Астана тұрғыны қала әкімін ұлтшыл, халықшыл болуға шақырды
2017 ж. 22 қаңтар
2233
0
Астана, 22 қаң - qazaquni.kz. Астана қаласының тұрғыны Төлен Тілеубай қала әкімі Әсет Исекешевті ұлтшыл, халықшыл болуға шақырды. Бұл туралы qazaquni.kz порталының тілшісі хабарлайды.
Елорданың қатардағы қарапайым тұрғыны ретінде Сізге бір ұсыныс айтқым келеді. Сізді жұрт шенеунік деп біледі. Өте іскер, шаруақор екеніңізді министр болған кезіңізде дәлелдеп бердіңіз. Енді Сізге ұлтшыл, бұқарашыл, халықшыл әкім атануға бір керемет мүмкіндік туып тұр.
Күнтізбеге қарасаңыз бүгін 22 қаңтар. Шығыс халықтарының ең ұлық мейрамы - Ұлыстың Ұлы күніне тура 2 ай уақыт қалды. Алайда... ажарлы Астананың көрікті көшелерінде әлі күнге дейін "Жаңа жылыңызбен! С Новым годом!" деген жазулар жыпырлап тұр.
Сізге дейінгі әкімнің орынтағына отырғандар Жаңа жылға 2 ай бұрын жанталаса дайындалатын-ды. Көшелер мен алаңдарға үлкен-үлкен жазулар жазылып, елорда ерекше кейіпке енетін-ді. Бірақ Наурызға бір апта қалғанда ғана "Наурыз құтты болсын!" деген елеусіз жазулар ілінетін. Осы көзқарасты түзетуге Сіздің мүмкіндігіңіз зор», - дейді астана тұрғыны.
Астананы Наурыз мерекесіне осы бастан дайындап, безендіруге кіріссек деген ойын жеткізген ол:
«Бұл ұлт үшін ең ұлықты, ұлы іс! Бұл әрі жаңашыл, әрі қазақы рухты, өз еліне, туған халқына жаны ашитын адамның әрекеті болмақ. Бір ғана мысал. Қазіргі Премьердің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Шымкентте әкім болғанында Наурызды 9 күн бойы тойлау туралы шешім шығарды.
Оның бұл шешімі тек әкімге ғана емес, күллі оңтүстік жұртына зор абырой әкелді. Ұлт мұратына адал қызмет ету жолында Сізге де сондай бедел, абырой тілеймін! Құрметпен, Төлен Тілеубай, Астана.», - деп жазған өзінің фейсбук парақшасына.