АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫНЫҢ ЗИРАТЫ ТАБЫЛДЫ. Сұлтанбек, Тұрар, Нәзір үшеуі бір жерден табылды...

ал

Қазақ жерінде болған қуғын-сүргін талай азаматтың өмірін жалмап кетті. Бірінің мүрдесін жер қойнына тапсыра алсақ, бірінікін ардақтап көмуге де зар болғанбыз. Сол арыстардың жерленген жері табылды бүгінде. Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов пен Нәзір Төреқұловтың да қайда «қалғаны» белгілі болып отыр. Режиссер Еркін Рақышев «Тұрар Рұсқұлов туралы» деректі фильм түсіремін деп, олар жерленген жерден  бір-ақ шыққан. Олардың денелері репрессияланған басқа да азаматтардың мәйітімен бірге КСРО НКВД-сының Мәскеу облысындағы «Коммунаркада» жатқаны белгілі болды. Ол жер бұрын Мәскеудің ішкі істер комиссары, кейінірек өзі де атылып кеткен Ягоданың көп саяжайларының бірі болыпты. «Коммунарка» 1930-1940 жылдар аралығында жаппай атылғандарды жерлеу орны ретінде белгілі. 1999 жылға дейін ол «Лоза» деген құпия атпен аталып келген. Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі сарапшыларының пікірінше, қорымда 6,5 мың адамның сүйегі жатыр, алайда олардың ішінде 4527 адамның ғана аты-жөндері белгілі. Негізсіз таңылған саяси айып бойынша атылған сол адамдардың аты-жөндері арнайы шығарылған дерекнамалық кітапқа енгізіліп, сонымен бірге қысқаша өмірбаяндары да берілген екен. Еркін РАҚЫШЕВ, «Тұрар Рысқұлов» деректі фильмінің режиссері: – «Коммунарка» зиратханасының орнында қазір бір шіркеу орналасқан. Сол шіркеудің қызметкерлері «Федералды қауіпсіздік қызметі барлық құжаттарды жақында ғана «Мемориал» қоғамдық қорына берді» дейді. Солардың барлық қағаздарын компьютерге шығарып қарадық, олар толық тізімді көрсетпейді. Тек фамилия атасаңыз, компьютерге шығарып береді...» Шаң басқан архивтерді іздеп барып, «үш арыстың» жерленген жерін анықтаған режиссердің еңбегі қазақ халқы үшін үлкен жетістік. Қабірістанға айналған «Коммунарка» өзінде талай сырды жасырып жатқаны анық. Ендігі үміт тарихшыларда. Кім білсін, мүмкін әлі талай қайраткердің қабірі табылмаса да, қолжазбасы осы жерден табылар. Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