Аятжан Ахметжанұлы: Пара беріп жұмысқа тұру - құлдықты сатып алу
2019 ж. 06 тамыз
6678
6
- Мектепке мұғалім болу үшін 1 000 000 сұрады, кредит алайын десем банк бермей жатыр, 500 мың берейін десем "онда кітапханашы боласың" дейді, ал менің кітапханашы болғым келмейді.
- Ойбай, не сұмдық?
- Пол жуатын техничка болу үшін де бізде 300 мың беріп кіресің.
Бұл - менің он жылдан бері естіп келе жатқан әңгімем. Бүгін және бір рет естідім.
Жұрт дәл осындай пара беріп кіретіндер үшін, сол параны алғандарға жыны келетін шығар, ә? Мен керісінше осынша параны беретіндерге жыным келеді. "Оларда басқа амал жоқ" деп шу ететін шығарсыздар, кешіріңіздер. Табысқа жетпейтін адам ғана әр кез өзін ақтап алатын сылтау іздейді. Бұл - соның бірі.
Қалай дейсіз ғой, былай, дәл қазір жаңа кірген мұғалім жалақысы ең көп дегенде 70-80 мың, кітапханашы 50-60 мың, техничканың ақшасы 40-50 мың. Ал, онда жоғарыдағы сумма ол - оның бір жылдық жалақысы. Ол бір жылдық жалақысын алдын ала беріп, бір жыл тегін жұмыс істейді деген сөз. Ал, оны кредит алып беру - екі жылдық тегін жұмыс. Бір жыл пара алған адамға, бір жыл банкке құлдыққа өзін сату.
Іс тек бұнымен бітпейді. Мұндай пара берген адам бір жылдан кейін де жұмыстан шығып қалмау үшін бастығының айтқанымен жүріп, айдағанына көнеді. Себебі, келіспесе жұмыстан шығып кетуі ғажап емес. Ал, жұмыстан шығып кетсе ақша күйеді. Осылай "амалсыз" айлар мен жылдарды құлдықпен өткізеді.
"Не істейді, енді басқа жұмыс жоқ болса" деп кіжініп отырсыз ба? Тоқтаңыз.
Бір миллион жарайды, бес жүз мың теңгесі бар адам, осынша ақшаны қиналса да табатын адам құлдықсыз да өмір сүре алады. Мұндай ақшамен бизнес те бастауға болады, мұндай ақшамен мал алып, мал бағуға да болады. Мұндай ақшамен бақша егуге де болады. Мұндай ақшамен... Бір жақсы жері - "өзің би, өзің қожасың". Құл болмайсың!
Өкінішке, бізде "үкімет өлтірмейді" деген сана басым. Үкімет өлтіреді, өлтіргенде әдемі өлтіреді. Себебі, құлдықтағы өмір тіршілік емес.
Пара беруші барда, пара алушы қашан да табылады. Параның көлемінің соншалық жоғары болуы - пара берушінің тым көп екенінің кесірі. Себебі, олар кезекте тұр. Пара берушілердің қарасы көбейген сайын, параның құны жоғарылайды. Бұл - қарапайым логика.
Пара беруді ойламайтын, өзін-өзі асырау қабілеті жоғары қауым қалыптасқанда ғана жемқорлық жойылады.
Қандай адам пара береді?
Өзіне сенімсіз, біліксіз маман пара береді. Білікті, қабілетті қауым құлдықты сатып алмайды ешқашан!
Жұмыс беруші ретінде де, әр өңірді көп аралайтын адам ретінде де Қазақстанда жұмыссыздық жоқ, біліксіздік өте ауыр екенін мойындаймын.
Кәсіпкерлермен, бизнесмендермен сөйлесе кетсең бәрінің айтатыны "білікті кадр табу өте қиын, маман тапшы" деп жылайды. Ал, қоғам жұмыс таппай жылайды. Бірақ, құлдықта өмір сүруге қоғам бейіл.
Ал, миллион пара беріп жұмысқа тұрған соң "жүйе - жемқор, ешкімнің моралдық құқы жоқ" деп сынауға дәл сол адамның құқы жоқ.
Бес жүз теңге жеген адам, мүмкіндік туса, бес жүз миллионды да ойланбай жейді. Өзі пара беріп жұмысқа кірген адамның пара алмауы тіптен мүмкін емес.
Сондықтан, адам өзгермей қоғам өзгермейді, қоғам өзгермей билік өзгермейді.
Құлдықты сатып алмайық, ағайындар!
Бұл 21 ғасыр!
Аятжан Ахметжан, Фейсбук парақшасынан