Өтіріктің құйрығы бір тұтам
2021 ж. 20 қаңтар
4678
3
Соңғы кездері елімізде әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттарда әйелдер мен балаларға қатысты жасалып жатқан зорлық-зомбылық деректерінің өршіп кеткені жөніндегі мақалалар жиілеп кетті. Корона індеті басталғалы бері бала зорланды, әйел таяқ жеді деген сарындағы мақалаларды тіпті күнара оқитын болдық. Мұндай ақпаратты жиі кездестіргеннен кейін, қатардағы қарапайым оқырманның көңілінде “елімізде жағдай шынымен де соншалықты мүшкіл ме” деген заңды сауал туындайды. Тек кәсіби лоббидің қалай жұмыс жасайтынын білетін азаматтар ғана ақпараттық кеңістікті мұндай жаңалықтармен толтырудың астарында қандай да бір жымысқы саясаттың жатқанын аңғаруы мүмкін. Соңғы бірнеше айда аузын айға білеген жаһандық адам құқығымен айналысатын институттар да бірінен соң бірі отбасында жасалатын қылмыстың саны күрт артты деп том-том есеп жариялап әлек бола бастады. Демек мұндай жасанды шу белгілі бір батысшыл топтардың мүддесі үшін қажет болып отыр.
Елімізде мұндай арнайы тапсырыспен шығарылатын мақалалардың бір парасы Не молчи kz деп аталатын қоғамдық қордың жетекшісі Дина Смаиловаға тиесілі. Дина ақпараттық сайттарда белсенді, пікірі өтімді. Ақпараттық ресурстарда ол дүркін-дүркін таяқ жеген талай келіншектің мұңы туралы баяндап, өзінен кәнігі Атымтай Жомарттың имиджін жасап алды. Бірақ белсенді онымен тынбады. Дина Смаилованың көздеген түпкі мақсаты зәбір көрген келіншектердің мүддесі емес, парламент арқылы батысшыл заңдарды енгізу болып шықты. Ал, Динаның артында осы батысшыл қордың қызметін құптайтын белсенділердің үлкен армиясы тұрғанын ұмытуға болмайды.
Әлбетте, қордың діттеген мақсаты ізгілікке толы. Өзі де зорлық-зомбылықтың құрбаны болған Дина Смаилова кітап жазып, күйеуінен зәбір көрген келіншектердің, ата-анасынан әлімжеттік көрген жасөспірімдердің құқын қорғап жүр. Дина қарындасымыз осындай алпыс шақты кейсті жиып-теріп парламент қабырғасына әкелген. Бірақ алпыс кейстің болуы елдегі жағдай анау айтқандай ушығып бара жатыр деуге еш негіз бола алмайды. Дина Смаилова балалардың, әйелдердің қоғамдағы мүшкіл халін алға тарта отырып “Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы” заңды бірінші оқылымда құптаттырып алды. Алайда, Динаның соңынан ерген көпшілік бұл жерде бір қулықтың барын ескермеді де. Өйткені, лоббист азаматша халықтың эмоциясын пайдалана отырып және статистиканы ойната отырып, елдегі жағдайдың мүлдем ушығып бала жатқанын жиі айта отырып, көпшілікті өз сөзіне сендірді. Қысқаша айтқанда халықты және парламент депутаттарын алдады.
Құзіретті органдар Дина Смайлова келтіріп отырған сандардың мүлдем шындыққа жанаспайтынын алға тартады. Нақты статистикалық мәліметтер елімізде әйелдерге қатысты жасалған қылмыстың саны біртіндеп азайып келе жатқанын алға тартады. Мәселен, 2018 -жылы елімізде 144 әйел кісі қолынан қаза болса, 2020 -жылы бұл көрсеткіш 105 дерекке дейін төмендеген. Әйелдерге қатысты зорлық - зомбылық фактілері жыл сайын төмендеуде. 2016 - жылы мұндай 124 298 факті тіркелсе, 2020 -жылы 63 297 дерек қана есепке алынған. Сонда қылмыс саны екі есе азайды деуге болады. Бұл деректер кімнің жалған сөйлеп отырғанын нақтылап берсе керек. “Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы” заң шын мәнінде балалардың мүддесін қорғауды ғана көксеп отырған жоқ, батыстың бала тәрбиесіндегі нормаларын сіңіруді мақсат етіп отыр. Сондықтан қоғам болып мұндай бей-берекетсіздікке қарсы тұрайық.
Махамбет Ерғали, Фейсбук парақшасынан