ТҮРКИЯДА ШЫҒЫС ТҮРКІ ТІЛДЕРІН ҮЙРЕТУДЕ ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ӨЗБЕК ТІЛДЕРІН ПАЙДАЛАНУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
2018 ж. 03 қыркүйек
5420
0
Әлемдегі түркі тілдерін негізінде төмендегі 3 топқа бөлуге болады: 1. Шығыс түркі тілдері 2. Батыс түркі тілдері 3. Сібірдегі түркі тілдері Сібірдегі түркі тілдері, қалған екі топтан сөз байлығы жағынан емес, бірақ, сөздердің жасалуы, жалғаулардың жалғануы және олардың сөйлемге беретін мағыналары секілді жалпы “тілдік менталитет” жағынан тарихтың ескі дәуірлерінде бөлініп кеткендіктен, осы мақалада пайдаланылатын тәсілдердің бірі болып есептелмейтін болады. Ал, шығыс түркі тілдері мен батыс түркі тілдері дегеніміз не? Каспий теңізі, географиялық атау болғанмен, түркі әлемін тек географиялық жақтан емес, мәдениет, соның ішінде музыка, салт-дәстүрлер, әсіресе тіл жағынан да екіге бөлгенін көріп отырмыз. Шығыс түркі тілдерінің өкілдері – Каспий теңізінің шығысында тұратын қазақтар, қырғыздар, өзбектер, ұйғырлар, татарлар, башқұрттар т.б. бірі-бірлерімен аудармашысыз түсінісе алса, дәл сондай, батыс түркі тілдерінің өкілдері – Каспийдің ар жағындағы (теңіздің батысында тұратын құмықтар, қарашайлар, балқарларды қоспағанда) түріктер, әзірбайжандықтар, Балқан түріктері мен Сирия және Ирактағы түрікмендер бір-бірлерін кем дегенде 90%-ға түсінеді. (1) Алайда, шығыс түркі тілдерінің өкілдері мен батыс түркі тілдерінің өкілдерінің түсінісу деңгейінің өте төмен екендігі баршаға мәлім болса керек. Халқы сол батыс түркі тілінде сөйлейтін Түркияда, 1991-ші жылы Орталық Азиядағы түркі республикаларының тәуелсіздіктерін алғанынан бастап шығыс түркі тілдерін үйренуге деген қызығушылық әр жыл сайын арта түсуде. Түркияда біраз университеттерде “Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттері” бөлімдері ашылған болса да, халықтық деңгейде бұл қызығушылықты қанағаттандырарлықтай тіл үйрету әдістемелері әзірленген деп айта алмаймыз. Әйтсе де, әдістемелік бастамалардың бірі ретінде өзім іске асырып, тексеріп көргендей, Түркияда шығыс түркі тілдерін үйретуде қазақ және өзбек тілдерін пайдалану, Түркия азаматтарының бүкіл шығыс түркі тілдерін меңгерулері үшін тиімді нәтижелерге қол жеткізетін болады. Шығыс түркі тілдерін үйренуге талпынғандардың алдына таңдау ретінде осы екі тілді қою керек. Ана тілі түрікше болып, қазақша үйренем деушілер, өзбек тілін таңдаса, қазақшаға қарағанда тез үйренеді. Өзбек тілінің лексикасы, кезінде Орталық Азияның жалғыз жазбаша әдеби тілі болған – Шағатайшаның мұрагері ретінде, көне қарлұқ, қыпшақ, соның ішінде оғыз тайпаларының тілдеріндегі сөздерді де қамтиды. Грамматикалық жақтан түрікшеден гөрі қазақшаға жақын болғанмен, кейбір фонетикалық ерекшеліктері жағынан түрікшеге жақындау. Тіл үйренемін деуші, қазақ тілін таңдайтын болса, оны үйрену өзбекшеге қарағанда көп уақытты талап етеді. Солай болғанмен, қазақ тілін үйренген Түркиялық азаматтар Алтайдан Балқанға дейінгі ұлан байтақ географиядағы барлық түркітектес халықтармен түсінісе алатыны анық. Шығыс түркі тілдерін үйрету барысында қазақ пен өзбек тілдерін әр бірін пайдаланудың кейбір өздеріне тән артықшылықтары мен қиындықтары бар. Олай болғанмен, бұл екеуі – бірін-бірі толықтыратын грамматикалық және фонетикалық ерекшеліктерге ие.
