Мырзагелді Кемел: Қазақ тілінің мәртебесін күңірене берумен емес, нақты әрекетпен арттырайық
2017 ж. 25 шілде
2996
3
Facebook (қазақша - Фейсбук) – әлемдегі ең ірі әрі ең танымал әлеуметтік желі.
2004 жылы Марк Цукерберг өзінің серіктестерімен бірігіп негізін қалаған. Ол 23 жасында өзінің сайтының арқасында әлемдегі ең жас долларлық миллиардер болды.
2013 жылдан бастап бұл әлеуметтік желінің пайдаланушылар саны артып, 1,11 миллиардқа жетті. Сол жылы Қазақстан Facebook пайдаланушы 213 мемлекет ішінде 100 орынға шығып, әлеуметтік желіні пайдаланушылар саны 660 мыңнан асты. Сол жылы желі пайдаланушылардың саны 500 миллионнан асты. Содан бері қазақстандық желі пайдаланушылардың саны жылына 100 мыңнан аса адамға көбеюде.
Facebook әлеуметтік желісі жетіліп, байып, WhatsApp мессенджерін де 16 миллиард долларға сатып алған.
Facebook желісіне кіргеніме 2 жылдан асты. Содан бері талай қатысушыларды таныдым, шығармашылығына қуандым, сүйсіндім. Бірақ жаңа пайдаланушыларға содан бері бақылап келгендегі тәжірибемді бөліскім келеді.
Facebook-та ұдайы отыру қажетсіз, өте көп уақытыңыз кетеді. Үнді мен түріктің таусылмайтын сериалдарын көріп экран алдында тапжылмай отыратын кемпірлерден аумай қаласыз. Кейде басыңыз қатып, қашып кеткіңіз келеді. Қазақта «киебан» деген сөз бар. «Киесі бар, өзіне қарай тартады да тұрады» деген сөз. Махаббат та сондай киебан нәрсе. Бүгінгі махаббат – әлеуметтік желі. Абайлаңыз!
Сондықтан Facebook-ты дұрыс қолдануды үйреніңіз. Қазір басты парақты жеделдетіп бір аралап шығамын да, берік достарымның парақтарын мұқият (өзім белгілеген жерге дейін) қарап шығамын. Жаңа достар қосып отырамын. Суреті жоқ ұсынысты қабылдамаймын, ішінде тек суреттерін ғана ұсынатын «өзіне ғашық» адамдардан арылып отырамын. Өйткені мен өмірге өнеге боларлық сөз теремін. Оларды көптеп жинап қойғанмын. Оның ішінде екі тілде мәтіндер, өлеңдер, слайдтар, қысқа видеосюжеттер бар.
Осылай етуге күніне 30-40 минут уақыт бөлуге әдеттендім. Facebookтан басқа желілерді, интернет ақпараттарды қосқанда бір күнде 2 сағат уақытым кетеді. Оған өкінбеймін.
Бүгінде өзара сұхбаттасу азайған. Оған жұрт уақытын қимайды. Сондай жағдайда сұхбаттасып отырудың бір жолы – осы Facebook әлеуметтік желісі. Икемді, ыңғайлы. Бос сөздерді Луиза Хей ұсынғандай: «отпускаю». Сақталып тұрған мәтіндеріммен, жаңа пікірлеріммен бөлісемін, коммент жазамын, бірақ уақытқа орай жасаймын.
Сіздерге ұсынып отырған бұл мәтіндерімді қазақшаға аударуға уақыт тапшылығынан тоқтап, заман көшінен қалып бара жатқандықтан және осылардың ішінен талаптанған азамат болса, өзбетінше қазақшалауға жәрдем болсын деп жариялап отырмын.
Қазақ тілінің мәртебесін күңірене берумен емес, осылайша әркім қолынан келгенін жасау арқылы арттыра түсеміз. Өзара сұхбаттарда президенттен тартып өз балаңа дейін сынап күңкілдейтін «тротуарный патриотизм» мен «кухонный патриотизмнен» арылып, қарекетке көшелік.
Сергей Есенин деген орыстың Мұқағалиы: «Я собираю пробки, Душу мою затыкать» дегенде арақты емес, «жанымның қалауын қанағаттандыру үшін аласұрамын» деген ойды айтқан. Эйнштейн: «Мамандығым қандай?» деп өзіне сұрақ қойып: «Натурщик» деп жауап берген. Біздікі де соған келеді. Өзіңнен жақсырақ, мазмұндырақ айтылып жатқан сөзге натурщик болып, сұлуға сүйсініп, полотноға түсірген суретшідей, әрі қарай ұзатып отыру да – қызмет. Осы ұсынылып отырған өнеге боларлық ойлар Сіздерге қызмет етсін деген ғана ниет. Оқысаңыз – мархабат. Оқымасаңыз өкпе жоқ.
Мырзагелді Кемел, Фейсбук парақшасынан