Назарбаев: Халық менің сайлауға қатысуымды сұрап хат жазып жатыр
2019 ж. 24 сәуір
2635
0
Қазақстанның тұңғыш президенті, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев президент лауазымынан бас тарту шешімін ойлана келе қабылдағанын айтып, қазақстандықтардан келген хаттарға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
«Осы күндері азаматтарымыздан қаншама хат алып жатырмын. Кейбіреулерге президенттіктен бас тарту туралы шешімім күтпеген жағдай болды. Кейбіреулер менің шешімімді өкінішпен қабылдады, тіпті, сайлауға бару туралы хаттар алып жатырмын. Мен олардың бәріне алғысымды айтамын және осы толқудың астарын түсінемін. Адамдар тұрақтылықты, теңдіктің сақталғанын қалайды. Қазақстандықтардың маған деген жылы қатынасына ризамын және осындай махаббатына, менің жеке тұлғама деген құрметіне алғыс айтқым келеді. Қауіпті түсінемін. Жақсылап ойланып, шешім қабылдадым. Қасым-Жомарт Тоқаев достық пен барлық қазақстандықтың тең құқығы саясатын жалғастыратын болады», – деді Назарабев Nur Otan партиясының съезінде.
Осылайша ол қазақстандықтардан Тоқаевтың кандидатурасын қолдауды сұрады.
«Қазақстан халқы 30 жыл бойы маған сенді. Қандай қиын кезең болмасын, халқым менің соңымнан ерді. Сол үшін еліме ризамын, алғысым шексіз. Елдің бұрынғы басшысы ретінде мені елімнің болашағы уайымдатады. Халқыма деген алғысым шексіз», – деді Назарбаев.
Естеріңізге сала кетсек, 23 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында басталған Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезіне Қазақстанның тұңғыш президенті, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Съезд барысында Елбасы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып, Қазақстан халқынан өз таңдауына қолдау білдіруді сұрады.