Заң түзелді, соттаушым, сен де түзел...
2020 ж. 10 тамыз
1355
0
Биылғы маусымның 10-ында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азаматтық процестік кодекске түзетулерге қол қойды. Оның маңызына білікті мамандардың көзімен қарап, мәніне аздап тоқталайық.
Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асановтың айтуынша, бұл бетбұрысты заң! Ең басты өзгеріске келер болсақ, судьяның процестегі рөлі өзгереді. Оның белсенділігі артады.
Бұған дейін судьяның «қолы байлаулы» болып келді деуге болады. Ол істі тек берілген талап шеңберінде қарауға тиіс болды. Арызды дұрыс толтырмаса, заң нормасын қате көрсетсе, мемлекеттік баждан жаңылысса, судья ондай шағымдарды кері қайтаруға мәжбүр еді. Өйткені, Кодекс талабы сондай. Судьяның белсенді болуға, тараптарға келтірген дәлел мен айтқан уәждің дұрыс-бұрыстығын түсіндіруге, ақыл айтып, жөн сілтеуге құқы жоқ-ты. Артық қимыл жасаса, шағым астында қалатын.
Екінші жағынан «қателігімді көріп тұрса да арызды былай жазыңыз деп судья маған неге жол көрсетпеді» деген өкпе көп айтылатын. Әрине, мұндай өкпе-ренішті әбден түсінуге болады. Дүйім жұрт азаматтық процестің қыр-сырын қайдан білсін...
Бір мысал. Көршім екі сотық жерімді алып қойды деп, біреу сотқа арыз береді. «Заң мен жақта» деп сенеді. Бірақ, соттар, соның ішінде Жоғарғы Сот, талап арызын қанағаттандырудан бас тартады. Себеп – сотқа көршіні емес, жер теліміне актіні дайындаған әкімдікті беру керек еді. Бірақ, судья арыз иесіне оны айта алмайды. Шағымыңыз дұрыс жазылмаған, борышкер ретінде көршіңізді емес, әкімдікті көрсетіңіз деуге оның еш құқы жоқ. Ал, арыз берушінің өкпесі қара қазандай!
Енді 22 маусымнан бастап судьялардың жауапкершілігі күшейді. Өйткені, судьяны талап арыз қыспағынан шығармайтын шектеулер келмеске кетті. Судья істің шынайы мән-жайын анықтау үшін қосымша дәлелдемелерді сұратуға құқылы. Өз бетінше ақиқатқа көз жеткізуге ұмтылып, процесс барысында тараптардың уәждеріне қатысты өз ойын айта алады. Ол үшін заң қажетті өкілеттік беріп отыр.
Бір сөзбен, жаңа түзетулерге сәйкес енді адам құқығын сотта қорғау деңгейі арта түседі.
Тағы бір маңызды өзгеріс – татуластыруға қатысты.
Ескі АПК-нің міндеті – кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін шешу. Жаңа АПК бойынша бәрі басқаша. Талап арыз алдымен судьяға түседі, ал оның ең бірінші мақсаты – татуластыру. Егер татуласса – талап арыз қайтарылады. Келіспесе, істі басқа судья қарайды. Бірақ, ол да тараптардың бітімге келуіне көмектесуі тиіс. Бұл азаматтық процестегі судьяның басты миссиясы. АПК-ге түзетулер енгізудегі негізгі мақсат та осы, деп нақты әрі түсінікті тілмен жеткізді Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Қажыманұлы жаңа Заңның ерекшеліктері туралы.
Нұрлан Қалқа, Қазақ үні