Шындықты айта алмаған әрбіріміз «рухани қылмыскерміз»
2016 ж. 01 мамыр
7399
25
Мен Мәскеуге келген кезде Үлкен театрдың бишісі Николай Цискаридзенің театрдан кетуі орыс қоғамында үлкен оқиға болып саналды. Фанаттары митинг өткізіп, биліктен Цискаридзенің кетпеуін талап етті. Бұл – Мәдениет министрлігінің, театр басшыларының бассыздығына қарсылық еді. Біздің елде халық жерін қорғап, митинг өткізсе, оны да «қылмыс» санайтындар бар. Бұл – өзін-өзі қорғау реакциясы ғой. (Рас, бұдан кейін сыртқы күштердің осы істі пайдаланып кетуінен бәріміз де қорқамыз. Бәріміз де елде тыныштық болғанын, бұл мәселенің халықтың пайдасына бейбіт түрде шешілгенін қалаймыз). Халықта сыртқы күштерден қорғану реакциясы билік пен халықтың арасында ашық диалог болған кезде пайда болады. Егер билік өзіне үлкен «Қытай қорғанын» тұрғызып алып, "елшілікке" шоумен-депутаттарды жіберсе, қайдағы диалог? Ойбой-ой, онсыз да отандық телеарналардан күнде «таңғажайып шоу» көретін жұрттың жүйкесі әбден жұқарған. О баста біздің қоғамның сыртына шыққан жарасы ішке түсіп, ұлғайып, іріңдеп кетті. Ішке шыққан жараның жазылуының қиын екенін бәріміз де білеміз. Қоғамды кері кетіретін бір нәрсені білсек, айтпаймыз, жазбаймыз, өйткені, қорқамыз ( біреуде табиғи қорқақтық, енді біреуде жұмысымнан айырылып қаламын деген үрей т.б.), болмаса, анау Қасым Аманжолұлы бар ғой, Мұхтар Тайжан бар ғой, солар айтсын деп біреуге ысырып қойып, қарап отырамыз. Шындап келгенде, шындықты айта алмаған әрбіріміз «рухани қылмыскерміз». «Жер сатылмасын!» деп өзінің азаматтық позициясын білдіре алмаған әрқайсымыз «рухани қылмыскерміз». Француз жазушысы Эмиль Золяның «Мен айыптаймын» деп басталатын «Дрейфус ісіне» байланысты хаты бар. Мен Золя емеспін, ешкімді айыптамаймын! Тек мен әр қазақтың «самокритикасы» болғанын қалаймын. Сонда қоғамды өзгерте алатын интеллектуал жастар өсіп шығады. Жер сатылмаса екен!!! Әйтпесе, сыртқы күштер айтақтамай-ақ, билікті халықтың өзі айыптайды. Құдайым қазақты тыныштығынан айырмасын!!!
qazaquni.kz