Бейбіт болашақ үшін баршамыз жауаптымыз

Бейбіт болашақ үшін баршамыз жауаптымыз

Соңғы бес күндікте республика аумағында орын алған саяси жағдай еліміздің тұрақтылығына, біртұтастығына қауіп төндіруде. Жас отбасы, жас ана, тұрақты жұмыспен қамтылған қызметкер, қарапайым қоғам мүшесі ретінде бұл жағдай мені ерекше алаңдатады. Әуелде бейбіт шеру ұранымен басталған ел қозғалысы әп-сәтте арам пиғылды, лаңкестік топтардың араласуымен Отанымыздың бейбіт азаматтарының өліміне ұласқан қантөгіс алаңына айналды. Халық ішіндегі үрейді, келтірілген материалдық шығынды айтпағанда, тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі тоқтап қалды. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт шерудің билікке қойған бастапқы талаптарын қанағаттандыру мақсатында бірқатар оңтайлы шешімдер қабылдады және билік пен халық арасындағы «қолжетімді диалог» үлгісін көрсетті. Лаңкестік шабуылдар орын алған бірқатар қалаларда ел тыныштығын қамтамасыз ету үшін де елеулі шаралар басталып кетті. Алайда бұрынғы қалыпты өмірге қайта оралу үшін уақыт, қаржы қажет болатыны анық. Ең өкініштісі, бұзақылық, себепсіз шабуылдар мен өзгенің мүлкіне зиян келтіру ел ішінде әлі де құқықтық сана, құқықтық мәдениет сынды түсініктердің бекімегендігін білдіреді. Бейбіт болашақ үшін баршамыз жауаптымыз. Балаларымыз Тәуелсіз мемлекетте алаңсыз өмір сүруі үшін сын сағатта Президентті қолдауға шақырамын!

Зарипа АДАНБЕКОВА, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің аға оқытушысы