Дәріханаларда қажет дәрілер мүлде жоқ - Серік Жанболат

Бүгін ватсапта "Алматы облысы жабылады екен" деген жалған ақпарат тарап, елді әп-сәтте дүрліктіріп жіберді. Бірақ, облыс әкімдігі дер кезінде бұл ақпаратты жоққа шығарып үлгерді. Міне, мен ауылдан келіп отырмын. Ауылдар мен қалалардағы жағдай мәз емес. Барлық жерді вирус жаулап алыпты. Оның: суық тию ме, тамақ ауруы ма, тұмау ма, әлде тәж-тамұқтың нақ өзі ме, дәрігерлердің өзі тап басып айта алмай отыр. Өйткені, белгілері ұқсас. Сондықтан бәрі бірдей дәріхана жағалап жүр, қай жерге барсаң арқанша шұбатылған кезек. Бірақ, қажет дәрілер мүлде жоқ. Дәріханалар "Ондай дәрілер жоқ" деген хабарландыру іліп қойыпты. Дәрі қоймаларында жоқ көрінеді. Ал, елге жан керек. Енді болмаса дәріханаларды төңкеріп жібере ме деген қауіп бар. Міне, әлеуметтік қайшылық та, дүмпу де туып кететін жағдай қалыптасып келеді. Алдын алу керек мұның. Енді ауыл мен қала, облыс жолдарын жапқаннан пайда жоқ. Керісінше, ешқандай бөгетсіз ашып қою керек. Бір-біріне көмекке ұмтылған жұртқа кедергі қою емес, жәрдем беру керек. Ендігі кедергі - ешкімді аямайтын жан ашуын туғызады. Вирус тұтастай жайылып кетті. Ендігі басты бағдарлама: барлық жерге қажет дәрі-дәрмек жеткізуді шұғыл қолға алу керек. Дәрі алуға, бөлуге, жеткізуге мемлекеттік тендер дегенді уақытша тоқтатып, әкімшілік жолмен тікелей басқаруды қолға алмаса болмайды. Халықты дәрімен жабдықтаудың барлық мүмкіндігін іске асыратын сәт туды. Аудандық емханаларға өкпе тынысын реттейтін қондырғылар жеткізу керек. Қол жетіп, құлақ еститін жерлерден көмекке мамандар шақырған дұрыс болады. Және де мұның бәрі шұғыл істелуі керек. Жергілікті штабтарға жоғарыдан пәрмен күтіп отырмай, қолдан келетін шараларды өзі қабылдайтын құзырет беру керек. Бірақ, көршілес аймақ штабтары бір-бірімен ақпарат алмасып отырғаны дұрыс. Әйтпесе, бірі қабылдаған шешім екіншісіне қайшы келіп, онсыз да есі шығып отырған халықтың жанын күйдіріп жіберуі мүмкін. Мен алыстағы қала мен ауылға барып қайтқанда көріп, түйіп келгенім осы. "Еститін мемлекет" боламыз деп жатырмыз ғой. Қазіргі естуге тиіс әңгіме де, шындық та дәл осы деп айтып отырмын. Енді болмаса кеш қаламыз. Серік Жанболат, Қазақ үні