Түбі бірге түркi халқы, түгел бол!
2011 ж. 28 қазан
16595
3
«Төртеу түгел болса – төбедегі келеді, алтау ала болса – ауыздағы кетеді». Түбі бір түркі жұртын бір шаңырақтың астына жиып, Түрік қағанатын құрған ер Бумыннан бастап, Естеми қаған, абыз Тоныкөк, көне түріктің көк семсері атанған Күлтегін сынды батырлар Көк Тәңірге сыйынып, төбедегіні келтірген еді…
«Мешіттер – қорғанымыз, Күмбездер – дулығамыз. Мұнаралар – найзамыз, Муминдер – әскеріміз» деп ұрандатқан түркі жұрты әлемнің жартысына билігін жүргізген ержүрек халық болған деседі…
«Бек ұлдары – құл болмасын, Пәк қыздары – күң болмасын» деп, күллі түркі әлемін қорғау жолында «бастыны – еңкейтіп, тізеліні – бүктірген еді» дейді шежіре-тарих…
Мұның бәрі – өткеніміз.
Ал бүгін ше?
Бүгін қоғам басқа, заман басқа, адам басқа. Кезінде Кеңес Одағының өктемшіл саясаты түркі жұртының ағайын болып, аралас-құралас өмір сүруіне жол беру былай тұрсын, керісінше, бір-бірін жатсынып, жатырқайтын деңгейге жеткізіп еді. Алайда, өктем саясат түркі жұртының бауырмалдығын жоя алмады. Әр ел дербестік алып, тәуелсіздігін жариялап, «өз қолы өз аузына жете» салысымен-ақ түркі ағайындар бір-бірін іздей бастады. «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, бабалардай айбатты да қайратты, ауызбірлігі жарасқан түбі бір түркі елі болып айрандай ұйымасақ та, қайсыбір тұста түп-тамырымыздың бір екенін еске алып тұрамыз… Таяуда Алматыда «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесінің» (Түркі кеңесі) 1-ші саммиті осындай ойға жетеледі.
Әріден қозғайтын болсақ, 1992 жылғы қазанның 30-31-і күндері Анкарада сол кездегі Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың бастамасымен түркі тілдес мемлекеттер басшыларының І саммиті шақырылған еді. Бұл Ататүрік аңсаған, Алаш көсемдері армандап жете алмай кеткен түркітілдес елдердің бірлігін көздеген бастама болатын. Тұрғұт Өзал бауырлас елдер арасында береке-бірлік болса десе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «түбі бір түркі, түгел бол!» деген ұран тастаған еді. Содан бергі кезеңде осы ұйым сыртқы және ішкі саясатта да, әлеуметтік-мәдени байланыста да бірқатар игі істер атқарды.
Биылғы саммитте Әзербайжан Республикасының Президенті Илһам Әлиев, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отынбаева және Түркия Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бекир Боздағ кездесті. Ескере кетер бір жайт, саммитке Түркия премьер-министрі Тайып Ердоған келеді деп күтілген еді. Алайда, Түркияда болған лаңкестік әрекеттерге байланысты, ол келе алмады.
Биылғы Түркі кеңесінің төрағасы ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Саммитті ашық деп жариялап, сөз басында Түркияда болған террорлық әрекет салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты.
Бауырлас түркі жұртына ортақ дүние көп. Тегіміз бен тіліміз бір, дініміз бен діліміз бір, әдебиетіміз бен мәдениетіміз тамырлас, саясатымыз бен тарихымыз ортақ. Сондықтан бүгінгідей алмағайып заманда, әсіресе, жаһанды шарлаған қаржы дағдарысының екпіні қос өкпеден алып, лаңкестік, экстремистік, сепаратистік келеңсіз құбылыстар, есірткі тасымалы мен заңсыз қару-жарақ саудасы бел алып тұрған кезде ағайын елдер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға мүдделі. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің І саммиті «Түркітілдес мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығы» деген тақырыпта өтті.
Жер бетінде түркітілдес халықтар саны 200 миллионнан асып жығылады екен. Түркітілдес халықтардың қай-қайсысының да геосаясатта болсын, әлемдік экономикада болсын, өзіндік орны бар. Жағрапиялық орналасуы да ерекше. Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғастырар транзиттік маңызға ие. Бұл мемлекеттер көмірсутегі қорына да, басқа да шикізатқа өте бай. Осындай артықшылықтар түркі әлемінің жаһандағы орнын нық бекіте түсері сөзсіз. Болашағы зор түркі жұрты алпауыттардың жеміне айналып кетпес үшін ынтымақтастық құрып, тізе қосу қажеттігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әркезде қадап айтып жүр. Бұл саммите баяндама жасаған Н.Назарбаев осы елдердің болашақта бас қосып атқарар бірқыдырғы мақсатты іс-шараларына тоқталды.
