Путинге қамшы сыйлаудың астарында не жатыр?
2018 ж. 11 қараша
5966
0
Басқа мемлекеттің басшылары бір-біріне қару, қанжар сыйлап жатады. Қазақтың қаруы – қамшы. Ауылда әлі күнге дейін қамшысыз жүрмейді. Қысты күні құтырған бура шауып, қасқырға кездесіп қалғанда – қамшымен жасқап, қамшымен-ақ қасқыр соғып алған қарулы жігіттер болған. Ондайды талай рет көрдік те, естіп те өстік. Елбасының Путинге қамшы сыйлағанынан ешқандай ерсілік көріп тұрған жоқпын. Қазақта қамшыға байланысты айтылатын әңгіме көп. Соғысқа кетіп бара жатқанда қатыны артынан ілесіп жүгірсе, күйеуі оны қамшымен бір тартады екен де, кете береді екен. Егер күйеуі содан қайтып оралмаса, «өлерін біліп, кеуілің суысын деген екенсің ғой», -деп, жоқтау айтыпты жесір қалған келіншегі. Тарих деген қызық нәрсе. Қырымның ханы Дәулеткерей орыс патшасын жазалау үшін Мәскеуге жорыққа аттанып, Мәскеуді өртеп жібереді де, Иван патша әрең дегенде қашып құтылады. Тұрыстық бере алмай, майдан даласынан қатын құсап қашып кеткен Иванға Дәулеткерей сонда былай деп хат жазып жіберіпті: «Я свой плетка на твой Масква вешал!» - «Мен сенің Мәскеуіңе қамшымды іліп кеттім!» .. Қазіргі тілмен айтқанда, мен саған бірдеме қойдым деген сөз.... Президентімізге басқа нәрсе сыйласа да болатын еді. Бірақ ол қазақтың президенті. Бұл сөзді, «нагайка» (қамшы) дегеннің не екенін білмейтін орыс жоқ. Дипломатияның тілі – тұспалдап айтатын тіл. Президентіміз қамшы сыйлап, қазақ сол Мәскеуге қамшысын іліп кеткен ордалықтардың, бір кездері өздерін бағынышты қылып ұстағандардың тұқымы екенін тұспалдап тұрғандай болып көрінді...
Жолымбет Мәкіш, Фейсбук парақшасынан