МИНИСТРДІҢ АЗАМАТТЫҒЫ

Желілес достар! Кеше шалғай ауылдағы ұстаздың жанайқайына орай пост жаздым. "Алматы облысы, Көксу ауданы,Мұқыр ауылындағы Қалқа Жапсарбаев атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Байболатова Майра Берікқызы күні кеше ғана техникалық жабдықпен (интернет) аз қамтылғандықтан қашықтан сабақ өтудің қиындығы жайында видео-сөз сөйлеп еді. Енді бүгін кешірім сұрап жатқан сыңайлы. Бір күнде я бір түнде ауданнан шалғай жатқан ауыл интернетті бола қалды ма?! Әлде, "үрерге иті, сығарға биті жоқ" бола тұра "тауығының жүні сабалақ" дегенді намыс көретін қазақтың атқамінерлерінің кемшілікті айтқан Майраны мүйіздеуінен кейін мәжбүрлі түрде кешірім сұрауы ма?! Рас, коронавирус шығып елімізді тығырыққа тіреген бүгінгі күні тығырықтан жол тапқан Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қашықтан оқыту амалы кісіні сүйіндіреді. Бірақ, қашықтан оқыту білім саласының мінсіз жетістігі ретінде кіріп отырған жоқ қой өмірімізге! Майра Берікқызы жылап айтқан жағдай бір ауылда емес байтақ Қазақстанның жер-жерінде көптеп кездесетіні хақ! Кемшілікті айта қалды екен деп өзінше пікір сабақтай алатын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жас ұстазы Байболатова Майраны ауыл, аудан әкімгерінің, әлде министрліктің бишікештерінің үлгерімі нашар оқушыдай етіп "бұрышқа" тұрғызып қойғаны несі!? Бұл - азаматшаның пікір айту ықыласын жою, сөз бен ой еркіндігін шектеу болып шықпай ма? Көпе-көрнеу қоғамдағы кемшілікті айта қалған Ұстазды ауызға қағып, әп-сәтте ауыздықтап кешірім сұратып жатқанымыдың өзі біздің қоғамда әзелден келе жатқан қоғамдық ой бостандығына тосқауыл! Бүгін бетінен қағылған Ұстаз ертеңгі күні өзінше пікір сабақтап қоғам жайлы ойын белсенді айтар Ұрпақты жетелеп, тәрбиелей алады ма? Осыны ойладық па, әкімқаралар?! Қашықтан оқыту - біз дайындықсыз келген, бүгінгі тығырықтан шығар амалсыз жол ғана! Әйтпесе бұл әбден пісіп-жетіліп келіп отырған жетістікті жеріміз емес. Оның үстіне, Ұстаздық - мейірімге тұнатын мамандық.Жәй күнкөріс кәсібіне айналмауға тиіс. Мейір - көзге тұнады. Алдындағы шәкірт Ұстаз жанарындағы мейіріммен шуақтанады. Оқушы - Ұстаз қабағындағы реніш, назбен жаман қылықтан тежеледі. Ұстаз кейде шәкірт үшін ата-анадан кейінгі, кейде тіпті ата-анадан зият (ата-ана бере алмайтын) білім мен тәрбиені егіз қатар шәкірт жүрегіне ұялататын Ұлы Тұлға!!! Ұстаз бен Шәкірт! Бірін-бірі көзбен көрмей, бір-біріне мейірім шуағын шашпай, бірыңғай техникаға телміріп, бірінің жанын бірі қалай марқайта алсын? Қашықтан оқытудың пайдасы мен залалын осы жылғадан келіп терең пайымдасақ кер ек-ті. Майра Байболатованы ә дегеннен кінәлай жөнелгенше білім мен тәрбие саласының мәселелерін алда терең талдау, жан-жақты ойлау қажет. Мұны реформатор министр де, әкімдік институт өкілдері де жіті ойлануы керек. Мұғалімді бетке қаққаннан - шын Ұстаз тұлғалап шығару орнына, оларға тұрмыс тұмылдырығын кигізіп, құлдық санаға түсіріп, жәй мұғалімдік тобырды көбейткеннен басқа қазақ қоғамының ұтары жоқ. Мұғалім Ұстаздыққа ұмтылмай, Ұстаз Тұлға болып қалыптаспай қазақ қоғамы теңдікке жетпек емес! Майра пікірі - біздің қоғам үшін алтын күрек болуы мүмкін. Мұғалімді бетке қақпа, әкім! Мұғалімді бетке қақпа, министр! Қандай мұғалім - сондай мектеп! Қандай Ұстаз - сондай қоғам!   Профессор, Құлбек Ергөбек. Түркстан. 10.04.2020."   Желілес достар, өздерің қолдадыңдар! Демек, сіздер мен біздер бірігіп көкейкесті мәселе көтердік. Бүгін біздің көтерген мәселемізге орай министр Асхат Аймағамбетов жауап беріпті. Әңгіме әуеніне қарағанда А.Аймағамбетов бізді қолдады. Майра Байболатованың жанайқайы министрдің көзіне түскен, жүрегіне жеткен. Министр компетентті маман ретінде Майраны да, бізді де түсіністікпен қабылдаған.Министр алдымен маман, сосын сыннан қорытынды шығарған Азамат! Ендеше, министрге азаматтығы үшін сендердің аттарыңнан рахмет айтуға рұқсат етіңдер.Министр Асхат Аймағамбетов, Сізді Тәңірі жарылқасын! П.С. Майраны екі сөйлеуге мәжбүр еткен әкімқаралар да ойланар... Сендерге деген құрметпен, Құлбек Ергөбек, Фейсбук парқшасынан