Бейбіт Күлмағамбет: Қазақша ғана сөйлегендерді дәулетті қылу керек
2020 ж. 28 шілде
2345
0
Әлемдегі дамыған мемлекеттерге жаһанданудың шапшаң ілгерілеуі пайдалы екенін бәріңізде білесіз, себебі бұл жағдай сол елдердің шығарған өнімдерінің сатылу алаңы кеңейеді. Глобализация - жаһандану процестері американ, батыс европа, араб, қытай, үнді мәдениеттерін күшейтсе, "даму кезеңіндегі экономикаға" ие елдердің мәдениеттерін әлсіретеді. Экономикаларының сыртқы елдерге тәуелді болуы, жалпы мәдениеттің жоюлуына, ұлттық мәдениет құндылықтарына негізделген отандық өнім шығарушылардың азайуына немесе тіпті біздегідей ұлттық өндірісіміз жоқ дейтіндей жағдайға әкеледі. Басқа елдердің мәдениетіне тәнті кісілер, ұлттық өндіріс өнімдерін менсінбейді. Сапасыз өнім ретінде қабылдап, сатып алмайды. Бұл жағдайды, мысалы, араб мәдениетіне еліктейтін апа - қарындастарымыздың ұлттық киім дәстүрлерінен алшақтап, арнайы бутиктер ашып, сол елдерден киім тасуынан көрудеміз. Әбу Дабиге барған бір сапарымда қаланың ең үлкен киім дүкенінде болдым. Сонда жергілікті арабтарды көрдім. Әйелдері мәдениеттеріне сай ұзын қара көйлектер киіп, қара көзілдіріктер таққан. Қасындағы ерлері жерге дейін түсетін ақ матадан тігілген ұлттық киімдерімен дүкен кезуде. Кейін көрдім, әйелдерінің көйлектері үш-төрт мың доллар, көзілдіріктерінің өзі бір-екі мың доллар тұрады. Өз киіміне киінген, өз тілінде сөйлескен және өздері сол жердің иесі екені білінетін араб елі мақтауға тұрар ел екен. Сонда, екінші қабатта тұрған мен өзімнің үсті - басыма карап өттім, шалбарым түріктікі, көйлегім тағы біреудікі, қалта орамалыма дейін біздің елдің заты емес, барлығы шетел өнімі екен. Қазақстандық деген ештемем жоқ. Үсті - басымда елімізді танытатын бір зат болмағанына ішімнен өкініп, өзіме сол кез сөз берген едім, "енді шет ел шықсам, түк болмаса ұлттық тақиямды киіп шығамын",- деген. Арабтардың киген киімі, отырып - тұруы, арабша сөйлескендері өздеріне жарасады. Неге? Себебі олар арабтар. Бірақ осыған байланысты бір түсінбейтінде жай бар, неге қазақтың біразы, кейбір мәжіліс депутаттарына дейін осылардың жүріс-тұрысына, өмір сүру салттарына тәнті болып, ұқсағылары келеді? Тек қана діни көзқарастарына жүгініп, бұл сауалға жауап іздесек, жаңыламыз. Негізгі себеп арабтардың глобализация - жаһандануға төтеп бере, өз мәдениетін сақтай отырып, мәдениет құндылықтарын бір тауарға айналдыра білуі, біздің арамыздан да тұтынушы табуы. Және бай, дәулетті ел болуы. Дәулет пен байлық басқа ел мәдениетіне қызығушылық тудыратын, солай қарай тартатын магнит сияқты. Байқап қарасаңыз, бір елдің тілін үйренуге құштарлық сол елдің қаншалықты бай-дәулетті болғандығымен тікелей байланысты. Сондықтанда мен ұлтшыл бауырларыма жиі айтатыным, қазақ мәселесін тілден бастамауымыз керек. Тіл мәселесін шенділер біздің қолымызға уақытша ойнай тұрсын деп берген ойыншық сияқты. Нәтижеге жете алмай, шаршап, өкініп, өз - өздерімен таласып жүрсін дегендей. Бұл уақытта, нағыз "мемлекетшілер" әртүрлі жолдармен ел байлығын иеленіп, жан - жаққа сатып, ақшаларын шет елдерге шығаруға мұрша табуы үшін. Ұлт болашағына жанашырлар алдымен - Неге қазақша сөйлейтіндер, осы елдің иесі - қазақ елі кедей деген сауал қойып, соған жауап іздеуден