Шавкат Мирзиёев: Өзбекстандағы екі жарым жылдағы реформалар
2019 ж. 13 сәуір
2667
0
Өзбекстандағы билік ауысу процесі тыныш әрі бейбіт өткенімен, жаңа басшының реформалары жылдам жүріп жатыр. Кей кездері президент Мирзиёев мақсатына жетуі үшін істі тізеге басып жіберген сәттер де кездесті. Алайда көрші елдегі оң өзгерістерді ешкім жоққа шығара алмайды. Сонымен Өзбекстан қазір қай бағытта кетіп барады?
Бұл туралы "Егемен Қазақстанның" сарапшысы Н. Байғара жазды.13 жыл премьер-министр қызметін атқарған Шавкат Мирзиёев өз еліндегі жағдайды жақсы түсінетін тұлға екені даусыз еді. Яғни, саяси элитадағы күштің ара салмағы, экономиканың халі, қоғамның көңіл күйі, Өзбекстанның әлемдік аренадағы имиджі, бұған дейін жіберілген қателіктер – бәрінен хабардар болған. Сол жолды экс-президент Ислам Кәрімовпен бірге жүріп өткен. Сондықтан ол жағдайды түзеуге кірісті. Айтуға оңай болғанымен, ойлағанын іске асыру соншалық жеңіл емес екен. Президент үшін де.
Стратегия. Мирзиёев ресми президент мәртебесін алған соң, елдің 2021 жылға дейінгі жаңа даму стратегиясын жариялады. Онда 5 басым бағыт бар: мемлекеттік құрылым, сот-құқық жүйесі, экономиканың либерализациясы, әлеуметтік сала, ұлтаралық және діни төзімділік. Бұлар мемлекеттің дамуындағы маңызды тұстар. Кейбір мамандар оған өзбекше қайта құру деген баға берді.
Онлайн президент және туризм. Шавкат Мирзиёев бірден азаматтардан арыз-шағымды онлайн режімде және Фейсбук, Телеграм арқылы қабылдай бастады. Алғашқы жылдың өзінде 1,3 млн өтініш келіп түсіпті. Осыдан-ақ өзбек қоғамында қордаланған мәселенің санын және азаматтарға кері байланыстың маңызын түсінуге болады. Жаңа президент туризмге жағдай жасауға кірісті. Себебі Өзбекстан үшін шетелдік туристерден түсетін табыстың орны бөлек. Былтыр өзбек еліне 5,3 млн турист келген. Сол үшін 2017 жылы Ташкент 27 мемлекетке визаны ресімдеу талабын алып тастады. Енді туристер Өзбекстанға кіргенде шекарада тек 50 доллар төлеумен шектеледі.
Рақымшылық? Ш.Мирзиёевтың маңызды қадамдарының бірі – рақымшылық аясында түрмеде отырған 40 мыңдай азаматты бостандыққа шығару болды. Саяси айып тағылған 35 адамға азаттық сыйлауы да оның абыройын көтерді. Олардың қатарында 10-20 жылдай абақтыда отырған саясаткерлер, құқық қорғаушылар, журналистер бар. Ең атақтылары оппозиционер Мухаммад Салихтың түрмеде 18 жыл отырған бауыры Мухаммад Бекжан, 10 жылға қамалған журналист Азам Тургунов және басқалар. Алайда бұл шешім жаңа басшының либералды көзқарасының нәтижесі ме, әлде тек Батыс елдерінің талабын орындау ма, ол жағы белгісіз.
1 доллардың құны 4200 сум дейтін, ал шынайы бағасы 7-8 мың сумға жеткен. Президент Мирзиёев девальвация жүргізіп, екі бағаны теңестірді. Енді бүкіл елде бір баға, доллар 8400 сум шамасында. Бірақ бұл шараға қарсы болған саяси элита өкілдері аз болмапты. Себебі олар шетелдік валютаны Орталық банк белгілеген 2 есе арзан бағамен сатып алып отырған. Сондай-ақ елде банкоматтар жаппай ашыла бастады. Бұрын олар некен-саяқ еді.
Шексіз виза. Былтыр әлемде шет- елге шығу үшін үкіметтен арнайы рұқсат визасын алуды азаматтарына міндеттейтін екі ел бар еді. Ол Солтүстік Корея және Өзбекстан. Көрші елде азаматтар шекара асу үшін паспортқа арнайы стикер, яғни рұқсат белгісін алу қажет болатын. Бұл кезінде оппозиционерлер және басқа да күмәнді кісілерді шетке жібермеудің тиімді құралына айналған-тын. Осы себепті қатардағы азаматтар, мәселен, Ресейге жұмыс істеп келу үшін сол рұқсат стикеріне бола ұзақсонар кезекке тұрып келген. Мирзиёев аталған рәсімді алып тастауға 2017 жылы бұйрық берді, бірақ 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қана. Бұл шешімнің 1,5 жылға созылуына өзбектің арнайы қауіпсіздік қызметінің қарсылығы себеп болған екен.
