?

– Пәтер жалдап тұрамыз. Айына 30 мың теңге төлейміз.

– Өзің тұйғындай ғанасың. Мына көк мұзды оюға қалай шамаң келіп жүр?

– Ой, аға, ауылда істеп жүрген тірлік қой. Қи ойып көрдіңіз бе, ол бұдан да қатты болады.

– Ауылға қайтпайсыңдар ма?

– Жұмыс жоқ қой, аға. Ауыл қайда кетеді. Алматы аман болсын. Біздің асыраушымыз осы қала. Осында келгелі өзімізді адам сезініп қалдық.

– Аға, сізге бірдеңе айтсам ренжімейсіз бе?

– Неге ренжиін, айт.

– Қаланың адамдары мәдениетті ғой деп ойлаушы едім. Осы қоқысты күнде жинаймын. Балкондарынан лақтыра береді екен ғой.

Сасқанымнан не дерімді білмей, «өзің сөзшең екенсің» дедім.

– Енді шымкенттікпіз ғой.

Осылай тұрғанда оның телефоны шырылдады.

– Келіншегім ғой, маған алаңдап жатыр. Отты жағып, шайыңды қойып кеттім. Үйге тезірек бар деді, – деп  ол менімен жылы қоштасып кетіп бара жатты.

Қарадай көңілім босасын. Айтпағым: Қалада жүріп біреу ауыл туралы айтса, соны жақсы көріп кететін басым, ауыл баласының аузынан шыққан «Алматы аман болсын» деген сөзге одан сайын тұла бойым елжіреп қоя берсін. Кімге құшағын ашпаған, кімге пана болмаған Алматы бұл. Соның қадірін біліп жүрміз бе біз. Осы бір таңғы тілекпен дүр сілкініп жұмысқа келдім.

Қалақтай қара баланың жүрегі неткен кең еді. Түбі сол балаға ниетіне береді.

Қали Сәрсенбай, Фейсбук парақшасынан