Мақсат Жақау: "Чемпионның арманы депутат болу емес, бала тәрбиелеу!"
2018 ж. 02 тамыз
4950
0
Чемпионның арманы депутат болу емес, бала тәрбиелеу! Өткенде тағайындалған депутаттың, кешегі олимпиада чемпионы Серік Сапиевтің "чемпиондарға оққағар қою керек" дегенін айтып қалды. Бүгінгі депутаттарымыздың деградациялық кескіні бұл. Бұлардан қандай да бір мардымды халықтық ұсыныс күтуден қоғам баяғыда үмітін үзген. Мақұл, депутаттың мәселесіне көшпей-ақ, бірден негізгі көтергелі мәселеме көшсек.
Марқұм Денис Тэннің бір сұқбаттарында "спорттан кетпеймін, қайта өзімнен кейінгі жас спортшыларды, чемпиондарды тәрбиелеймін" деген керемет сөздерін тыңдадық. Дәл осылай қайсы-бір олимпиада чемпионы болсын-болмасын спортта жетістікке жеткен адамның аузынан сөз шығуда?! Боксер, олимпиада чемпионы Ибраимов ағамыздан басқасын айтсақ, шетінен спорттың жетістігіне жетсе болды, бизнес ашып, жер алып, жағдайын жинап, қызметке кетіп, депутат бола шығатын әдетке айналып кетті. Кез-келген еліміздің чемпиондарын аттарын атамай-ақ алып қарасақ, өзінен кейінгі жас-жеткіншектерді тәрбиелеп, өз саласында жүр ма?
Тек бізде ғана, шамалы туымызды желбіретсе болды, 250 мыңдап доллар сыйақы беріп, әкімдеріміз үй-көлік беріп, жер-жерде қойдың басын мүжгізіп кетеді. Ал медальдарды бізден жүздеп жинайтын Батыс елдерінде егер физикалық шамасы келсе, әрі-қарай спортын жалғастырады немесе әлеуметтік пакетпен жаттықтырушы болып өзінен кейінгі құрамаларды дайындауға қатысып жүреді. Яғни оларда спорттың, еңбектің құндылығын түсінеді деген сөз. Өйткені мемлекеті оны әбден дайындап, еңбегі мен шығынын ысырап қылмай келесі чемпион болатын ұрпақты әкелуге жұмсайды. Өкінішке орай, осы ұрдіс бізде жоқ. Елімізде, еліңе еңбегің сіңіп чемпион болдың ба, сонымен карьерасы бітті деп ойлайды. Өздерінің пияры үшін оны сосын партияға тартады, ірі федерацияның басшылығына, ақыры әкім не депутат қылып бүкіл жинаған кәсіби дәрежесін спортқа емес саясатқа, лауазымға қолданып кетеді. Бұл жалпы бүгінгі біздегі үлкен спорттың сыйқы, ашығын айтсақ. Сосын, ия өзінің саяси практикасы жоқ депутатсымақтар спорттағы қабілетін саясатта зая кетіріп, абыройларын айрандай етіп тұрғаны. Өз басым, депутаттыққа спорттан келген өкілдерді түк пайдасын көрмеппін. Солардың әсерінен отандық спорттың жай-күйінің жақсарғанын, шырылдап спорттың шашбауын көтеріп айқайлап жүргенін байқамаппын. Оданша, солар жаттықтырушы, не спорт мектептерінде жүргендері әлде-қайда тиімдірек па деп ойлаймын.
Атақты математик, академик Асқар Жұмаділдаевтың ғылым-білімдегі еңбегін ел тұрмақ бүкіл әлем біледі. Сол кісі сөйлеп министр болса, бәрін қырып тастайтындай көрінетін бізге. Бірақ, оның жаңа шәкірттерді тәрбиелеуі анағұрлым пайдалырақ екеніне көзіміз әбден жетті. Дәл осылай "чемпиондарға оққағар қояйық" деп жүрген Сапиевтер, оданша шәкірт тәрбиелеп жүргендері жақсы емес пе?! Денис Тэнге құндылықты бағалай білгеніне тағы да басымды иемін осы жерде. Спортшы спортта жүріп, шешендер дауға түсетін заман қашан туады екен...
Мақсат Жақау, Қазақ үні