Ерік Әбенұлы: Пандемия заманында ақ халат киген маманға ғана сеніңіздер
2020 ж. 27 наурыз
2381
0
Иә, халық медицинасын ешкім жоққа шығармайды. Иә, осы замандағы медицинамыздың ірге тасын қалаған да сол медицина. Ғасырлар бойы қалыптасқан шөп пен басқа да түрлі өсімдіктердің емдік қасиеттерін пайдаланып науқастарды емдеу тәсілдері әлі талай жылдар қолданылатыны сөзсіз. Сонымен бірге қымыз бен шұбаттың да құндылығы айтпаса да түсінікті.
БІРАҚ. Соңғы кезде емдеудің түрлі «Экзотикалық» бағыттарға ауып бара жатқаны мені дәрігер ретінде алаңдатады.
Әр жануардың денесіне енген заттың пайдалы жақтары организмде қорытылып, зияны сыртқа шығарылады. Табиғаттың жаратылысы сондай. Адам болсын, жануар болсын одан шыққан затты қайта ішу біздің біліміміз бен түсінігіміздің саяздығын көрсететеді. Түйе болсын, басқа болсын оның зәрін ішу деген барып тұрған қараңғылық ағайын.
«Менің бір танысым соны ішіп, кәзір шапқылап жүр» - дейтіндер көп, әрине. Ол мүлде басқа нәрсе. Медицинада ол Плацебо әсері деп аталады. Яғни науқас адамды сендіріп, немесе алдап жәй су берсе де жағдайы жақсарып кетеді. Аз уақытқа әрине. Бірақ содан кейін ауыруы асқынып өлімнен алып қалуға мүмкіндік беретін ем де кеш болып қалады, өкінішке орай. Сөйтіп келіп біздің ауруханаладың босағасында «Қап!» дегендердің саны қанша екенін білсеңіздер ғой. Вакцина еккізбейміз, ол құдайдың ісіне қарсы деп жүріп ботақандай баласы қарапайым қызылшадан қайтыс болып жатқандағы анасының зарын естісеңіздер ғой.
Осы таңда әлемді пандемия жаулап жатқанда Интернетті пайдаланып халық арасына жалған емді ұсынып жатқандардың саны күннен күнге артуда.
Абай болыңыздар! Олар құдайдан да, адамгершіліктен де безгендер. Олардан не сұраныс? Лайк деген бәле үшін өзінің естігенін немесе ойдан шығарғанын айтып отырады. Олардың өздері ешқашан айтқанын жасамайды. Жасайтын да, сол қасіретті аяғына дейін көтеретін де науқастар. Жанына шипа іздеген адам не болса да соған сенгіш келеді. Соны пайдаланып қара басын ойлап жүргендер қаншама. Байқаңыздар.
Біздің олардан айырмашылығымыз, біз сіздердің денсаулықтарыңыз үшін заң алдында жауап береміз. Әр айтылған сөз бен іс-қимылымыздың ертеңін ойлаймыз. Әр науқастың өмірі – біздің жауапкершілігімізде. Сондықтан тонналап қағаз толтырып жатамыз. Өйткені тексерушілер көп. Ертең сот бола қалса сол қағаз ғана сақтап қалады. Мамандығымыз сондай, қайтеміз? Амал жоқ.
Бірақ әр дәрігердің айтқан сөзі оның тәжірибесі мен біліміне байланысты. Сіз бірінші рет ауырсаңыз, ол ондайды талай көрген, не істеу керектігін, қандай дәрі беру керектігін оқыған, үйренген. Диагноз қою өте күрделі процесс, кейде біраз уақытты талап етеді. «Көз тиген» деп айта салу оңай әрине. Бізге сол аурудың түбіне жеткенше зерттеуіміз қажет. Оны таппай емдеп шығу мүмкін де емес. Сондықтан жиналып алып консилиум немесе тағы да басқа жиналыстарды өткізіп жататынымыз да сол себеп. «О, Алла, Қытайда тамырды ұстап диагнозды қоя салады екен!» - деп таң қаламыз. Иә ол рас. Бізде соны істеп: «Сіздің төртінші меридиандағы энергияңыз әлсіреген» - десек не дер едіңіз?
Жоқ, әрине олардікі де дұрыс. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе, сөз жоқ. Бірақ онология, туберкулез, инфаркт сияқты аурулар инемен де, түйенің зәрімен де емделмейтінін түсінген жөн. Керосин де көмектеспейді! Еліктің шыбығы да, мүйізі де ем болмайды!
Халық медицинасы мен бақсылықты ажырата білуіміз керек. Халық медицинасының емдейтін диагноздары өте көп. Әсіресе тері аурулары, остеохондроз сияқты созылмалы ауруларды сол медицинаның мамандары жақсы емдейді. Өйткені ондай аурулар науқаспен көп уақыт айналысуды талап етеді. Күнде уқалап, майын жағып тұрса әрине ем қонады. Сондықтан жұқпалы немесе қатерлі емес ауыруға шалдықсаңыз халық емшілеріне барып емделуге жол ашық, барыңыздар. Бірақ арнайы рұқсаты бар, сөзі мен дені дұрыс екеніне көзіңіз жетсе.
Шындығына келгенде, бізідің кейбір психиатрдың есебінде тұратын науқастарымыз да көктем мен күзде емші болып кететіні бар. Соларға тап болып қалмаңыздар. Сау адам мен науқасты ажырата алатын шығарсыздар.
Соңына келгенде айтарым мынау. Пандемия заманында тек қана ақ халат киген маманға ғана сеніңіздер. Дәрігер деген ол жәй мамандық емес, ол адамның өмірлік жолы, тағдыры. Басқа адамның өміріне жауапты болу өте ауыр жүк. Анау-мынау адамның қолынан келмейді ол.
Науқас жанның қасында болып, бірге ауыру жұқтырып жанын аямайтын қай бақсы мен емшіні білесіздер? Қазіргі уақытта бүкіл жер шарында менің әріптестерім осы жұмысын атқарып жатыр. Уақытын да, жанын да аямай.
Сіздерден керегі бір-ақ нәрсе - бір ай шыдап үйде отыра тұру. Той-домалақты тоқтатып, «Үй, не болар дейсің, кеттік» - немесе – «Ол біреудің әдейі істеп жатқан тірлігі» - демей. Шыдаңыздар. Әсіресе қариялар мен әжелер. Балаларға бас-көз болып, ақыл айтып үйде отырғызатын заман келді. Немерелеріңізді сақтаңыздар. Қол жуудың, сақтанудың әдістерін күндіз-түні айтып жатыр. Соған құлақ түріп, шыдайық бәріміз де.
«Сақтықта қорлық жоқ» деп ата-бабамыз бекер айтпаған ғой. Неше түрлі «білгіштердің» жалған сөзіне жем болмай, дәрігерлерді тыңдайық.
Кімнің кім екенін пандемия өткеннен кейін сөз қылармыз. Қазір амандығымызды ойлайық. Бала-шағамызды ойлайық. Бәріміз аман болсақ халқымыз да аман болмай ма? Соны тілейік тәңірден.
Ерік Әбенұлы, Фейсбук парақшасынан