Мирзиёев vs Иноятов? Өзбекстанда жоғарыда айтылған реформаларды қолдамаған ішкі күштер де табылған. Соның бірі – Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Рустам Иноятов бастаған топ. Ол қауіпсіздік саласын 22 жыл басқарып, елдегі барлық саланы бақылайтын дәрежеге жеткен. 2005 жылғы Әндіжан оқиғасынан кейін Ұлттық қауіпсіздік қызметі мемлекеттік аппараттың 75 пайызын уысында ұстаған. Мұндай артықшылық арнайы қызмет өкілдеріне үлкен бизнес империя құруға мүмкіндік береді. Реформалар жүрсе, Иноятовтың позициясы әлсірейтіні анық еді, сондықтан жаңа өзгерістерге қарсылық танытады. Мирзиёев ескі бақылауды әлсірету үшін алдымен оның орынбасарларын өзгертті. Президенттің Самарқандқа ауысу туралы Жарлығын орындамаған генерал Гулямовты бірнеше қылмысы үшін өмір бойы бас бостандығынан айырды. Ақыры соңында былтыр қария Иноятовтың өзін де отставкаға жіберді. Дегенмен, президент кеңесшісі қызметінде қалды. Яғни, құрметті зейнеткерлікке шықты деуге де болады.
Жаңа басшының қаһарына өзге құқық қорғау саласының өкілдері де түсті. Ол бұрынғы Ішкі істер министрі Адхам Ахмедбаевты, экс-Бас прокурор Рашиджон Кадыровты орнынан алып, кейін тұтқындады. Бірнеше қылмыстары үшін айып тақты. Жемқорлықпен күрес барысында Салық комитетінің 1245 қызметкерін жұмыстан шығарды. Яғни, құқық қорғау саласын тазартып, жаңа қызметкерлерді тағайындады. Орталық Азия елдерінде билік ауысу барысында болатын дәстүрлі қадамдар.
Кәсіпкерді қолдау. Өзбекстанның бизнесі де өзгерістерді күтті. Себебі бұл ел экспорттық тауар шығару мен инвестиция тартуда үлкен қиындық көреді. Сол үшін кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында жаңа салық реформасы дайындалып, бірнеше салық түрі мен пайыздар азайтылды. Мәселен, қосымша құн салығын 20 пайыздан 12 пайызға төмендетіп, салықтың үш түрі мен әлеуметтік аударымдардың орнына бір ғана табыс салығы енгізілді. Бұдан бөлек, 2018 жылды кәсіпкерді қолдау жылы деп жариялады.
Сыртқы саясат. Өзбекстан тәуелсіздігін алғалы бері сыртқы саясаттағы басымдығын Ресей мен Батыс арасында бірнеше рет өзгерткен ел. И.Кәрімов аймақтық ұйымдарға бір кіріп, бір шығып, позициясын нақтыламады. Оған қоса, Ауғанстандағы НАТО-ның жүргізген соғысын өз мүддесі үшін пайдалануға тырысып, Мәскеумен ара-қатынасын бұзып та алған. Билікке келген Мирзиёев алдымен осыған дейін дипломатиялық қатынас үзілген не нашарлаған көршілермен жақындасуға тырысты. Алғашқы шетелдік сапарын Мәскеу, Вашингтон не Бейжіңнен емес, Түрікменстаннан бастады. Содан кейін сан жылдар бойы Рогун ГЭС-не бола жабылып, тіпті, миналанған Тәжікстанмен арадағы шекара ашылды. Екі жақтағы халық емін-еркін жүріп-тұруға мүмкіндік алды. Қырғыз еліне өзі арнайы ұшып барды. Ортақ шекараның 85 пайызы анықталған құжатқа қол қойды. Кезінде Үңгір төбеде болған жанжалды да ұмыта бастады. Өзбекстанға алғаш рет Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған келді. Ал Ресейге Мирзиёев ресми сапармен барып, 16 млрд долларлық келісімге қол жеткізді. Жақсы жетістік. Бәлкім Мәскеу жаңа өзбекбасы ақша іздеп, Батысқа бет бұрмасын деген болар. Бірақ көп өтпей Өзбекстан президенті АҚШ-қа аттанды. Дженерал Электрик секілді компаниялармен, Экспорт-импорт банкімен ондаған құжатқа қол қойды. Бүкіләлемдік банк 940 млн доллар несие беруге келісті.
Сөз соңында. Бір қарағанда, Өзбекстанда үлкен өзгерістер жүріп жатқандай. Иә, расымен солай. Алайда бұлардың барлығы ХХІ ғасырда болуы шарт процестер әрі И.Кәрімов уақытында жасалмай, кешігіп іске асқан өзгерістер. Оған қоса, бұл реформалар 25 жылдық шектеулер мен тыйымдар режімінде болған халыққа аса қажет еді. Сол үшін де бұл бастамалар қоғам арасында қолдау тауып жатыр. Әрине, 2,5 жыл ішінде бәрі көктеп кетті деуден аулақпыз. Әлі де болса, сыни материал жазатын журналистердің тұтқындалғаны туралы жаңалықтар жетіп жатады. Өзбекстан экономикасы әлемдік стандарт бойынша қуатты емес. Халқының біраз бөлігі нәпақасын бүгінге дейін еңбек миграциясымен табады. Бұл елдің жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі 1504 доллар. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде 124-орында. Сөз еркіндігі индексінде жаһанда 165-ші болып жайғасты, бізбен шамалас.
Қысқасы, Президент Шавкат Мирзиёевтің билікке келуі Өзбекстанға біраз аса қажет реформалардың, либералды өзгерістердің басталуына түрткі болды. Алайда әлі де жасалатын жұмыс көп. Көршіміздің дамуы Қазақстан үшін де тиімді. Себебі тек осы елден жыл сайын бізге жұмыс іздеп 140 мың еңбек мигранты келеді. Қос елдің экономикалық әлеуетін ескерсек, тауар айналымы да көп емес, 2,1 млрд доллар. Егер Еуроодақтың тәжірибесіне сүйенсек, көрші мемлекеттер тең дамығанда, экономикасының бірнеше саласы қатар өседі, сәйкесінше бүкіл аймақ қуатты өңірге айналады.