Шешендерді қашан көрсең, тек өздерінің ана тілінде сөйлейді
2018 ж. 31 қаңтар
6058
7
Кеше дәріханаға кіргем. Төрт-бес адам кезекте тұр екен. Бір кезде дәріханаға төрт шешен кіріп келді. Өз тілдерінде сөйлеп, дәріхананы басына көтерді. Тым еркін, тіпті кейде шектен шыққан еркін халық. Есімде, бірде метроға бір шешен әйел кірді. Өз тілінде айқайлап сөйлеп, метродағы жиырма бес шақты адамның миын жалғыз өзі «қағып алды», құлақтарына шешен тілінің әуезін сіңіріп жіберді. (Әрине, қоғамдық ортада мазамызды алған әйелді жаратпадым. «Ішкі мәдениеті қалыптаспаған» десем де, ондағы рух еркіндігіне де көз жұмып қарай алмадым) Кейде құрбым екеуміз ауладағы мысықтарды тамақтандырамыз. Орыс әжей күн сайын мысықтарды екі рет тамақтандырады. Сондықтан бір-бірімізді жақсы танимыз. Бірде орыс әжей бірінші қабаттағы үйдің терезесін нұсқап: – Мына үйде шешендер тұрады. Алты баласы бар. Әйелі жетіншісіне жүкті, – деді. Кейде шешеннің алты баласы аулада ойнап жүреді. Бәрі өз тілінде сөйлейді. Мәскеуде орыс мектебінде оқиды, орыс балабақшасына барады. Бірақ қашан көрсең, тек өздерінің ана тілінде сөйлейді. Ресейдің құрамындағы мемлекет өзінің тілін, дәстүрін, мәдениетін сақтап отыр. * Мәскеуде түнімен қар жауды. Әлгінде далада, таза ауада біраз серуендедім. Ауа-райы -1-ді көрсетіп тұр. Өзеннің шеткі жағы ғана қатыпты. Үйректер көңілді, өзен үстінде ұшып, суға қонып, бір-бірімен ойнап жүр. Төрт жасар бала: – Мила, Мила, – деді қасындағы жетпістегі кісіге. – Әжесісіз бе? – деп сұрадым. – Иә. – Неге Мила дейді? – Білмеймін, – деп әйел иығын қиқаң еткізді. Және немересінің өзін атымен атағанына еш ренжімейтінін байқадым. Сосын біз Мила есімін талдап кеттік. Әйелдің айтуынша, грек есімі. Әйел жартылай орыс, жартылай грек екен. Біздің үй иесі Тоня әжейді де он алты жасар немересі «әже» демейді, Тоня дейді. Бұл, әрине, Тоня әжейге ұнамайды. Тоня әжей Шешенстанда туған, сонда елуден асқанша тұрған орыс. Өз айтуынша, оған Шығыс танымы, мәдениеті жақын. Екі түрлі менталитет, екі түрлі мәдениет, екі түрлі тәрбие...
Аягүл Мантай, Фейсбук парақшасынан