ШЫМКЕНТ ӘКІМДІГІНІҢ ТЫҢ БАСТАМАСЫ
2019 ж. 11 наурыз
1594
0
Шымкент әкімдігі жабық кабинеттер мен есік алдындағы күзеттен бас тартып, тың басқармашылық тәжірибеге көшпекші.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жуминнің айтуынша, шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, онда әкімдіктің бес басқармасында менеджмент амалын өзгертуді тапсырды. «Бұл нені білдіреді? Біріншіден, қала әкімінің орынбасары, яғни – мен және бес басқарма кабинеттік жүйеден – ашық кеңселік кеңістікке өтеміз. Біздің арамызда қабырғалар мен қабылдау бөлімдері, хатшылар мен көмекшілер болмайды. Басшылардың кабинеттері әйнектен тұратын болады», – деді Данат Жумин Фейсбукте. Оның жазуынша, алдағы уақытта ашық есік саясаты жүзеге асырылады. «Екіншіден, біз халыққа жақындай түсеміз. Есік алдын полиция қызметкерлері күзетпейтін болады. Мейлі кәсіпкер, инвестор, қарапайым азамат болсын ешқандай тексерусіз азаматтарды қабылдайтын боламыз», – дейді ол. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, «ашық» кеңседе барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері жиналады. «Заманға сай амал-әдістер жергілікті атқарушы органда қаншалықты тиімді болады? Мемлекеттік секторға әлемнің үздік тәжірибелері сіңісіп кете ала ма? Осы сұрақтарға жауап іздейміз», – дейді Данат Жумин. Эксперимент сәуір айында басталып, жыл соңында аяқталады. «Кейін қорытындысын шығарып, халыққа міндетті түрде хабарлайтын боламыз», – деп түйді ол өз ойын.
qazaquni.kz