Шеварнадзе грузин тілінің мәртебесін қалай қорғап қалды?!.
2024 ж. 22 ақпан
16086
1
Бүгін халықаралық ана тілі күні екен. Есіме Тбилисиде оқып жүргенде Грузияның екінші президенті Эдуард Шеварнадземен жасаған сұхбатым еске түсі. Ол Грузияда Ана тілі күні қалай пайда болғанын айтып берген.
Совет одағы кезінде орыс тілі жаппай «ұлтаралық қатынас тілі» ретінде дәріптеліп, «мемлекеттік тіл» ұғымы болған жоқ. Тек Грузия, Азербайжан, Арменияда ғана ана тілдері 1920-шы жылдан мемлекеттік тіл саналатын. 1978 жылы КСРО Конституцияның жаңа жобасы ұсынылып, Мәскеу кавказдық тілдерді де бір «сілкіп» алғылары келеді. Яғни, жаңа норма бойынша орыс тілі қолданысқа еніп, грузин тілі де мемлекеттік тіл мәртбесінен айырылмақ.
Бұл уақытта Шеварнадзе – Грузия бірінші басшысы (КП ОК 1-ші хатшысы). Мәскеуде грузин тілі мәртебесін сақтап қалу бойынша келіссөздері еш нәтиже бермей, Тбилисиге салы суға кетіп, оралады. Енді елде күрес басталатындығына сенімді еді. Расында да, көп ұзамай, зиялы қауым, ең алдымен грузин жазушылары наразылық білдіріп, жобаны қатты сынға ала бастайды.
Ақыры жаңа Конституцияға дауыс беретін, оның ішінде грузин тілі мәртебесі қаралатын Жоғарғы кеңес отырысы өтеді.
- Тіл мәселесін күн тәртібіне ең соңғы етіп қойдым. Қандай реакция болатындығын ішім сезеді. Маған ең жақын отырған орынбасарым Генадий Колбин келіп түскен хаттарды жолдап отырды. Алғашқы қағаз: «Жастар университеттен осы жаққа бет алды». Екіншісі: «Профессорлар наразы», үшіншісі: «Студенттер Опера театрына жақындады», төртінші қағаз түскен жоқ. Сырттан көпшіліктің «Дедаена!» («Ана тілі!») деген жан айқайы келіп жетті... Мен баяндамамның соңында: «Конституция жобасында грузин тілінің мәртебесі жойылып кетті», - дедім.
Сосын әрі қарай: «Грузин тілінің мәртебесін сақтауды ұсынамын!» - деп аяқтадым. Барлығы ду қол шапалақтады. Көзіне жас алмаған адам қалмады. Осылай 15 минут жалғасты, - деген Шеварнадзе. Ол сөзін аяқтай сала далаға митингке шыққан мыңдаған адамдарға қосылады.
- Көшеге шықтым да: «Ағайындар, мемлекеттік тіл - грузин тілі!» дедім. Қалың жұрт менімен ере жүрді. Ақыры біртіндеп ел тарқады. Мен қайта Парламент ғимаратына келсем, айнала - қаптаған танкілер. Мен таң қалдым. Маған: «Танкілерді үкіметті қорғау үшін алдырды» деп жеткізді...
Сөйтіп, грузин тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі сақталды. Осыдан кейін Армения тіл мәртебесін қалпына келтірді. Ал қалған кеңес елдеріндегі ана тіліне қатысты жағдай өздеріңізге мәлім», - деп әңгімесін аяқтаған қарт саясаткер.
Кейбір деректер бойынша, Шеварнадзе сол кездегі КСРО Бас хатшысы Леонид Брежневті телефон арқылы грузин тілінің мәртебесін сақтауға көндірген. Енді біреулер ол өзі ана тілі үшін митингіге шыққандар жағында болған деседі.
Қалай болған да, грузин тіліне де, төл жазуына да содан бері ешқандай қауіп төнбеді. Грузияда қазір ана тілін білмейтіндер мүлдем жоқ.
Ал 1990 жылдан бері олар 14 сәуірде Ана тілі күнін атап өтеді. Бұл ана тілі ұлттың билігі мен азаматтарын біріктіретін сакральды күш екенін дәделдеген 78-ші жылғы оқиға құрметіне белгіленген.
Фото: Э.Шеварнадзенің Тбилисидегі үйінде, 2008
Айжан Көшкенова,
Фейсбук парақшасынан