«Үйленуге дайынмын»: Қосыла алмай кеткен Естай мен Қорланның ұрпақтары бір-бірін Астанадан тапты

«Құсни-Қорлан» атты қазақтың шалқар даласын көктей өтіп, тыңдаушысын ынтық еткен өнер туындысын дүниеге әкелген ақын Естайды білмейтін қазақ жоқ-ау сірә. «Қорлан берген алтын жүзік жарқырап, Елу бір жыл сәуле шашты қолымда» деген Естай Қорлан сыйлаған жүзікпен көміліпті деседі. Осы бір аңызға бергісіз махаббат хикаясының ұрпақтары Астана төрінде бір-бірін тауып, ата-бабасының орындалмай кеткен армандарын жүзеге асырғалы жатқан көрінеді.

«Өткен жылдың тамызында жұмыс бабымен Астанаға ауыстым ғой. Қазір Аbctv.kz бизнес порталының қызметкерімін. Редакцияға келген алғашқы күндері әріптестермен жөн біліскенімізбен, әбден бой үйренгенше ашық әңгімелесе алмайтын әдет бар. Dinaraменде (суреттегі қыз) оңаша дидарласып көрмеппін. Бірақ, жерлесім екенін, мен оқыған университетті тәмамдағанын білемін. Өзі айтқан. Ортақ әңгімеміз де осы.

Сәрсенбі күні Динара екеуіміз Канат ағам айтпақшы, қолтықтасып, судай тасып, алшаң басып Қазақстан-Словения бизнес форумына бардық. Шарадан соң көлік шақырттық. Динара кофе ішемін деді. Содан өзіміз оқыған университет, оқытушылар туралы әңгімелестік. Қай жерден екенін, руын сұрадым. Руы Қыпшақ екенін, туған жері Ресейдің Славгород қаласы екенін айтты. Осы қаланың аумағында «Куатовка» деген ауыл бар екен. Ата-бабалары сол жерден. Ауылдың негізін қалаған да Динараның аталары екен. Көлік келді. Әңгіме де үзілді. Жұмысқа қайттық.

Кешке ауыз ашып болып, кітап оқып жатсам Ернар бауырым «Әй, мынаны оқыдың ба?» деп Kultoleu Mukash ағаның «Хорлан сұлудың ұрпақтары» деген жазбасын көрсетті. Оқып шықтым. Бұл дүниені ертеде бір оқыған едім. Бірақ, кім жазғанын, қайдан оқығаным есімде жоқ еді.

Мәтінді оқып болып, мына бір жеріне қайта үңілдім: «Жат қолындағы Құлынды даласының бір пұшпағын жайлаған Әйіптің әкесі Қуат та дәулетті кісі екен. Сол байлығының арқасы болар – орыстар ауыстырамыз деп келгенде қыруар малын шашып, ауылының атын сақтап қалады. Бұл мекен күні қазірге дейін «Село Куатовка» деп аталатын көрінеді». Содан «Дәл осы «Село Куатовка» туралы қайдан естідім» деп ойға баттым. Бірақ, ештеңе еске түспеді.

Ертеңінде де осы дүние ойымнан шықпады. Құлтөлеу ағаның жазбасын қайта оқып шықтым. Бұл жұмыс күні аяқталуға жақындап қалған шақ еді. Есіме Динара түсті. Оның да ата-бабалары «Куатовка» ауылынан екені, фамилиясы да Қуатова екені ойға оралды. Орнымнан атып тұрып, қарсыдағы кабинетке кіріп бардым.

– Динара, Естай мен Хорлан хикаясын білесің бе? – дедім үстеліне төне түсіп. – Білемін, – деп таңырқай қарады ол. – Қорлан менің әжем! – Мен онда Естайдың ұрпағымын!

Екеуіміз де қызарақтап барып, әңгімені жалғадық. Құлтөлеу ағаның жазбасындағы Хорлан ұрпақтарының суретін көрсеттім. «Менің туыстарым!» деп барлығын атап шықты. Осы кезде кабинетте отырған өзге қыздар қызығушылық танытып, мән-жайды сұрай бастады. Жаман орысшам мен қазақшамды араластырып, Естай мен Хорлан хикаясын баяндап бердім. Динара бұл хикая туралы еске алғысы келмейтінін, өзінің атасы мен әжесін Естайдан қызғанатынын айтты. Әрине, мұның моральдық тұрғыдан қиын екенін түсінемін. Бірақ, тарихтың аты тарих…

Содан кабинеттегі қыздарға «Бізді суретке түсіріңдер» дедім. Динара қызарақтап барып, зорға келісті.

Кабинеттегілерге Қаражар ауылында Естайға ескерткіш қойылғанын, оның ашылуына Хорланның ұрпақтары келгенін айттым. Сол кезде Хорлан ұрпақтарына «Атамыз бен әжеміз қосыла алмай кетті. Бірақ, екеуінен де ұрпақтар бар. Сондықтан сүйек жаңғыртайық. Маған берер қыздарыңыз болса, Естай атамның арманын орындауға әзірмін» деп айтқанымды жеткіздім. Динара одан әрі қызарақтап кетті. Отырғандар «Ендеше арманың орындалды!» деп ду күлді.

Жас жігіт атасының орындалмай кеткен арманына өзі жетіп, тарих үшін бәріне дайын екенін айтты.

Міне, Астананың төрінде Естай мен Хорланның ұрпақтары бірге жұмыс істеп жүр. Бір салада, бір редакцияда. Оларды кездестірген Құдайдың шеберлігіне қалайша таңдай қақпайсың, ә?!

Ал менің Хорлан ұрпағынан қыз алсам деген арманым орындалатын сияқты ма, қалай өзі…

Тарих үшін бәріне дайынмын!», – дейді  Фархат Қайратұлы желідегі жазбасында.

Дереккөз: sn.kz