Шығыс түркі тілдерін үйренуде өзбек тілінің қиындықтары: Өзбекше, Кеңес дәуірінде 15 жылға жуық қолданылған латын алфавитінде сақталған болса да, кирилл алфавитіне көшірілгенде, әлем тілдерінің ішінде түркі тілдеріне ғана тән және түркі тілінің өзгермес заңы - дауысты дыбыс үндестігінен алыстаған болатын. Ал, осы үндестік заңы түрік тілінде сақталып отыр. Өзбек тілін үйренемін дейтін Түркиялық тіл үйренемін деушілердің бұл жағынан қиналатындықтары айдан анық көрініп тұр. Мысалы; Өзбек тілінде: Түрік тілінде: қиличларимиздан кылычларымыздан қўлларингизда колларынызда кулларида күллеринде олдингиз алдыныз
Екіншіден; тағы да Кеңес дәуірінде кирилл алфавитіне көшкенде парсы (тәжік) тілінің ықпалымен өзбек жазба тіліне көптеген “а” дыбыстарының орнына енгізілген “о” әрпі, Түркиялық тіл үйренемін деушілердің өзбек тілін үйренулеріне қиындық туғызатын жәйттардың бірі болып табылады. Мысал үшін; Өзбек тілінде: Түрік тілінде: қор кар бош баш қулоқ кулак олмоқ алмак
Үшіншіден; өзбек сөйлеу тілінде “ә” деп айтылғанымен, жазбаша тілде “а” әрібімен жазылатын дыбысты, Түркиялық тіл үйренушілер үшін үлкен қиындықтардың бірі деп айтуға болады. Мысал үшін; Өзбек тілінде: Түрік тілінде: эркак еркек курак күрек юрак йүрек саксон сексен
Шығыс түркі тілдерін үйренуде өзбек тілінің артықшылықтары: Өзбек тілі, жоғарыда айтып өткендей Шағатай тілінің мұрагері болып есептелгендіктен, “тарихи фонетикалық өзгерістерге” онша ұшыраған емес. Дәл сондай, Осман империясының тілінің жалғасы болып есептелінетін қазіргі түрікшеде де бұған ұқсас жағдай бар. Мысал үшін; Көне түркі тіліндегі сөздің басындағы “й” дыбыстары екі тілде де өзгеріссіз сақталған: Өзбек тілінде: Түрік тілінде: йўл йол яқин якын ёстиқ ястык йил йыл
Көне түркі тіліндегі “ч” дыбыстары екі тілде де өзгеріссіз сақталған: Өзбек тілінде: Түрік тілінде: уч үч пичоқ бычак чақирмоқ чағырмак очиқ ачык
Көне түркі тіліндегі “ш” дыбыстары екі тілде де өзгеріссіз сақталған: Өзбек тілінде: Түрік тілінде: беш беш бўш бош қошиқ кашык етмиш йетмиш
Шығыс түркі тілдерін үйренуде қазақ тілінің қиындықтары: Шығыс түркі тілдерін қазақ тілі арқылы үйренетін Түркиялықтар үшін туындайтын ең маңызды қиындықтардың бірі, шығыс түркі тілдері ішінде тек қана қазақ, қырғыз және башқұрт (кейбір жалғаулар жағынан соның ішінде ноғай, қарақалпақ) тілдерінде бар “дауыссыз дыбыстардың асыра сингармонизмі” деп айтуға болады. (2) Осы жағдайды көптік жалғау арқылы түсіндіретін болсақ; осы жалғаудың қазақ тілінде -лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер деген 6 түрі болса, түрік тілінде -лар, -лер ғана бар. Қазақ тілін үйренетін Түркиялық тіл үйренемін деушілердің қайсысының қай жерде қолданылатынын, үйренуінің қиын болатыны сөзсіз. Олардың ең көп қате жіберетін жері осы. Мысал үшін; Қазақ тілінде Түрік тілінде қолдар коллар келіндер гелинлер еркектер еркеклер аттар атлар
Дәл жоғарыдағына ұқсас, қазақ тілінде болымсыз етістіктің жалғаулары -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе болып 6 түрлі болса, түрік тілінде оның -ма, -ме деген екі түрі ғана бар. Мысал үшін; Қазақ тілінде Түрік тілінде жазбадым язмадым жүзбедің йүзмедин атпа атма жатпасын ятмасын
