Неге әйгілі қазақ журналистері атындағы марапат жоқ?
2018 ж. 01 шілде
3805
0
Геннадий Бендицкий әріптестері: Борейко мен Верк сияқты қазақ әлеміне тасадан тас атып, ашық дұшпандығын білдірген жоқ. Оларды қолдап, қоштап жазған дүниесін де көзім шалмапты. Алайда, марқұм нағыз "көкжендет" киллер еді. Тапсырыспен жазылған мақалалары айқайлап бірден білініп тұратын. Естуімше, қаламақысы да қомақты болған көрінеді. Ол мақаласын сата алатын журналисттің үлгісін көрсете алды. Сөз жоқ, талайды баспасөздің алдында безек қақтырды. Бірақ мен марқұмды журналисттік зерттеу мен сараптамалық мақала жазудың майталманы болды дей алмаймын. Топтың, тобырдың, күштінің ыңғайында жүріп, топтың, тобырдың, күштінің ғана арасындағы күрес, тартыстың додасына түсті. Бендицкийдің журналистикасы меркантильді сана мен интригалық ортаның ғана ойнына арналған журналистика еді. Ал, Марат Қабанбай... ол кісі туралы бір ғана жазбамен бәрін айтып тастау мүмкін емес. Кеше, Қазмедиада "Үркер" сыйлығы табыс етілгенде, сол есіл ердің есімі еш аталмады. Аталу былай тұрсын, сондай бір қазақ көсемсөзшісі болыпты, зерттеп, сараптап жазудың саңлағы болыпты деп еш пенде ойламағанда шығар. Есесіне, Г. Бендицкий, - журналистиканың сатыла салатын мамандық екендігін танытқан Бендицкий, "Журналистік зерттеу" номинациясының атын иеленді. Яғни, бір "ҮРКЕР" сыйлығы Бендицкийдің атында берілді. Мейлі ғой, беріле берсін, бірақ, "Қазақ" газетінің 105 жылдығына арналған биылғы "Үркерде" бір қазақ қаламгерінің атында бір марапат аталса, тойдан мақтанып, марқайып қайтар едік қой. "Өз елі өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?.." деп пе еді Алаш ардагерлері...
Дәурен Қуат,
Фейсбук парақшасынан