бастауы керек. Елдің тілін басқа түгіл өз азаматтарымызда менсінбейді, себебі қазақ тілі кедейлердің тілі деген түсінік басқа ұлт өкілдерімен, қазақ тілін керек деп те санамайтын қандастарымыздың арасында кең орын алуда. Жастарымыздың өзі ана тілін білсе де, сөйлескілері келмейді, қазақ тілі кедейдің, арба тасығандардың тілі, тіл арқылы кедейлік вирусы жұғатындай көреді. Мемлекет органдарында елдің ішінен шыққандар толы, бірақ өз арасында, жұмыста орысша сөйлейді. Егер орысша сөйлессең саған деген сый басқа, бірақ қазақшаға көшсең статусың сол мезгілде "девальвацияға" ұшырайды. Қазақша сөйлейтіндерді қандай жолмен дәулетті қыламыз деген сауалға жауап, ең маңызды мақсатымыз бен мәселеміз болуы керек. Қазақша сөйлегендер дәулетті болған кезде ғана, қазақ елінің тілін үйренгісі келетіндер ішімізденде, шет елденде табылады. Қазақ тілі жалғыз мемлекеттік тіл болса барлығы түзелер деген түсінік дұрыс дейік, бірақ мұның қасында қазақша сөйлегендерді дәулетті қылу, ел байлығынан үлес беріліуі, кәсіпкерлікке үйренуге кең түрде жағдай жасалуы тілді сақтап, дамытудың алғы шарттарының бірі екенін ұмытпайық. Жаhанданудың тигізер пайдалы жағын қабылдап, америка , батыс европадан келетін кейбір жат үрдістерге қалай қарсы тұруға болады? Бұған жол көрсетер ғылыми ағым - Постмодернизм. Бұл термин түптеп келгенде модернизмге қарсылықтан туындаған түсінік. "Постмодернизм" осы заманнан кейінгі соңғы заман. Қазақша оны" соңғы осы заманшылдық" деп те атауда. Яғни, Жаhандануға - дәстүрлердің, діндердің, мәдениет және идиологиялардың ұқсас болу кешендік үрдісіне, модернизмге қарсы Постмодернизм - өз мәдениетіміздің ішінен үлгілі дәстүрлерді жаңарта отырып, қолданылуы. Еліміздің менталитеті, ерекшелігі жаһандану кезеңінде өшіп, жоғалуына жол бермейтін кешенді түсінік. Біріккен араб әмірліктерінде болғанымда Әбу Дабидегі біз тоқтаған мейрамхананың қарсы жағына қарасам, салынып жатқан құрылыста ақ көйлек, қара кастюм киген, галстук таққан бірнеше кісі ақ каскаларымен құрылыста жүргенінін көрдім. Түс кезі еді, күн болса жанып тұр. Тапал түсте шіреніп не қылып жүр, кино түсіріп жатыр ма деп ойлап қалдым. Сөйтсем, бұлар ағылшындар екен, құрылыстың қалай салынуын тексеріп жүрген. Олар сөйтіп, күннің ыстығына қарамай, көйлектерінің соңғы түймесіне дейін салып, галстук тағып, костюммен жүреді екен. Үнді фильмдерінде құм арасында, шыжыған ыстыққа қарамай, барлық түймесін тағып жүретін ағылшын әскерлері көз алдыма келді. Тәңертең ас ішерде, жұмысқа келгендей көстюмдерімен тамақ ішулеріде де еске түсті. Тамақ ішерде тәртіпті отырулары, ас ішу салттары, пышақ - қасықты қалай ұстауы барлығымыз білетін ағылшын мәдениетіне тән ерекшеліктері. Осының бәрін сақтауы, қазірге дейін жоғалтпауы, ағылшын елінің жаһандануға қарсы қояр амалдарының біреуі ғана. Жаһандану кезеңінің ағылшындарға пайдалы жақтары көп болсада, өзіне тән өмір сүру мәдениетінен айрылғылары жоқ. Туризм, кино арқылы миллиардтар тауып отырған Британия өз мәдениетіне сүйсінушілерді, ағылшындардай болғысы келер басқа елдердің дәулетті кісілерін, ақшаларымен бірге өзіне тартуда. Глобализация - жаhандану олардың мақсатына жұмыс істеуде, бүкіл ағылшын мәдениеті біртұтас тауарға айналды. Жаһандану кезеңінде өз