Ұстаз – ұлы тұлға

Ақырын жүріп,анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық қылған жалықпас Үйретуден балаға,  - деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз - балаға өз білімін, өмірлік тәжірбиесін, ар-ұятты, мейірімін, жан дүниесін, шәкіртінің бойына мейлінше сіңіретін биік тұлға. Ұстаз болу – әркімнің қолынан келе бермес адамзат алдындағы ұлы миссия. Себебі, ол өскелең ұрпақтың жарқын болашағына жауапты. Мектептегі ұстаз балаға жеке адам, тұлға ретінде қарауы тиіс,өйткені оқушы үлкен өмірге нық сеніммен қадам басу үшін, мектеп қабырғасында өз бойындағы барлық потенциалын ашу керек. Осы орайда ұстаз әрқашанда шәкірттері үшін үлгі тұлға ретінде қабылданады.  Яғни, ұстаз мәртебесін әрқашанда биік ұстау үшін, білімін, біліктілігін қашанда жетілдіріп, өз өзін дамыту процестеріне зор үлес қосуы тиіс.   Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың  Қазақстан халқына жолдауында: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалады» деп айтылған. Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы- білім жүйесі. Орта мектеп - білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте  қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады. Қазіргі таңда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ұстаздар мәртбесін көтеруге бағытталған саясатын Еліміздің Президенті Қ.К.Тоқаев әрі қарай жалғастыруда.          Менің алғашқы ұстаздық жолым  2019 жылы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернаттан бастау алды. Мектебіміздің ұстаздар қауымы тек жоғары санаттағы, мол тәжірбиелі, білікті мамандардан құралған. Жас маман ретінде маған мектебіміздің ұстаздары әрдайым қол үшін созып, өз тәжірбиелерімен бөлісуде. Мектебіміздегі жыл сайынғы мектеп ұстаздары мен оқушылардың қатысуымен ұйымдастырылатын ашық сабақтар, семинарлар, айтулы іс-шаралар, салалы олимпиадалар, шешендік өнер байқауларына қатысу менің ұстаз ретінде қалыптасуыма орасан зор үлес қосуда.  Қазіргі таңда елімізде орын алған пандемиялық жағдайға байланысты барлық оқу орындар онлайн режимінде қашықтықтан білім алу тәртібіне өткізілген. Үй жағдайында онлайн білім ала отырып, ұстаз қосымша білім алу, өз бетімен іздену, біліктілігін көтеру,онлайн вебинарларға қатысу мүмкіндігіне ие болды.   Ал, оқушылар өз тарапынан білім алудағы жоғары жауапкершілікті сезіне отырып,өздігінен білімдерін одан әрі жетілдіріп, әр түрлі онлайн олимпиадаларға белсенді қатысуда.  Ел ұрпағының дарынды болып өсуі ұстаздарға тікелей байланысты. Себебі, еліміз ертеден әр баланың санасына «Мектеп – екінші үйің, ұстаз – екінші ата-анаң» деген қағида ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде жалғасып келеді.  Қорытындылай келе, келешек ұрпаққа ұстаз болуға, еліміздің білім жүйесінің дамуына өз үлесін қосуға, осы жолда аянбай еңбек етуге, кездесетін қиындықтардан абыроймен өтуге, өз білімін әрқашан жетілдіруге, яғни Ұстаз дәрежесін биік ұстауға шақырамын.   Абай атындағы РММ «Әлем әдебиеті» пәнінің мұғалімі А. Пердебекова