Мемлекеттік басылымдар қожаларының қолшоқпарына айналды
2011 ж. 28 қазан
3455
10
Қарағанды облысында қазақ тілді басылымдар мүлдем жоқ десе де болады. Жалғыз 80 жылдық тарихы бар «Орталық Қазақстан» газеті ғана облыс көлемінде ана тілімізде ақпарат таратады. Қалалық, аудандық газеттерді қоспағанда. Аудандық газеттердің 95 пайызы қазақ тілімен қоса «бәрімізге түсінікті тіл» деп есептелінетін ресми тілде жарық көреді. «Қарқаралы» газеті ғана шұбарланған жоқ. Өткен жылы Кеңес заманынан бері қазақ тілінде шығып келген «Жаңаарқа» газетіне де орыс тілі қосылды. Аудандағы саусақпен санарлық өзге ұлт үшін осылай орнымыздан тұрып, орыс тілін төрге шығардық. Мемлекеттік саясатты насихаттауда қазақ тілінің қауқары жетпейді деп есептеген болулары керек.
Қарағандыдағы қазақ тілді басылымдардың саны туралы талай айтылды. Әзірге Қазақстандағы ірі қала Қарағандының көзі қарақты тұрғындары газет дүңгіршектерін басып алған Ресейдің сарыжағал басылымдарын немесе елімізде шығатын жеке меншік желөкпе газеттерді оқуға мәжбүр.
Аудандық басылымдардың қазіргі таңда ақпарат айдынындағы абыройы мен атқарар міндеті баршамызға аян. Әкімдіктердің қолшоқпарына айналғанын бірден ашық айту керек. Аудандағы қаламгерлер «сөз бостандығынан» қағылған. Пішіп айтқан пікірімізбен тілшілер іштей келісер.
Соңғы кездері аудан әкімдері қаржыландыратын әрі құрылтайшысы болып табылатын кейбір аудандық газеттер ауылдардың хал-жағдайына үңілуден гөрі, аудан әкімдерінің күнделікті жүрген-тұрғандарын жіпке тізіп, асыра мақтап жазатын болып алды. Мемлекет қаржысының арқасында жергілікті баспасөзді меншіктенген аудан әкімдерін мақтаудан аса алмай жүрген аудандық газеттерге халық сенім артудан қалған. Осыдан кейін аудандық, қалалық газеттердің таралымы аз деп жар сала жақ ашу ұят. Редакциядағы тілшілерге әмірлері жүретін әкімдер аудандық газеттерде өздерін мақтағанды жандары сүйеді, ал сынап-мінегенді қас көріп, қайткенде жұмыстан қууға күш салады. Бір сөзбен айтқанда, аудандағы әріптестеріміз мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда септігін тигізіп жатқан жоқ, аудан басшыларының абыройын асыруға аянбай атсалысып жатыр. Оқырманның емес, тақта отырғанның сойылын соққаннан асқан сорақылық жоқ шығар.
Ал алтын ұя – ауылдарымыз алтынмен апталып, күміспен күптеліп тұр деп кім айта алады? Келеңсіздік, проблема деген бастан асады. Шалғайдағы ауылдарымызда әлі күнге күрмеуі шешілмеген мәселелер шаш-етектен. Мысалы, ауызсуға қол жеткізе алмай, құдықтан су тасып жүрген, не жарытып жарық пайдалана алмай, жетім баладай күй кешіп тұрған ауылдар бар. Соны көріп тұрып, көрсоқырдай күй танытатынымыз журналистік арымызға сын. Жұрттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын мамандықтың иесі емеспіз бе? Әлде «халықтың тілі, көзі һәм құлағы» болуға дәрменсіз болғанымыз ба? Қазіргі қоғамдағы «төртінші билік» деген дәрежеміз қайда?
Қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосқан белгілі журналистер мен жазушылардың көбі осы кіші-гірім аудандық газеттерде еңбек жолын бастап, шығармашылығын шыңдап, елге танылғандары белгілі. Кеңес заманында кеңдік пен теңдік болмаса да ұлтының басына төнген қайғы-қасіретті қарымды қаламгерлеріміздің қаймықпай жазғанына таңқаласың. Ешкім олардың тілін кесіп, қаламын тартып алған жоқ. Қанымыздағы сол қайсарлық қайда қазір?
Әкімдер неге журналистердің аузына қақпақ болып отыр? Мемлекеттік басылымдар мен әкім-қаралардың илегені – бір терінің пұшпағы – халықтың қамы болуға тиіс емес пе? Ендеше, газетпен әлек болған әкімдер жергілікті газетке жағдай жасауды неге ойламайды?
