Әйелдер адалдығы мен корольдың сертке беріктігі арқасында аман қалған еркектер

Әйелдер адалдығы мен  корольдың сертке беріктігі арқасында аман қалған еркектер

Қызды еркінен тыс алып қашу дегенді өз басым бойдақ күнімнен қабылдай алған емеспін.

2-3 рет сондайдың алдын алдым немесе тоқтатып қызды қайтардым..

Құқықтану сабақтарында оқушы қыздарыма "Егер зорлыққа тап болсаң, табалдырыққа жатқан кемпірге "Өз қызыңның басына келсе қайтесің?-деп үстінен аттап кет. Аяғыңа жармасса теуіп кет" дейтінмін..

"Алып қашу" деген жабайы әдеттің 21 ғасырға дейін ішінара сақталғаны өкінішті..

Тіпті президенттің аузымен айтылды..

Мұның бәрі тәрбиеден ғой..

Қазақта "Ит опа, қатын жапа" деген сөз бар. Жеңілтектеу қатынына ренжіген бір атамыз күйіп кеткенде айтса керек..

Ал есті аталарымыз әйелге ренжігенде "Әйел десем әжеме тиеді" деп тісін шықырлатқан.

Еуропа жұртында тарихқа «Вейнсберг әйелдері» деген атпен кірген қызық оқиға бар.

«Әйел адалдығы» (Weibertreue) қамалы туралы аңыз

1140 жылы Германия королі Конрад III Вейнсберг бекінісін қоршауға алады. 

Бекіністегілер қатты қарсыласып, корольді біраз шығынға ұшыратады.

Ұзаққа созылған шайқастан кейін бекініс қорғаушылары берілуге мәжбүр болады.

Қаһарланған король қамалдағы ер адамдардың көзін жоюды ұйғарады.

Алайда, ол әйелдерге мейірімділік танытып, олардың қамалдан аман-есен шығуына рұқсат береді. 

Король әр әйелге «өзімен бірге ең құнды деген дүниесін иығына салып алып шығуға» рұқсат етеді.

Король мен оның әскері әйелдер алтын-күміс немесе бағалы бұйымдарын арқалап шығады деп күткен еді. 

Бірақ қамал қақпасы ашылғанда, олар таңғаларлық көрініске куә болады.

Әйелдер өздерінің жаралы немесе аман қалған күйеулерін иықтарына салып, арқалап шыға келеді.

Корольдің маңайындағылар бұл «қулыққа» ашуланып, уәдені бұзуды талап еткенімен, Конрад III «Корольдің аузынан шыққан сөз ешқашан өзгермеуі тиіс», – деп жауап береді.

Осылайша, әйелдердің адалдығы мен тапқырлығы ерлерінің өмірін сақтап қалған екен.

Бүгінгі таңда Вейнсберг қаласындағы сол бекіністің қалдықтары сақталған. Ол ресми түрде «Weibertreue», яғни «Әйел адалдығы» деп аталады.

Бұл оқиға адалдық пен ерліктің символы ретінде тарихта қалды.

Бұл оқиға "Отырар" қырғынынан 80 жылдай ғана бұрын болған ғой.

Егер Шыңғыс хан да осылай істегенде Орталық Азияда әйелге деген көзқарас басқаша болар ма еді?

Өмір Шыныбекұлы,

Фейсбук парақшасынан