Ассамблея мақсаты - қазақ құндылықтары негізінде этносаралық бірігу

Ассамблея барлық этностарды қазақ халқының айналасына біріктіре білді. Егемендіктің алғашқы жылдары қазақтың үлесі 39,69 % ғана болғантын. Осы тұста Ассамблея халықты жік-жікке бөлініп, ыдыраудан сақтап ел мүддесі үшін бір арнаға тоғыстыра білді. Бір де бір этностық топ сепаратистік пиғылын саясилап, «үй ішінен үй тігуге» ұмтылған емес. 

Сонымен қатар қазақ жерін мекен етуші этностар жеке-жеке ұйымдар құрып, басқа елдердің елшіліктері мен ұйымдарынан қаражат сұрап, басқа елдің мүддесін көксеген емес. Ассамблеяның құрылуы этносаралық қарым қатынастарды қазақ мемлекетінің мүддесінің айналасында шоғырлануға мүмкіндік туғызды. Бұл саяси, азаматтық біріктіру факторы ретінде оң нәтижесін берді. Сол жылдары екі мемлекттік тіл, екі азаматтық деген сұрақтар ерекше қоғамдық талқыға түсті. Ассамблеяның ішіне кірген этностар қазақ тілінің мемлекеттік тіл деп қабылдап, Қазақстан Республикасының азаматтығын мойындады. 

Бұл ішкі тұтастықты сақтап, сырттан келетін қауып қатерге тосқауыл болды. Егер сол жылдары екі мемелекеттік тіл және екі азаматтық қабылданған болса, қазір жағдай басқаша болар еді. Ассамблея қазақтардың мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін барлық этностардың мойындауын қамтамасыз етті. Қазақстаннан шыққан немістер, кәрістер, орыстар, шешендер, татарлар, поляктар, орыстар және т.б. қазақ халқының ең жақсы жақтарын әлемге паш етуде. Ассамблея жұмысының нәтижесінде Германияда, Ресейде, Украинада, Кореяда, Польшада, Әзірбайжанда және Арменияда қазақ халқына оң көзқарас қалыптасқан. Бұл елдердің арасында қарама қайшылықтары бар. Сондықтан Қазақстан үшін оң көзқарас қазіргі халықаралық қатынастарда өте маңызды. Ассамблея қазіргі уақытта күрделі ахуал қалыптасып отырған өңірлерден әскери және саяси тұрақсыздықтың енуіне жол бермейді, Қазақстан азаматтарының мұндай жанжалдарға тартылуына тосқауыл болуда. 

Қазақстаның сыртқы әлемге келбетін шынайы бауырмал, ашық, мейірімді халық ретінде Ассамблея барлық этностар арасында және олардың шыққан елдерінде қазақ халқына деген құрметті арттыруға атсалысап келеді. Алғашқы «қазақ халқына мың алғыс» айтып саяси репрессиялар кезеңінде кұрбан бола жаздаған кәрістер өз ризашылықтарын тасқа қашап, 2015 жылы Үштөбе жерінде монумент орнатты. Сол қадам қабыл болып, басқа өңірлерде «Қазақ халқына – мың алғыс» деген монументтер орнатылды. Олар Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Орал, Шымкент қалаларында орнатылған. Бұл – ҚХА жұмысының нәтижесі. Қазіргі таңда қазақ халқының үлесі жетпіс пайыздан асты. Сонымен қатар отыз пайызға жуық басқа этнос өкілдері Қазақстанды отаным деп мекен етіп отыр. Заман өзгерді, жаңа ұрпақ өсіп келеді. Олар үшін басты құндылықтарымыз кейде түсініксіз болып келеді. 

Ассамблея өз жұмысын жаңа ұрпаққа қазақ тілін, дәстүрі мен мәдениетін, құндылықтарын дәріптеуге бағыттап отыр. Мысалы, жылсайын «Мың бала», «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты жобалар қазақ тілін басқа этнос өкілдерінің үйренуіне ынталандыру, жол көрсету, тілге деген құрмет пен сүйіспеншілікті ояту мақсатында іске асырылады. Қазіргі таңда қазақ тілін жетік меңгерген жастар қатары артып келеді. Аранайы «Қазақтану» жобасы әзірленіп, өңірлерді аралап ғалымдар қазақ даласының тарихын, тілінің байлығын, ұлттық тәрбиенің маңызын жеткізіп келеді. Соңғы жылдары Ассамблея қайырымдылыққа баса назар аударуда. Мысалы, Ассамблея Арыста, Мақтааралда, Қызылағашта болған апаттардан зардап шеккен халыққа елмен бірге көмек көрсетті. Көмек ақшалай, құрылыс материалдары, киім кешек, тағы басқа шаралар түрінде көрсетілді.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша, оқу жылының басында «Мектепке жол» атты акция ұйымдастырылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган. Ассамблеяның негізгі мақсаты халықты қазақ құндылықтары негізінде біріктіру. Этносаралық қатынастар мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Оны іске асыруға құзыретті Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті. Оған осы саладағы барлық өкілеттіктер мен ресурстар берілген. Ол негізгі атқарушы орган болып табылады. 

Айгүл Сәдуақасова, 

Қазақ үні