Индонезияда некеге дейін жыныстық қатынасқа түскендерді бес жылға соттамақ
2018 ж. 12 ақпан
3254
1
Индонезияның саяси партиялары жаңа қылмыстық жазалар жинағын қарап жатыр, ол некеге дейінгі жыныстық қатынас пен бір жынысты байланыс үшін жауапкершілікті қарастырады, деп хабарлады Lenta.ru порталы coconuts.co басылымына сілтеме жасап.
Порталдың хабарлауынша, жаңа заңға қарсы шыққандар жетерлік. Олардың қатарында некеге тұрмастан жыныстық қатынасқа түскісі келетін гетеросексуалды жұптар бар. Некеге дейін жыныстық қатынасқа түсу мен жұбайының көзіне шөп салу үшін бес жылға дейін түрмеге қамау ұсынылып отыр. Бәрінен бұрын ЛГБТ-ұйымдарының өкілдері қауіптене бастаған.
"Сонымен қатар, саясаткерлердің біршамасы алдағы сайлауда бұл жаңа заң мұсылмандардың назарын өзіне аудартып, дауыс берулеріне ықпал етеді деп есептеп отыр. Денсаулық сақтау министрлігі де гомосексуализмді психикалық ауытқушылық деп растайтын арнайы құжат шығаруға уәде берді", - делінген жарияланымда.
Айта кетейік, бұған дейін үкіметтің талабымен Google компаниясы индонезиялық гейлерге арналып жасалған онлайн-танысу сервисін өшіруге мәжбүр болды. 2013 жылы жүргізілген әлеуметтік сауалнамаларға сәйкес, елдегі мұсылман қауымның 72 пайызы ислам құқығы жағынан дүнияуи заңдарды ауыстыруды қолдайды. Индонезия халқының саны - 266 миллион (әлемде төртінші орында). Олардың 88 пайызы ислам дінін ұстанады. Сонымен қатар, Индонезия зайырлы мемлекет болып есептеледі.