Дәурен Абаев: Қазақстан өте маңызды кезеңге қадам басып келеді
2018 ж. 24 қараша
2934
1
Біздің халық өзіндік жолын табуда өте маңызды кезеңге қадам басып келеді. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында Елбасының мақаласы туралы осылай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Тәуелсіздік алғанына отыз жылдай уақытқа тақап қалғанын ұмытпау керек. Біз өте жас мемлекетпіз. Иә, біз нарықтық экономиканың іргесін көтеріп, әлеуметтік жауапкершілігі мол мемлекетті қаладық. Біз халықаралық құқықтың мойындалған субъектісі болып табыламыз. Сонымен қатар, біздің халық өзіндік жолын табуда өте маңызды кезеңге қадам басып келеді. Адамның тарихи танымы - қайдағы бір статистикалық субстанция емес. Ол - біздің өзіндік танымымызды өзгертіп келе жатқан органикалық және менталды процес. Адам үшін «біз кімбіз, түп тамырымыз қайда?» деген сұрақ әрдайым маңызға ие болып қала береді», - дейді Дәурен Абаев.
Министр Тәуелсіздік алған жылдан бері 28 жылдың ішінде бұл бағытта көптеген ілкімді істер атқарылғанын тілге тиек етті. Дәурен Абаев атап өткендей, осы уақытта Қазақстан жаңа тарихтың негізін қалап, тарихи мұралардың ауқымды бөлшегін аршып алған. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау - біздің мемлекеттілігіміздің уақыт жағынан шекарасын кеңейте түскен.
«Осының бәрі де біздің жүйеде білім мен тарихта, мәдениетте өз орнын тауып жатты. Осы ретте Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы - осынау үлкен процестің жаңа межесі болып отыр. Тарих жайлы ойлана келе Нұрсұлтан Әбішұлы ауқымды түрде өзіміздің тарихымызға, жаһандық тарихтың қалыптасу жолында Ұлы даланың маңызы мен рөліне үңілуге шақырады», - дейді министр.
Дәурен Абаев өз сөзінде атап өткендей, өзіндік тарихты танып білу - адамның ерік-жігерінің, рухының мәйегі болып табылады.
«Тарихты танып білу - әрбір адамның этнос, ұлт, тіпті адамзат тарихындағы өз орнын айқындап алуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, оны айқындап алмай біздің мемлекеттің ірі жетістіктеріне қол жеткізуі мүмкін емес. Біз өзіміздің алдымызға әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену бойынша асқақ мақсат қойдық. Ойланып қараңыз, қазіргі таңда Қазақстан үшін бұл - тарихи миссия. Ол - біздің балаларымыз, немерелеріміз бен шөберелеріміз қандай елде тұратынын анықтап береді. Бүгінгі күнмен өмір сүретін ұлт осынау асқақ мақсаттарға жете ала ма? Міне, сондықтан Президент жүйелі түрде біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуымыздың балансын реттеуді жалғастырып келеді. Бұл ретте «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы - қоғамдық сананы жаңғырту тұрғысынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үйлесім табады», - деді Дәурен Абаев.