Қазақстанның тілі қай тіл екенін ажырата алмайтындар көп - Дүрәлі Дүйсебай

  Қазір мемлекеттік тіл мәселесі өте өткір тұр. 1500 адам тұратын көп қабатты, көп кіреберісті біздің үйдің өз чаты бар. Тұрғындар түрлі мәселелер бойынша хабарласып, пікір алмасып тұрады. Сонда КСК-ның бір қызметкері кранның бір клапанын ауыстыру үшін төрт күн бойы ыстық су болмайтыны жөнінде қазақша хабарлама жазыпты. Пікірталас басталып кеткен. "Неге бір тілде жазылады, неге орысша жазылмайды?" (30 жыл ішінде осы бір ауыз сөзді түсінбей кету деген сұмдық қой енді) деген секілді. Енді біреулер "біз көп ұлтты елміз, кез келген ұлт өз тілінде хабар алуға құқылы" деген секілді сан алуан пікірлер қаптап кеткен. Бір қуанарлығы, негізі мемлекеттік органның қызметкерлері тұратын үй тұрғындарының басым бөлігі КСК өкілін құптаған: мемлекеттік тілді үйренетін кез жетті ғой дейді. Бұл неден туындап жатыр? Ресей де көпұлтты, көпмемлекетті болса да орыс тілінде сөйлейді. Ал бізде әлі де Қазақстанның тілі қай тіл екенін ажырата алмайтындар көп. Оған біз өзіміз әкеліп отырмыз. Тіл комитетін баяғыда-ақ Үкіметке ғана бағынатын жеке мекеме етіп құру туралы ұсыныс айтып едік. Орындалмады. Таяуда өткен кеңесте Президент оны БжҒМ-не беруді ұсынды. Керек шығар. Өйткені тіл бала бақша, мектеп, орта, арнаулы орта және ЖОО-ларда дамуы керек. Бірақ тағы 30 жыл жүрер ме екенбіз... Бұл жазбаға әлгінде өзім сыйлайтын бір жақсы інім біреулердің имиджін артыру, беделін қалыптастыру үшін қыруар ақша бөлмей, оны бір шығармашылық аударма мекемесіне бөлу керектігі жөніндегі ұсынысы себеп болды. Құптарлық. Бірақ бүгін одан да зор тірлік тұр. Қазір балалар телефон, смартфон, айфон, компьютермен өсіп келеді. Орысша сөйлеген кішкентай баланы әке-шешесімен жек көре бастағанмын. Сөйтсем бес жасар ұлым орысша сөйлейтін болды. Күннен-күнге тілі орысша "күшейіп" келеді. Бір жақсы жері, мен қазақша сөйле деп түзеп отырамын. Қазақша талап етемін. Ал ата-әжесі, әке-шешесі орысша сөйлейтін балалалар ше? Сондықтан ақшаны, бірінші кезекте балалардың тілін қазақша шығаратын бағдарламаларға аудару керек. Барлық орыс тіліндегі, ағылшынша жасалған бағдарламалар қазақ тілінде әлгі екі жетекші тілден де қызықты сөйлемей, балаларымыз қазақша үйренбейді.Бұл - бір. Екіншіден, балалар бақшасына, мектепке, орта, орта арнаулы және ЖОО-ға керекті озық оқулықтың бәрін қазақшаға аудару керек. Жедел аудару керек. Мына қытайда кез келген сыртсөз аударылады, мына әлемде бір қызықты кітап шықса, ертесіне ол қытай тіліне қотарылып тұрады дегенге күліп қараушы едім. Күлетін нәрсе емес екен. Көп бала, студент қазақша кітіп болмаған соң орысша оқуға мәжбүр. Тілі де орысшаға бейімделеді. Олар да ертең мұғалім, оқытушы бола қалса, орыс тіліне жақындау келеді. Қазақша ғылыми кітаптарды, оқулықтарды, көмекші құралдарды, диплом, курс жұмыстарын, докторлық жұмыстарды интернетте қол жетімді ету керек. Ондай мүмкіндік бар ма? Бар. Тек ынта, ақша керек. Міне, ақшаны алдымен осы мәселелерді реттеуге жіберу керек. Дүрәлі Дүйсебай, Фейсбук парақшасынан