"Өзіңіз түсінбей тұрсыз!" Нығматулин сұраққа жауап бере алмаған вице-министрге шүйлікті
2018 ж. 22 қараша
4462
0
Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын талқылау кезінде төраға Нұрлан Нығматулин депутаттың сұрағына нақты жауап бере алмаған вице-министрге шүйлікті.
Бұл туралы sputniknews.kz хабарлады.Президент Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін бекіткен жарлыққа жария түрде қол қою салтанатында сөйлеген сөзінде Шымкент бүкіл Орталық Азия өңіріне инвестициялар, технологиялар және зияткерлік ресурстар тартуға мүмкіндік беретінін атап өткен-ді. Осы орайда, депутат Айзада Құрманова ҚР ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Руслан Дәленовтен Шымкент қаласының дотациялық өңірден донорлық өңірге қашан көшетінін және осы мәселеге байланысты қандай жоспарлар бар екенін сұрады.
"Қазірдің өзінде Шымкент инвестициялар жағынан көшбасшылар қатарында. Жуырда Шымкентте бизнес бастамаларды қолдайтын жаңа әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құрылды. Бұл корпорациялар өңірдің дамуына инвесторлар тартумен айналысады. Жалпы Шымкент қаласын дотациялық өңірден донорлық өңірге көшіру перспективалары қандай?" — деп сұрады мәжіліс депутаты.
Вице-министр жергілікті экономиканы дамыту мәселесі өте маңызды екенін айтып, Шымкенттің жергілікті бюджетті кірістермен қамтамасыз ететініне тоқталды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жергілікті бизнесті дамыту маңызды екенін атап өтті.
"Халық тұрғысынан, бизнес-нарық тұрғысынан – екі өңірдің әлеуеті өте жоғары. Осы аймақта бизнесті дамыту үшін әлеуметтік-кәсіптік корпорациялар құрылды. Мысалы, Түркістан және Шымкент корпорациялары. Тағы да жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы бар. (…) Бірақ әзірге Шымкент қаласы донор емес. Шамамен Астана сияқты 8-10, 15 жыл ішінде донорлық өңірге көшеді деп ойлаймыз", — деді вице-министр.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин вице-министрдің бұл жауабына қанағаттанбағанын айтып, депутат сұрақтарына нақты жауап беруді сұрады.
"Жақсы, маңызы туралы айтып өттіңіз. Енді қандай бағдарламалар арқылы дотациялық өңірден донорлық өңірге көшеді? Экономикамен сіздің министрлік айналысатын болғандықтан, сіз білуіңіз керек: қандай қадам, қай жылы жүзеге асады, қай кезде нәтиже аламыз? Меніңше, сіз жауабыңызды өзіңіз де түсінбей тұрсыз. Жалпы "күрделі", "маңызды" деген сөздерді айтып өттіңіз. Оны халық сізсіз де біледі. Маман болған соң дұрыстап, анықтап алып жеткізу керек", — деп шүйлікті Нұрлан Нығматулин.
Руслан Дәленов өз кезегінде әлі арнайы бағдарлама қабылданбағанын, бірақ алдағы уақытта тиісті реформалар болатынын жеткізді. Сондай-ақ, мәжілісте қойылған сауалға жазбаша жауап беруге рұқсат сұрады.