Екіншіден; жоғарыдағы жағдайдай үлкен мәселе болмаса да, қазақ, ноғай және қарақалпақ тілдеріне ғана тән тарихи фонетикалық өзгерістер болып табылатын, ч>ш, ш>с өзгерістерін айтуға болады. Мысал үшін; Қазақ тілінде Түрік тілінде бас баш бос бош қасық кашык үш үч қылыш кылыч қамшы камчы
Үшіншіден; көне түркі тілінде “й” дыбысымен басталатын сөздердің қазіргі қазақ тілінде “ж” дыбысына ауысуы, қазақ тілін үйренетін Түркиялық тіл үйренушілерге қиындық туғызуы мүмкін десек те, осы дыбыстардың қазақ тілінде барлығының тұрақты түрде өзгеріске ұшыраған болуы, тіл үйренушілердің мына жағдайға бейімделулерін жеңілдететін ерекшелікке ие. Мысал үшін; Қазақ тілінде Түрік тілінде жол йол жастық ястык желкен йелкен жүрек йүрек
Шығыс түркі тілдерін үйренуде қазақ тілінің артықшылықтары: Шығыс түркі тілдерін қазақша арқылы үйренетін Түркия азаматтары үшін, жоғарыда атап өткендей, өзбекшеге қарағанда қазақ тілінің ең маңызды артықшылығы – дауысты дыбыстардағы үндестік заңының екі тілде де сақталған болуы. Осы фонетикалық заң – барлық түркі тілдерінің көне тарихтан бері ең іргелі заңдылығы болғандықтан Түркияның филология терминологиясында “дауыстылардың ұлы үндестігі” (büyük ünlü uyumu) деп аталады. Мысалы үшін; Қазақ тілінде Түрік тілінде жүректердегі йүреклердеки келіндерімізге гелинлеримизе құлактарымыздың кулакларымызын қолдарымыздан колларымыздан
Жоғарыда келтірілгендер “езу үндестігінің” мысалдары болса, қазақ тілінің сөйлеу тілінде алғашқы буындағы еріндік дауыстының әсерімен кейінгі буындардағы дауыстылардың еріндікке айналуы деп түсіндірілетін “ерін үндестігі” қазіргі түрік тілінде де бар. Мысал үшін; Қазақ сөйлеу тілінде Түрік тілінде көзүмүздүң гөзүмүзүн өмүрүңүздүң өмрүнүзүн күлүмүзде күлүмүзде қолұмұздан колумуздан қозұңұздұң кузунузун боюмұздұ бойумузу
Екіншіден; көрші дауыстың ықпалынан болатын д>т дауыссыз дыбыстардың сингармонизмі, екі тілде де іргелі заңдылықтардың бірі болып табылады. Мысал үшін; Қазақ тілінде Түрік тілінде мемлекетте мемлекетте қаштыңыз качтыныз бітті битти кірпіштен керпичтен
Қорытындалай келе айтатын болсақ; шығыс түркі тілдерін үйренемін дейтін Түркиялық азаматтардың алдында қиындықтар мен жеңілдіктер бірдей деңгейде деп айтуға болады. Түркі тілдерін үйрету әдістемесі ақырындап болса да қалыптасып келе жатқан Түркияда тіл үйренемін деушілерге шығыс түркі тілдерінің бәрін түсіну дәрежесіне жету үшін ұсынылуы тиісті екі тіл – қазақ пен өзбек тілдері болуы тиісті. Қайталап айтатын болсақ, тіл үйренемін деушілер, егер өзбек тілін таңдайтын болса, тез үйренгенмен аталған тілдердің барлығын түсінуі шамалы болады. Бірақ, өзбек тілін білу – тіл үйренемін деушіге өзге де шығыс түркі тілдерін үйренуге баспалдақ міндетін атқара алады. Ал, қазақ тілін таңдайтын болса, аздап қиналғанмен, үйренгеннен кейін, тіпті академиялық деңгейде, барлық дерлік түркі тілдерін жетік меңгеруге жол ашылады.
Оғыз Доған,
Филология ғылымдарының докторы
Әдебиеттер
(1) Оғыз Доған, "Қазақ тілінің грамматикасы", Ыстамбұл қаласы, 2-ші басылым, 2013 жыл, 6-бет. (2) Оғыз Доған, "Қазақ тілінің фонетикасы" (докторлық диссертациясы), "Илери" баспасы, Ыстамбұл қаласы, 2015 жыл, 347-бет.