Гарвард ғұламалары әділдіктің асқар шыңын Құраннан тапты
2020 ж. 18 қаңтар
6731
0
Әлемге әйгілі Гарвард университетінің заң факультетінің профессорлары әділдік ұғымының нақты анықтамасын қасиетті Құраннан тапты, деп хабарлайды islam.kz.
Аталмыш жоғарғы оқу орнының заң мектебіне қарасты кітапхана кіреберісіндегі қабырғада қасиетті Құранның ағылшын тіліне аударылған түсіндірме кестесі ілінген. Онда әділеттіліктің шынайы мәнін ашып көрсететін аят жазылған: «Әй мүміндер! Әділдікте мықты тұрып, егер өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да, Алла үшін айғақ болыңдар; бай немесе кедей болса да. Өйткені Алла, екеуіне де тым жақын. (Олардың халін біледі) Нәпсіге еріп, әділдіктен ауытқымаңдар. Егер тілдеріңді бұрып, шындықты бұрмаласаңдар, шәксіз Алла не істегендеріңді толық білуші» (Ниса сүресінің 135-ші аяты. Бұл үзінді kuran.kz сайтынан алынды – ред.). Жаңсақ түсініктің жетегінде исламофобия етек алған батыс елінде аса беделді білім ордасында қасиетті Құран мәтіні насихат ретінде ескерілсе, бұл үлкен жетістік. Осы орайда әлемдік діндер арасында әйелдерге мұрагерлік құқығын алғаш берген дін – ислам екенін де айта кетпеске болмайды. Қасиетті құранның «Әйелдер» сүресінде бұл мәселе де көтерілген болатын. Бұл да әділдікті ту еткен исламның артықшылығын анық білдіретін белгілердің бірі.