Сәкен Майғазиев танымал журналистердің жағын сындыратынын айтты
2018 ж. 02 сәуір
15339
49
Сәкен Майғазеив соңғы посттарының бірінде: «Кейде, арзан атақтың артын жалаған арсыздар мен «хайптың» құлы болған қараңғылар, қазақтың түбіне жетеді-ау» – деп instagram-парақшасында жазба қалдырған болатын. «Музарт» тобының мүшесі бұл сынның кімдерге бағытталғанын ашып айтты.
Әнші әңгіменің әлқиссасын атышулы «Қалаулым» жобасын басқаратын журналист Шаһкерім Кәрменнен бастады.
«Солардың бірі – Шаһкерім. Асылдың сынығы, сондай керемет азамат Жәнібек Кәрменовтей қазақтың тұлғасының, қазақтың өнер майталманының ұлы сондай тірлік жасап жүрсе, қазақтың тілін олай насихаттамай қойсын. Қырғыздар көреді, өзбектер көреді дейді. Олай мазақ қылып көрмей-ақ қойсын бізді. Мен солай айтқан болар едім», – дейді Сәкен Майғазиев.
Сондай-ақ, өнер иесі Баян Алагөзоваға анайы сұрақтар қойып, танымал продюсерді тығыраққа тіреген Аман Тасығанға да өкпесі қара қазандай екенін жеткізді. Тіпті, журналистке арнайы қоңырау шалып, мұндай тақырыптағы сұхбаттарды тоқтатуын талап еткен.
«Мен барлығына қоңырау шалдым. Мен тек әлеуметтік желі арқылы ғана емес, тікелей өздеріне де хабарласып айтып жүрмін. Не деген бейбастық, қойсаңдаршы, қысқартсаңдаршы деп. «Сіздер түсінбейсіздер дегенге саяды. Онда тұрған не бар? Қазіргі заманның талабы сол» – дейді. Онда заманның талабы сол болса, құл болып кетейік. Ол деген санасыздық. Өнердегі жүрген әріптестеріме де айтқым келеді. Ертең ұл өсіресіңдер, қыз өсіресіңдер. «Ой, Сәкен аға да ақылды болып…» демеңіздер. Көрінген таудың алыстығы жоқ. Ертең немере көресіздер. Солардың барлығы сол істеген нәрсені қайталап жатса, барлық обалы өздеріңіздерге тиетінін ұмытпаңыздар», – дейді «Музарт» тобының әншісі.
Майғазиевтің айтуынша, Шаһкерім Кәрмен жетекшілік ететін «Қалаулым» бағдарламасы мен Аман Тасығанның «Talk like» жобасы қоғамның бұзылуына зор әсерін тигізіп жатыр.
«Баяғыда Тоқтар Серіков: «Кез-келген адам орамал тағып тұрған қыздан гөрі, жартылай жалаңаш қызға көзі жалт ете қалатыны заңдылық» – деп айтып еді. Нәпсі деген болады. Бізді азғырып жатыр да. Шайтанға әскер болсақ, біздің құрдымға кеткеніміз. Мен сүттен ақ, судан таза, пәкпін деп тұрған жоқпын. Бірақ соны саналы түрде біліп тұрып, қазақша жаман сөз бар енді «суға сындыру» немесе «суға бүлдіру» деген. Өз басым осыны барып тұрған үлкен надандық деп ойлаймын», – дейді Майғазиев.
Сәкен Майғазив бұл сұхбаты арқылы хайптың жетегінде кеткен жігіттерге соңғы ескертуін жасады.
«Бауырларыма айтқым келеді тағы да. Біз сияқты намысты азаматтарды, қол жұмсауға дейін мәжбүрлемеңіздерші, өтініш. Бір күні болмаса, бір күні намысты азаматтар жарылады. Жақтарыңыз сынып, аяқтарыңыз мәйіп болып жүрмесін. Тағы ескертемін. Әрине барлығы заңмен қорғалған. Бірақ мен бабамның әруағы үшін, Алланың разылығы үшін, мен ондай қадамға баруға дайынмын. Абай болыңдар жігіттер! Хайп деп жүріп, хайпқа құл болып кетіп жүрмеңдер», -дейді Сәкен.
Ақпарат көзі: Sn.kz