Монополистердің барлығы тарифті арзандатады — министр
2018 ж. 17 қараша
2980
1
Қазақстанда тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы барлық монополистер тариф бағасын арзандатады.
Бұл туралы Алматы әкімдігінде болған отырыста ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ газ құны жүйелі оператордан алатын бағасына байланысты екенін айтты. Жылу құнының 35-60%-і көмір бағасы мен жеткізу құнына тәуелді.
Бірақ ол жерде де айтылмай жатқан шикіліктер көп. Оны біртіндеп шығарамыз. Ең бастысы барлық монополистер тарифті түсіретін болды.
Сондай-ақ, тариф құны жылдан жылға озық технологияларды енгізуге байланысты одан да арзандауы керек», — деді ол.
Министрдің айтуынша, барлық мәселе ҚР Энергетика министрлігімен біріге шешіледі.
«АлЭС ( «Алматыэлектростансалары» АҚ) энергия көзі ретінде көмірді пайдаланады. Олардың айтуынша, былтыр көмірді жеткізу құны 30%-ке көтерілген. Енді бұл жағын «Қазақстан темір жолы» АҚ, ҚР ИДМ мен бірігіп шешетін боламыз», — деді Тимур Сүлейменов.
Сонымен қатар, жиында Алматы қалалық табиғи монополиялардың жұмысын реттеу департаментінің басшысы Болат Сәмбетов қатысқан еді. Ол «Алматы Су» кәсіпорнының тарифті 43 процентке көтеру туралы өтініші қабылданбағанын жеткізді. Бұған министр асыра сілтеуден сақ болуды ескертті.
«43 процентке көтеруге мүмкіндік бермедім дейсіздер. Асыра сілтеу болмасын. Сіздер монополистер мен тұтынушылар арасындағы балансты сақтауларыңыз керек. Кейін судың сапасы нашарлап, тұтынушылар шағымданып жүрмесін», — деді министр.
Айта кету керек, 7 қарашада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында коммуналдық қызметтерге тарифтерді заңсыз өсірген табиғи монополиялар субъектілерін жазалауды талап еткен болатын.
Мемлекет басшысы тексеру барысында энергия жеткізуші компаниялар тарапынан халыққа келтірілген 14 млрд теңге сомасында шығын анықталғанын атап өтті.
15 млрд теңге сомасында энергиямен қамтамасыз ететін ұйымдардың заңсыз кірісі белгілі болды. Сонымен қатар жақында Алматы прокуратурасы табиғи монополиялардың қызметін тексерген болатын.
Қалалық прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, коммуналдық кәсіпорындар 6,6 млрд теңгені артық алып қойған.