Серік Жанболат - Тәуелсіздік дегеніміз ең алдымен ақша екен
2017 ж. 24 ақпан
5642
0
Пәлі, мен тағы бір жаңалық аштым. Ертеде, тәуелсіздік алмай тұрғанда, тәуелсіздік - ең алдымен қазақ тіліне байланысты деп ойлаушы едік.
Сөйтсек, қазақ тіліне тәуелсіз болып та тәуелсіз өмір сүруге болатынын көріп отырмыз. Бүгінгі күннің шындығы осы ғой.
Ал, менің жаңалығымның мәні неде дерсіз? Сонда: тәуелсіздік дегеніміз ең алдымен ақша екен. Ақшаң көп болса, тәуелсіздікке де тәуелсізсің. Аяғыңды алшаң-алшаң басып, аспанға шырт түкіріп қойып, ішкенің - алдыңда, ішпегенің - артыңда, кеткің келсе - кетіп қаласың, келгің келсе - келесің, Абай атам айтпақшы семізді байлап, сұлуды жайлап, қу құлқынның қамымен тірлік кешесің. Барлық мәселені ақшамен шеше саласың. Қарын мен құлқынға ғана тәуелдісің. Ол, бірақ, өз меншігің ғой. Мылқау болса да байдың ұлы сөйлесін. Ал, сіздер, қалтада көк тиын жоқ, тәуелсіздік, тәуелсіздік деп шырылдайсыздар келіп.
Ақшасы жоқ адам тәуелсіз бола алмайды екен.
Бәсе, неге бұлардың есі-дерті ақша деймін ғой. Сөйтсеееем, тәуелсіздікке ұмтылады екен. Міне, парадокс, міне қайшылық керек болса. Келісесіз бе?
Серік Жанболат,
Facebook парақшасынан