– Біздің мақсат – түркі елдерінің арасында экономикалық, мәдени байланыс орнату, бауырлас елдердің арасындағы қарым-қатынасты дұрыс жолға қою. Біз бір-бірімізге көмектесіп, экономика министрлеріне тапсырма беріп, екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуымыз керек. Сауда-саттықты ұлғайтуымыз қажет. Әрине, ол нарық жүйесінде болуы керек. Қазіргі заманда ешкім-ешкімге бекерге ештеңе бермейді. Бірақ та көмектесуімізге болады. Ильһам Әлиев көлік жүйесі жөнінде өте нақты мәселелер айтты. Біз оны іске қосуымыз керек. Тауарлар Еуропаға кетіп жатыр, енді өз ішімізге бұрмасақ, ол жолдармен не тасимыз? Қырғыз президенті Роза Отынбаева да өте нақты, көптеген ұсыныстар енгізді. Біздің Қазақстанда құрылған Түрік академиясы, Ақсақалдар алқасы бар, мәдени қарым-қатынастарымыз бар. Бірақ экономикалық қарым-қатынасқа айрықша көңіл бөлер кез жетті, – деді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев. Елбасының айтуынша, қазір дүниежүзінде елдің бәрі дағдарыстың екінші жүйесі келе жатыр деп есептейді. Осыған байланысты түркітілдес мемлекеттердің ішінде қандай талдау бар? Не істеуіміз керек? Қандай қорлар құруымыз керек? Басқосу барысында бұл мәселелер кеңінен талқыланды.
Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің өкілдері бұл жиында әлемдік дағдарыс дауылына қарсы тұруға бағытталған ортақ әрекеттердің тиімді тетіктерін қалыптастыру жайын талқылады. Сонымен қатар, сауда-экономикалық, инвестициялық көпжақты байланыстарды дамытуды жолға қою мәселесі, осы елдердің транзиттік мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану жолдары сөз болды. Саммитке қатысқан түркітілдес төрт мемлекеттің басшылары мен өкілдері бауырлас елдерді жақындастыру үшін мәдени-гуманитарлық өзара байланыстарды одан әрі тереңдетуге уағдаласты. Саммит нәтижесі бойынша, Алматы декларациясы және Түрік кеңесінің рәсімдік ережелері қабылданды. Бұл құжаттарда елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастардың сан түрлі саласы қарастырылып, нақты тапсырмалар берілді.
Және бір айта кетер жайт – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саммит барысында Түркі әлеміндегі кесек туындылардың антологиясын құрастырып, ортақ альманах шығару қажет деген ұсыныс айтты.
– Тарихта із қалдырған әйгілі тұлғаларды бір-бірімізге таныту үшін кең ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруымыз керек. Жастар арасында спорт ойындары мен театр фестивальдерін жиі ұйымдастырған жөн деп санаймын, – деген Н. Назарбаев мынадай нақты ұсыныстар айтты. Біріншісі, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Яссауи және басқа да ежелгі атақты бабаларамыздың түркі әлеміне ортақ мұрасын бірлесе насихаттау. Екіншісі, 2017 жылы Түркістанда «Қазіргі түркі әлемі: нақты ахуал және даму болашағы» атты халықаралық симпозиум өткізу. Үшіншісі, 2012 жыл Қазақстан елордасы түркі мәдениетінің астанасы болып жариялануына орай мәдени іс-шаралар фестивальдерін ұйымдастыру. Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ теңізге дейінгі Ұлы далада өз билігін жүргізді. Бізге өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ – киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті және өкшені, үзеңгіні ойлап тапты. Осындай батырлық эпосты дүниеге танытудың кезі келді деп ойлаймын. Ол үшін жалпыға ортақ Түркі академиясын құру қажет. Мен бауырымыз Илһам Әлиевтің ТҮРКІСОЙ жанында тиісті үлкен қор құру жөніндегі ойын қолдаймын. Осы қордың құрамында Түрік академиясын құруды қарастыру қажет, – деп толықтырды сөзін Қазақстан басшысы. Нұрсұлтан Әбішұлы болашақта Өзбекстан мен Түркіменстан мемлекеттерін де осы Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер қатарынан көргісі келетінін жасырмады.
Кездесу барысында екіжақты келіссөздер жүргізілді. Жақын арада болатын Қырғызстандағы президенттік сайлауға сәттілік тілеу де ұмыт қалған жоқ. Алқалы жиынға қатысқан түркі мемлекеттері басшыларының шешімімен келесі кездесу ендігі жылы Қырғызстан астанасы – Бішкек қаласында болады. ТМЫК Бас хатшысы Халиль Ақынджының айтуынша, келер жылы Бішкекте өтетін саммит «Білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастық» тақырыбына арналмақ.
Жиын осылай аяқталды. Өзін көк түріктің ұрпағымын деп есептейтін әр жүректе «Түркі халқы жойылмасын, ел болсын!» деген тілек тұрды...
Сәуле ӘБІЛДАХАНҚЫЗЫ