Біздің білуімізше, бүгінде аудандық газеттердің жеке проблемасы жетіп артылады. Мәселен, журналистердің көбісінің басында баспана жоқ. Штаттық кестелері дұрыс құрылмаған, баспа үйлеріне, поштаға кететін шығындары үлкен. Материалдық-техникалық базасы ескірген. Тағы бір өзекті мәселесі – маман жетіспеушілігі. Соның салдарынан көптеген аудандық басылымдар жұмысқа кәсіби журналисті емес, кез-келген көлденең көк аттыны қабылдай береді. Ал бұл мазмұн сапасына әсер ететіні белгілі. Жоғары білімді жас журналистер аудандық газеттердің жарымжан жалақысын көріп, ат-тондарын ала қашады.
Қорыта айтқанда, ашық айтып сау басыма «сақина» тілегенімше, «сен тиме де, мен тиме» деп, аптасына бір рет әкім-қараларды бақайынан басына дейін мақтап, мәртебесін аспандатып отыруды аудандық басылымдар өздерінің мақсатына айналдырмай, ауылды жерлердегі әлі күнге түйіні тарқамай тұрған әлеуметтік, ұлттық, мемлекеттік-саяси мәселелерді көтеріп, шешілуіне септігін тигізсе нұр үстіне нұр болар еді.
«Теңіз тамшыдан құралады» десек, қазақ журналистикасын кері емес, алға бастау осы аудандық газеттердің де бірден-бір борышы деп есептейміз. Ол үшін, алдымен, аудан әкімдіктерінің журналистерге қатысты ұстанған қатал саясатына тегеурінді тосқауыл қою керек деп ойлаймыз.
Сіз не дейсіз, Мәртебелі Оқырман?
Асылбек ТОЙБЕК
Жомарт ОСПАН, Журналистер одағының мүшесі: – Қазіргі таңда аудандық газеттер әкімдіктің бюллетеніне айналды. Оқырманы – бюджеттік мекеме қызметкерлері мен ауданның қариялары. Өйткені, аудан газеттерінің беттерінен тек жергілікті мекемелердің қаулы-қарарлары мен жұмыстары жөніндегі насихат мазмұнындағы материалдар оқуға болады. Бұл – барлық аудандық газеттің басындағы жағдай. Оқырманның мүддесін көксемейтін, таралымы 2-3 мың данаға әрең жететін газеттерді «аудан айнасы» деп айту ұят.
Сандуғаш ТЕЛПЕКБАЕВА, Гоголь атындағы облыстық кітапхананың өлкетану бөлімінің меңгерушісі: – Біздің кітапханаға Қарағанды облысына қарасты аудандардың басылымы апта сайын келіп тұрады. Біз өлкетану бөлімі болғандықтан өңірлердің тарихынан сыр шертетін материалдарды жинап, қорымызда сақтаймыз. Аудандық газеттерден мұндай материалдар табу қиын. Көбіне сол күнделікті ақпараттар мен хабарлар жарияланады. Кейбір аудандардың өз өлкетанушылары мен тарихшылары арагідік аудандық басылымдарда құнды материалдарын басып тұрады. Бірақ тың деректер табу қиын. Біздің тілегіміз – аудан газеттерінде әр өңірдің белгілі тұлғалары мен жер, ел тарихы туралы дүниелер айына бір рет болса да көрініс тауып отырса ғанибет болар еді. Сонда жастарымыз газет арқылы білімін, таным-түйсігін кеңейтер еді. Аманғали ҚАЛЖАНОВ, «Шахтинск» газетінің тілшісі: – Қарағанды өңіріндегі аудандық, қалалық газеттер туралы көп нәрсе айтуға болады. Бірақ, ең алдымен «олардың қаншасы таза қазақ тілінде шығады?» деген сұрақты қойып көрсек, «ұлтым» дейтін азаматтардың ортақ мұңы шыға келеді. Иә, осы жағын айтқанда, аудандарда тек таза қазақи Ақтоғай, Қарқаралы, Ұлытау, Шет аудандарының, Балқаш, Жезқазған сияқты қалаларының газеттерінде бұл жағынан мін жоқ шығар, ал қалғанымыз «ақсап тұрмыз». Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік тілді дамытамыз десек, әр қалада, әр ауданда таза қазақ тілінде шығатын газет керек. Соның уақыты жетті. Әрине, кадр жоқ, материалдық-техникалық база керек деген сұрақтар туындауы мүмкін. Алайда, шын ниет болса, осы тілегімізді іске асыру аса қиындық тудырмас деп ойлаймын. Содан кейін, «бүйректен сирақ шығару» дегенді қою керек. Мәселен, бұрын Жаңаарқа аудандық газеті қазақ тілінде шығып тұратын, кейінгі бір-екі жылдың көлемінде оған орыс беттерін де қосыпты. Осының қажеті қанша? Түсінбеймін...