Сбер деген "Зверь" қазақтың тәуелсіздігін жеп қоймасын
2021 ж. 25 қазан
13005
0
Қазақстанның Ресеймен СБЕР келісімін "платформаны жаңарту, озық үлгіде жасау" деп ақтау ақымақтық негізі. Ресей IT технология саласында көшбасшы емес, мысалы 2021 жылдың мамырында жарияланған Euler Hermes компаниясының рейтингіне сенсек, Ресей цифрландыру саласында 115 елдің ішінде 38 орында қисайып жатыр екен. Яғни үздік 30-дыққа да кіре алмапты. Ойбай-ау, "дамыған 30 елде боламыз" дейтін Қазақстан үшін, 30 жылдық тәуелсіздігін тойлау қарсаңында 30-дықта жоқ елмен келісім жасау ұят емес па, деген пікірін желіде Асхат Қасенғали жазған екен.
Мысалы, Эстония, Литва мен Украина бұл салада көшбасшы саналады. Олар Оңтүстік Корея, Тайвань, Сингапур, АҚШ, Израиль сынды алпауыттармен иық тіресіп тұр. Үшеуі де "Халықтар түрмесінен" босап шыққан елдер. Менің ойымша бұл үшеуі жаңағы біз ұсынып отырған 500 млн долларға қуана-қуана келісім жасар еді. Аспанға секіріп тұрып, жетіп келетініне күмәнім жоқ. Жарты млрд долларға Сингапур мен Израиль, АҚШ пен Оңтүстік Корея да келіседі. Жарты млрд жасыл ақша жерде жатқан жоқ. Бірақ олармен келісім жасалмайды, осының өзі жобаның саяси сипаты молын аңғартса керек.
Қазақстан мен Ресейді алып қарайықшы.
Қазақстан өзін көпвекторлы ел деп жариялаған және әлем елдерінің бірде-біреуімен қақтығысқа түспеді. Осы арқылы бізде маневр жасау мүмкіндігі көп. АҚШ-тан киім, Еуропадан азық-түлік, Израильден қару, Қытайдан құрылыс заттары, Жапониядан жаңа технологиялар, Ресейден ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алуымызға болады. Заңдық тұрғыдан кедергі жоқ. Және біздің маневрымызды шектейтін халықаралық шектеулер де жоқ. Санкция, эмбаргоны айтамын.
Ал Ресей ше? Аяқ-қолы матаулы ел. Өзінің агрессиялық әрекетімен халықаралық құқықтың бәрін таптап, санкцияның астында қалды. Біреудің жерін тартып алды, бір елге соғыс ашты, үшінші елдің сайлауына араласып, хакерлік шабуылдар жасады. Сондықтан оны әлемдік қауымдастық түрлі мүмкіндіктен айырып жатыр, оның ішінде жоғары технологияларға қол жеткізу мүмкіндіктерінен де. Және менің ойымша Батыс пен Ресей арасындағы конфронтация артады, яғни шектеулер де көбейеді. Оның ішінде IT саласына да. Ертең Батыс пен Ресей арасындағы қырғи-қабақтық күшейген сәтте, киберсоғыс қыза түссе ше? АҚШ пен Еуропа Ресейдің ол соғыста бұтын бұт, қолын қол етеді ғой. Оның ішінде "супер платформаларын" да аямайды. Өйткені Батыс IT бойынша алды. Сол кезде зар еңіреп отырмайық.
Әрине, мен IT саласының маманы емеспін. Былайша айтқанда қақпаймын. Бірақ бұл келісімге қарсымын (ол қарсылығым түк шешпейтінін де білемін). Еуропаға күнде хакерлік шабуыл жасайтын елмен цифрлық сала бойынша келісім жасау нонсенс. СБЕР-ің ақпараттық қауіпсіздік саласын жеп қоятын зверь боп жүрмесін...