мәдениетінен үлгі таба алмаған біздің де кейбір жастарымыз ағылшын мәдениеті, өмір сүру салттары бағытына қарай сырғи көшуде. Жаһанданудың нашар үлгілеріне біз - қазақтар қалай төтеп береміз, бұл процестердің алып толқындарында ағаш қайықпен жүзе аман қала аламыз ба? Жоқ, басқа елдердей мәдениетімізді қорғау үшін, постмодернизм жолымен ескіден келген дәстүрлерімізді жаңалай, заманауи мәдениет кемесін кұрып, мәдениетіміздің құндылықтарын қорғауға дайындаламыз ба? Постмодернизм, қазақша "соңғы осы заманшылдық" деп аталады. Ұлтымыздың бай мәдениетінің ішінен болашақ жастарымызға рухани көрек болар, күнделікті өміріне пайдалы үлгілерді алып, жаһан мәдениетінің ортасында лайықты орын ала аламыз ба екен? Яғни, бір үлгі болар салт - дәстүрімізді бізге ғана маңызды зат ретінде дамытпай, біздің мәдениетіміз арқылы басқа елдердің ісіне жарайтын, маңызды құндылыққа айналдыра білеміз ба? Жаһандану біздің өзгешілігімізді, ерекшелігімізді шайып кетпеуі үшін қазіргі кезеңді кешегі қазақтың көшпелі ел мәдениетін, ескі түркі, Номад мәдениетінің жалғасы ретінде көрсете білуіміз, дүние мәдениетінде лайықты орын алуға негіз болар алғы шарттардың бірі. Соныменен, ескірді деген салт- дәстүрлерімізді жаңарта отырып, мемлекет идиалогиясында, туризм саласында және басқа алаңдарда қолданып , пайда түсіре алуды үйренуіміз қажет. Жаһандану кезеңінде мәдениетімізді қорғайтын заманауи құралдар қалыптастыру маңызды. Яғни, жаңа кезеңде қолдануға жарар дәстүрімізді жаңартып, қазақ мәдениетін паш ететін, өшпейтін, дүниеде танымал үрдіске айналдыра алатын жолдар. Үлкен, ғажайып дейтіндей емес, бірақ бүгінгі тақырыпты тереңірек аша алатын бір - екі мысал келтіре кетейін. Қырғыз ағайындардың жылда өткізетін "Көшпенділердің ойындары - Игры кочевников". Қырғыз елінің мәдениетімен таныстыратын, экономикасын дамытатын дүние жүзіне танымал туризм шарасына айналды. Екінші бір мысал түріктердің әлемге белгілі тағамы - дөнер. Барлық елдерге таралған түріктердің фастфуды, қаншама түрікке жұмыс , пайда табуға мүмкіндік берген тағам түрі. Ұлттық тағам мәдениетін қорғайтын, дамыуын көздейтін үлгілердің бірі. Сөйтіп мемлекетіміздің идиалогиясының түп тамыры, қайнар бұлағы саналуы тиіс - қазақ мәдениеті, дүние жүзін қамтыған жаһандану процесінде жоғалып кету қауібі бар кезеңнен өтуде. Мәдениет - ұлт және мемлекетті біріктірер құндылықтардың бүтіні, кешікпей қалыптасуы қажет "ұлттық идиалогияның" фундаменті. Жаhандану - технологияны дамытатын, дүниені бір кішкентай ауыл жағдайына келтіріп, мәдениеттердің, экономикалардың тікелей араласуына жағдай жасайтын дүние дамуының жаңа үрдісі. Бұл дүниежүзін қамтыған обьективті процесс, шекараны жапсаңда, құтыла алмайсың. Кіріспеймін десең, дамудың соңғы жағынан бірінші орын аласың. Бұған қарсы күресудің керегі де жоқ. Тек қана, мәдени құндылықтарымыздың лайықтыларын жаңалай, жаңа жағдайда қолданып, дүниежүзі тұтынушыларына ұнайтын заманауи үрдіс - тауарға айналдырып, hәм мәдениеттер арасы күресіне, hәм пайда табу көзіне айналдырып, бәсекелестікке дайын болу. Сонда ғана, болашақтағы жаһан мәдениетінің ортасында бізге жарасатын орын алуымызға, мәдениетіміздің дамуын қамтамасыз етуімізге мүмкіндік туады.
Бейбіт Күлмағамбет, Фейсбук парақшасынан