Шыңғыс Мұқан: Тілге қаржы салмау гүлге су құймағанмен бірдей

2000 жылдары... Ауылдан арман қуып Алматыға келгенбіз. Ағылшын тілін оқығым келді. Шеттілін үйрену үшін орыс тілін білуің керек. Бір күні әкеме наз айттым: - Ақкөке, мені неге орысша мектепке бермегенсіз? Орысшадан әбден қиналып кеттім. Ағылшынша сөздің мағынасын ағылшынша-орысша сөздіктен қарап табасың да, бірақ орысшасын да жете түсінбеген соң, орысша-қазақша сөздіктің бетін парақтайсың. Шынында да, егер өмірді жүгіруден жарыс деп алсақ, ауылдан орысша білмей келген балалар кемінде сол бәйгеге екі айналым кеш қосылады. Кеш қосылғанмен, бір-екі жылдан соң, орысшаны да біраз игеріп алдық. Оған ағылшынша мен испанша қосылды. Енді менің бір қорқынышым бар. Балаларым орысша білмейді. "Әке, қазақша-қазақша дейсің, оқиын десек, соңғы кітаптардың ешқайсысы жоқ", - десе не деп жауап беремін? Соңғы кітаптар түгілі әлем оқырмандары өткен ғасырда оқып тастаған ескі кітаптар да жоқтың қасы. "Мазмұндама" деген қор құрып, қазақ мазмұнымен айналысып жатқанымызға бір жылдан асты. Басында таңдаулы кітаптардың саммарилерін топтастырып шығарып жүрдік. "Оқуға тиіс 10 кітап" сериясымен көшбасшылық, менеджмент, кемелдену туралы кітаптарды шығардық. Бұл жоба жалғасын табады. Қазір маркетинг, келіссөз, тәрбие, отбасы, табыстылық туралы топтамалар дайындалып жатыр. Сонымен бірге, Qazaqsha 100 bestseller сериясын бастадық. Алғашқы кітабы шықты. Дейл Карнегидің "Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері" деген 15 млн данамен таралған әйгілі кітабын аудардық. Аудармашы Арман Оқа, Бағлан Мизамхан, редакторы Маржан Абсалықова. Алдағы уақытта 100 кітаптың тізімін жария етіп, Өздеріңізбен ақылдасам. Бұл кітапты шығару үшін мемлекеттен ақша алмадық. Жалпы, мемлекеттен ақша алудың өзі жақсы идея емес. Мұндай жобалар мемлекеттік органдарға емес, оқырмандарға арқа сүйесе ғана орнықты дамиды. Сондықтан, алдағы уақытта да осы кітабымызды сатып, келесі кітапқа жалғаймыз. "Мазмұндаманың" кітаптарын сатып алу арқылы Сіз қазақ тіліне инвестиция салып жатырмын деп ойлаңыз! Кез келген дүниеге, оның үстіне кімнің қай ұлт екенін анықтайтын жалғыз құбылысқа - тілге қаржы салмау гүлге су құймағанмен бірдей. Өкінішке қарай, қазақ тілі менің қажеттілігімді өтей алмайды. Мен басқа тілдерді білмесем, біраз дүниеден мақұрым қалған болар едім. Бірақ бұл қазақ тілінің кінәсі емес. Осы ұлттың кінәсі. Неге? Мәселен, шөп шабатын болсаңыз, шалғыңызды қайрап аласыз. Қайрмасаңыз, сіздің шалғыңыз қажетіңізге қызмет етпейді. Тіл де сол сияқты. Тіл-шалғымызды күнделікті қайрап отырмасақ, білім-шалғынға қойып кете алмаймыз. Біздің бұл кітабымыз шалғының жүзін қайрақпен бір алып өткендей тамшы тірлік. Теңіз де тамшыдан тұратынын ескерсек, жатпай тұрмай талпынайық. Сапалы кітап шығарайық, сатып алайық, оқиық, оқуды насихаттайық. Бүгін қазақтың белгілі ислам танушысы Қайрат Жолдыбайұлы 10 кітап алып кетті. Өз ортама тегін таратамын деді. Кезінде Карнегидің кітабын оқып, тәсілдерін қолданып, шаруасы шешілгенін айтты. 80 мың тиражбен тараған "Имани гүл" кітабын берді. Qazaqsha 100 bestseller кітаптарына да осы кітаптың жолын берсін! Түркістаннан идеологияның тұтқасын ұстап отырған, Дамир бауырым хабарласып, 300 данасын алдырып жатыр. Біздің жобаның басты құндылығы - оқырмандар. Өзге елдің шалғысын қолдана бермей, өз шалғымызды қолға алып, кітап сатып алумен және оқумен күнделікті қайрап отырайық. Сонда ғана ертеңгі ұрпақтың бетіне ұялмай қарай аламыз. Қолдарына қайралған шалғыны ұстатып кетеміз! Шыңғыс Мұқан, Фейсбук парақшасынан