Тоқаев Путин агрессиясына әлем алдында толағай тойтарыс берді - Смағұл Елубай
2022 ж. 22 маусым
29853
2
Сөзсіз, Путин өз достарының ішінен халықаралық Форум төріне Тоқаевты отырғызғанда Қазақстан басшысы оның Украинаға қарсы қанды қырғынын ақтауға үлес қосады деген үмітте болса керек. Алайда Қазақстан Басшысы айдай әлем алдында Украинадан бөлініп жатқан Донецк мен Луганск республикаларын мойындамайтынын ашық айтты. Путин агрессиясына әлем алдында толағай тойтарыс берді.
Сондай-ақ, соңғы айларда жала жауып Қазақстан жағасына жармаса берген Ресей депутаттары мен журналистерін де бір ауыл сөз-соққымен нокаутқа жіберді. Тоқаевтан бұл мінезді, бұл соққыны күтпеген Путин айдай әлем алдында кірерге тесік таппай тықыршыды. Өйткені ол интеллигент Тоқаев бұндай фокус көрсетеді деп күтпесе керек. Қасым-Жомарт көрсетті. Украинаны қорғап шықты. Қазақстан басшысы екі оттың ортасында қалса да қаймықпай әділет жағына шықты. Қысқасы кеше әлем алдында әділетсіз Путин төрінде Қазақстан басшысы сөйлегенде әділет туы желбіреп тұрды. Соған бүкіл Батыс, Украина қол соқты.
Кремль қол соққан жоқ. Бірақ шуылдақтарын іске қосып көпұзатпай қырғын соққы берері хақ Қасым-Жомарт Кемелұлына.
Әділет туын ұстап тұру дегеннің қаншалықты қиын екенін көрдік кеше, әсіресе, үлкен саясатта! Өйткені, Әділет Туын жыққың келмесе жағаласар жау да табасың, қияметтік дос та табасың! Қалайда кәрі тарихтың кешегі парағына әлемдік саясатқа Қазақстан атты жарқын жүзді жаңа ойыншының келгені жарқырап жазылды деп білеміз.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік денгейдегі ірі саясатшы екенін досына да, жауына да мойындатты деп білеміз!
Ендігі жерде Қазақстанға Құдайдың назары түзу болғай деп тілейміз!
Смағұл Елубай,
Фейсбук парақшасынан