ОТҚА МАЙ ҚҰЙҒАН ОРЫСҚҰЛ ЗАҢГЕР мәймөңкелемей-ақ қойсын

т

Белгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор Зайлағи Кенжалиевтің «Тіл туралы талап ұлт пен ұлысты ұйыстыруы тиіс» деген мақаласы осы жылдың 21 қырқүйегінде республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетінде жарияланды. Мақаланың алғашқы абзацтарын сол қалпында алып көрелік: «Жақында М.Шаханов бастаған зиялы топ өкілдері «Конституцияға қарсы әрекеттер тоқтатылсын» деген айдармен қазақ халқына, республиканы мекендейтін өзге ұлт өкілдеріне, ел Президентіне арналған мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты ашық хат жариялады. Бұл ашық хат, әрине, жанайқай, назар аудартпай қоймас шырыл, естір құлаққа естілмей қоймас жаңғырық. Бұл үндеу – қазақ зиялыла­рының шарасыздықтан ойлап тапқан әдіс-амалдары ғана...» Профессор мырзаның алғашқы абзац, алғашқы сөй­лемдерінің өзінен-ақ қо­ғамда басталған тіл туралы қоғалыс пен халық күшіне сенімсіздікпен қарап, оны жай «жанайқайы» мен жартасқа соғылған «жаңғырыққа», «қазақ зиялыларының шарасыздықтан ойлап тапқан соңғы әдіс-амалдары ғана» деп, немқұрайды қарағаны қалай? Бұл үндеу аздаған зиялы топтың ғана емес, бүкіл қазақ халқының атынан сөйлейтін айтулы азаматтардың үндеуі емес пе? Түсіне білген адамға мұзды мұхиттың жібіп, сеңнің қозғала бастағанын білдірмей ме? Тәуелсіздік алған 20 жылдан бергі іште тынып келе жатқан қазақ халқының ұлттық санасының жанартауы емес пе? Жанартау қашанғы бұғып жата бермек? Бір күні ол да ұйқысынан оянып, айналасына алапат күшін танытпай ма? Зайлағи мырза осыны неге білмейді? Білсе де, жай жаңғырық деп, елдің бетін басқа жаққа бұрғысы келеді. Сөйтіп барып, Конституциямыздың 7 бабын «қызғыштай қорғайды». Ондағы: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген 7 баптың 2 тармағын халыққа өзінше түсіндіріп, оған тиіспей, Конституциядағы өз орнында қалдыру керек деп тұжырымдайды. Мүмкін, Коституция жазылған кезде оған атсалысып, 7 баптың 2 тармағына елеулі үлес қосқан болар. Әйтпесе, оны қызғыштай қорғар ма еді? Ал енді, аталмыш 2 тармақты заңгеріміз қалай түсіндірмек болған? «Конституция мәтініне өзгеріс енгізбей-ақ, яғни Конс­титуцияның орыс тіліне байланысты аталмыш тармағын алып тастамай-ақ және өзгертпей-ақ, оның дәл нақты орындалуына жағдай жасау керек... Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады дегеніміз – мемлекеттік тілдің өз мәртебесін халықаралық талаптарға сай орындалуын қамтамасыз ету деп тану. (Қай мемлекетте екі тіл қатар қолданылып, мемлекеттік дәрежеге ие болған еді?) Орыс тілі қазақ тілінің тек өз конституциялық-құқықтық мәртебесін халықаралық талаптарға сай орындалуына нақты жол ашар және көмектесер нысандарда және бағыттарда ғана қолданылуы тиіс...( Орыс тілі қай заманнан бері қазақ тілінің жанашыры бола қалған?) «Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген конституциялық-құқықтық мәртебесі дәл және осы күйде бұрмаланбай орындалсын...» дейді заңгер мырзамыз. «Мені құртқан көкшолақ» дегендей, қазақ тілінің діңкесін құртып келе жатқан да «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тіркес емес пе? Ресми деген сөз міндетті дегенмен бірдей. Яғни, Қазақстан Республикасында қазақ тілімен бірге орыс тілі де мемлекеттік тіл статусын алып отыр деген сөз. Қазақстандағы орыстар мен орыс тілділер осыны арқа тұтып, ойларына келгенін істеп келеді. Тіпті, бүгінгі күн жағдайында қазақ тілі кейінге шегініп, орыс тілі басымдық танытып отыр емес пе? Зайлағи мырза бұл жағдайды 10 млн қазаққа қалай түсіндірмек? Әлде, Қожанасырдың кебін кидірмек пе? Қожанасыр бірде базарға барып, тышқан өлтіретін дәрі сатыпты. Келесі күні базарға қайта барған кезде одан дәрі сатып алған азаматтар: – Қожеке, мұныңыз қалай? Дәріні бұрыш-бұрышқа сеуіп қойып-ақ едік. Бірақ, тышқандар өлудің орнына, керісінше, көбейіп кетті. Бізді неге алдадың? – деп Қожанасырды қыспаққа алады. Сонда Қожанасыр былай деген екен: – Сендер дәріні қалай қолдануды білмеген екенсіңдер. Егер тышқанды ұстап алып, дәріні мұрнына тықсаңдар, табанда тұншығып өлер еді. – Ойбай-ау, тышқанды ұстап алатын болсақ, оны дәрісіз де өлтірмейміз бе? – деген екен алданған жұрт. Сол секілді, Зайлағи мырза Конституцияның 7 бабының 2 тармағын 10 млн қазаққа жеке-жеке жолығып, түсіндіре алар ма екен? Иә, оны мақала шеңберінде түсіндіруге тырысады: «Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген Конституцияның 7 бабының 2 тармағы, орыс тілі қазақ тіліне серіктес тіл, қазақ тілінің мемлекеттік тіл болу жолында оған көмектесетін жанашыр тіл, қазақ тілінің осы мақсатын іске асыруда оған бауырлас және тілектес тіл деген мағынаны білдіреді... Мінеки, орыс тіліне байланысты Конституцияның 7 бабының 2 тармағының ішкі шынайы мәні, мағынасы және негізгі конституциялық-құқықтық мақсаты осы» деп мәмөңкелейді. Сонда, Зайлағи кімнің сойылын соғып отыр? Әрине, ол осылай дей тұра, орыстық шовинизм мен өз тілін менсінбейтін, менсінбейді емес, білмейтін, бойында ұлттық қаны жоқ, орыс тілді билік басындағылардың отына май құйып отыр. Әйтпесе, профессор атағы бар заңгер «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген жазу Конституцияда бадырайып жазулы тұрғанда, қазақ тілінің көсегесі көгермейтінін білмейді дейсің бе? Біледі, біле тұра билік басындағыларға жағынып, өз бас пайдасы үшін ұлт мүддесін сату емес пе бұл тірлігі? Түптеп келгенде, ҚР Конституциясы 7 бабының 2 тармағын алып тастаса, дүние төңкеріліп кетпес еді. Төңкерілген күннің өзінде қазақтардың пайдасына шешілер еді. Ол үшін қазақстандық орыстар көтеріліс жасап, Ресей Қазақстанға соғыс ашпас еді. Өйткені, тіл туралы мәселе Қазақстан Республикасының өз мәселесі, мемлекетті құрайтын негізгі ұлт – қазақтардың мәселесі. Өзге мемлекеттің оған араласуға ешқандай құқығы жоқ. Әбдірахман АСЫЛБЕК ақын