"Ақ жолдың" Түркістан облыстық филиалы алда болуы тиіс
2019 ж. 08 наурыз
3392
0
Түркістан – екі дүние есігі ғой.
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңір берген несібі ғой!-
деп, Алаштың ақиық ақыны Мағжан жырлаған Түркістан бұл!
Түркістан -түгел түркінің қасиетті руxани ордасы. Ел осы Түркістанның облыс орталығы болуын тілеп келді. Елбасы ел тілегін екі есе орындап, Түркістанды облыс орталығы етіп, облыстың да атын Түркістанға ауыстырды. Киелі Түркістан атын иеленулеріңіз құтты болсын, құрметті түркістандықтар!
Жолда біз Есім ханнның бас қолбасшысы болған Алатау батырдың ескерткішіне тағзым етіп, қасиетті Әзіре Сұлтан – Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне зиярат етіп шықтық. Ондағы бүкіл хандарымыз бен би-батырларымыздың рухына құран бағыштадық.
Түркістанның облысқа айналуына ұлттық мүддені ұлықтап келе жатқан "Ақ жол" партиясының да үлесі бар. Біз жыл сайын киелі Рамазан айында қасиетті Түркістанда ауызашар беріп келеміз. Былтыр мамырдың 25-26 күндері ауызашар өткен күні партияның Орталық Кеңесі пленумын да өткіздік. Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сол ауызашарда: «Жыл сайын ауызашарда Түркістанды облыс орталығы немесе республикалық маңызы бар қала етуді тілейтін едік, қасиетті Рамазан айында тілегіміз періштелердің құлағына шалынып, биыл осы түгел түркі елеңдей күткен игі шара қолға алынып жатыр»-деген еді.
Міне, қасиетті Рамазан айында, киелі Түркістанда айтылған тілекті Алла қабыл алып, Түркістан облысқа және облыс орталығына айналып отыр. "Ақ жол" партиясының Түркістан облыстық филиалы барлық облысқа үлгі боларлықтай алда болуы тиіс. Өйткені, Түркістан мәдениет пен руxанияттың ордасы. Түркістандықтар о бастан саяси сауатты да жауапты болып, қоғамдық белсенділіктерін көрсетіп келеді. Оны, міне, мынау 350 адамдық залдың ине шаншар ооын қалдырмай толып отырғанынан-ақ білуге болады. Ал қазір Түркістан облысы филиалының тұңғыш төрағасы болып сайланған іскер кәсіпкер бауырымыз Қаныбек Әбіш Әлмаxанұлы бұл тұңғыш деген сөздің салмағын, жауапты міндетті абыройлы атқара біледі деп сенеміз! "Ақ жол" партиясының Түркістан облыстық филиалына Ақ жол тілейміз!
Сөзімді Тұран тұлғасына айналған ұлы Мағжан ақынның өлеңімен бастап едім. Енді өз өлеңіммен аяқтайын:
Алуан үн бойыңда қырқысқанда,
Аруағың жаныңды шын қысқанда,
Бір Құдірет өмірде бар екенін,
Білгің келсе-
Келіп қайт Түркістанға!
Қазыбек ИСА,
"Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары
qazaquni.kz