Белгілі заңгер Назарбаев ескерткішін құлатқан жігітті полицейлер қалай азаптағанын айтып берді

Белгілі заңгер Назарбаев ескерткішін құлатқан жігітті полицейлер қалай азаптағанын айтып берді

    Қазір қалың ел Талдықорған қаласында қамауда отырған Азамат Батырбаевтың тағдырына алаңдаулы екені белгілі. Күні кеше, 02 ақпан күні, біздер, Аманат комиссиясының мүшелері, Талдықорған қаласының тергеу изоляторында болып, Азаматпен жүздесіп, тілдесіп, оған қатысты іс құжаттарымен танысып шықтық. Азаматқа елдің алаңдап, тілегін тілеп отырғанын жеткіздік. Бірден басын ашып айтарымыз, Азаматты сабағандары да, қорлағандары да, азаптағандары да, үтік басып қинағандары да рас! Өз көзімізбен көрдік, өз аузынан естідік.

    Оның нәтижесі бойынша біз – комиссия, екіұдай ойда қалдық, қысқаша ретімен баяндайтын болсақ, картина былай: 

1. 10 қаңтар күні Азаматты және 7 ауылдасын полиция қызметкерлері Қапал ауылынан ұстап, Талдықорғандағы полиция Департаментіне (ДВД) алып келген. Сол жерде 1 тәуліктен астам уақыт оны ұрып-соғып азаптаған, арқасына ыстық үтік басқан.

2. 11 қаңтар күні полиция қызметкерлерінің өздері жедел жәрдем шақырып, Азамат 9 күн ауруханада жатып ем алады.

3. 20 қаңтар күні ауруханадан шығып (!), ауылына кетеді.

4. 22 қаңтарда денсаулығына қатты зақым келуі себепті, емделу үшін Алматы қаласына баруға дайындалып отырғанда оны қайтадан полиция Департаментіне шақырып, жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқансың деп, қайта ұстайды.

5. Сол күні қалалық ішкі істер Басқармасының ИВС-ында, полиция департаментінде азаптаған, әзірге жеке бастары анықталмаған полицейлер келіп, Азаматты тағы сабайды.

6. Кейін оны Талдықорған тергеу изоляторына ауыстырған. Жалпы тәртіп бойынша, тергеу изоляторына қамауға алып келгендердің үсті басын тексеріп, жарақаттар бар жоғын қарайды, бұл міндетті шара. Азамат алғашында өзін ұрып соғып, азаптаған полицейлерге арыз жазудан бас тартқанымен, сол кезде Азаматтың дене жарақаттарын көрген прокуратура органдары 26 қаңтар күні бұл жағдайды тергеп- тексеру үшін Антикорға жолдаған.

7. 28 қаңтар күні Антикор бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 146 бабының 1 бөлігімен, яғни азаптау бабымен қылмыстық іс қозғайды. 

    Бұны тәптіштеп жазып отырғанымыз, Азаматтай батырымыздың тағдырына алаңдаулы еліміздің, қайта қайта Азаматтың жағдайын сұрап жатқан ағаларымыздың алдындағы Аманат комиссиясының алғашқы есебі деп біліңіздер.

    Енді бұл не өзі? Бұл өкінішке орай, құқыққорғау қызметкерлерінің әдетіне айналған, айыптан тайып қолдарына түскен, тырнақтарына іліккен адамдарды ұрып-соғу ма? Азаматтан қандай да бір өш немесе кек алу ма?

    Жоқ, біздің ойымызша, бұл нағыз халыққа жасалған қастандық. Бұл әрекеттерді ол адам бейнесіндегі айуандар, Азаматқа тән жарасын жасау үшін жасаған жоқ, бұны олар Халыққа жан жарасын салу үшін жасаған! Бұл Азаматты сабау емес, бұл бүкіл калың елді сабау! Бұны жасағандар кімдер, қандай пиғылмен жасады, кімнің бұйрығымен жасалды, оны тергеушілер анықтай жатар.

    Бірақ, біздің пайымдауымызша, бұл осынау еліміздегі орын алған сын сағатты пайдаланып жасалып отырған нағыз диверсия, нағыз арандатушылық. Мақсат не? Біздіңше, мақсат елді ашындыру, халықтың наразылық температурасын көтеру. Әрине, бұл жазып отырғанымыз болжам ғана. Бірақ, біздің осы болжамымыздың шындыққа жанасатынын дәлелдейтін бірнеше көзге ұрып тұрған мәселе бар. Неге Азамат, неге басқа ұсталғандар емес деген сұрақ туады. Оның жауабы ел арасында да, әлеуметтік желіде де тап осы Азаматты Назарбаевтың ескерткішін құлатқан деген әңгіме көп тарап жатыр, яғни Азамат ескерткішті ғана емес, режимді құлатқан символ іспеттес боп тұр. Басқа адам азапталса көп оқиға арасында көзге түспей қалуы мүмкін, ал мына ән, басқа әннен өзгерек...   

    Әншейінде қолдарына бір түскендерден оңайшылықпен айырыла қоймайтын полицейлер неге оған бірнеше күн әуелі ауруханада, содан кейін үйінде болуына, денесіндегі азаптау іздерін емін-еркін фотоға, видеоға түсіріп, кейіннен оны әлеуметтік желіге таратуға мүмкіндік бере қойды? Тек содан кейін ғана, азаптаулардан 11 күн өткен соң қамайды? Және қамардың алдында Азаматтың тән жарасы жазылып кетпесін, азаптауларды ұмытып кетпесін дегендей, тағыда бір жақсылап тұрып сабап алады. (Азамат өзі батыр тұлғалы, өр мінезді жігіт екен. Батыр әдетте аңғал, кең пейілді болып келеді ғой. "Бас жарылса бөрік ішінде" - деп жүре беретін. Азаматтың, әп дегеннен ешкімге арызданбағаны да содан болар)     

    Әрине, арыстай азаматымыздың арқасына ыстық үтік шыжғырып азаптау кім-кімнің де ашу ызасын тудырары анық. Бақай есеп сонда жатса керек.

    Сондықтан, Аманат комиссиясы, Қазақстан Республикасы Президенті Токаев мырзадан осы оқиғаны жан жақты тексеруді жеке бақылауына алуды сұраймыз!

    Айтпақшы, тағы бір айта кететін жәйт, күні бүгінге Азамат бауырымызға қатысты Назарбаев ескерткішін құлатты деп қылмыстық іс қозғамаған, ондай айыптау жоқ. Әзірге жоқ. Кейіннен пайда болып жатпаса.

    Бірақ, егер кейіннен осындай айып тағылған жағдайда, ол үлкен қате болатынын билікке ескерткіміз келеді. Баяғы Советтер заманында, бір кемпірдің үйінің төрінде ілулі тұрған " мұртты көсем" Сталинның портреті, шегесі осал болды ма, жібі әлсіз болды ма, әйтеуір, жерге құлап күл-талқаны шығыпты. Содан әлгі кемпірді Сталин жолдасты қаскөйлікпен құлаттың, халық жауысың деп соттаптымыс. Егер, Азаматты Назарбаевтың ескерткішін құлаттың деп соттаса, тура осының кері болады.

    Комиссия облыс прокуроры алдына Азаматты босату туралы өз ұсынысын енгізді.

Абзал Құспан, 

Фейсбук парақшасынан