Орыс тілін АтаЗаңнан алып тастамай, алға басу мүмкін емес

Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды. Шерхан Мұртаза

тил

Мемлекеттік тіл, яғни, ана тілі – әр елдің өзіне тән өмірлік болмысы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін үлкен күретамыры және тіршілік бастауы. Бүгінгі таңда Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Алайда, мемлекетіміздің ертеңі мен бүгінін айқындайтын, оның тұғыры берік болуына ықпал ететін қазақ тілінің ілгері жылжуына баяу әрі әлсіз қадамдар жасалынуда. Біздің елімізде соңғы уақыттары, яғни 20 жылдан бері табандап бір орнынан қозғалмай тұрған маңызды мәселе – қазақ тілінің мәселесі. Сан ғасырлар бойы қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей келе жатқан ана тілі, егемендігімізді алған уақытта ақсап тұрғаны, алдымен, елдігімізге, екіншіден азаматтығымызға сын.

Анасының ақ сүтімен бойына дарыған ана тілін ұмыту, ана тілін білмеу үлкен қасірет түсінген адамға. Мемлекеттік тілдің бүгінгі ахуалы қандай екені айтпаса да түсінікті. Қазақ тілі жайында тілге тиек етуге тұрарлық, әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселелер шаш-етектен. Мәселен, қазақ тіліне бей-жәй қарап, өз ана тілдерінде сөйлеуге намыстанып, ауызекі сөйлеу тілінің басым көпшілігі мемлекеттік тілде емес, өзге тілде болуы көңілге үлкен кірбің ұялатады. Әрбір ұлттың, әрбір мемлекеттің бүкіл болмысын көрсететін құндылық – әрине, оның тілі. Адам белгілі бір қоғамда өмір сүреді, сол қоғамның материалдық және рухани байлығын қалыптастырады. Сондықтан да адамдар үнемі қарым-қатынаста болады. Ал қарым-қатынасты орнатып, адамдардың өмір сүруі үшін, әрине тіл керек. Егер тіл болмаса, адам мен адамның аралысып, ғұмыр кешуі мүмкін емес. Дана халқымыздың «адам – тілімен адам» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Қандай қоғамды алып қарасақ та, болып жатқан өзгерістердің барлығы дерлік тіл арқылы дамиды, тіл арқылы басқаға жетеді және әр елдің өзінің ана тілі болады. Ана тілін жоғалтқан ұлт толыққанды ұлт бола алмайды. Болған жағдайда да, өзге елдің боданында, өзге елдің қол астында болары сөзсіз. Бүгінгі біздің еліміздің жағдайы осындай күйде десек, қателеспейміз. Өйткені, біз әлі де Ресейдің боданынан шыға алмай, көлеңкемізден қорқып өмір сүріп келеміз. Олай дейтініміз, тіл туралы конститутциялық заңнамада орыс тіліне ресми тіл ретінде орын берген 7 баптың 2 тармағын алып тастау туралы ұсынысқа билік басында отырған азаматтарымыз қарсы болып, тартыншақтық әрекет жасады. Тіпті, кейбіреулері қолдаса да, артынан «біз қолдаған жоқпыз, байқамай қол қойып жіберіппіз» деп, сөздерінен тайқып шыға келді. Ал бір-бір орынды иемденген депуттар қауымы болса, «жылы орнымнан айрылып қаламын ба?» деп қорықса керек, көпшілігі кібіртіктеп не қолдарын, не қолдамысын білмей, жан-жағына жаутаңдады. Тіпті, араларында «Жас қазақ үні» деген дауысты ести салысымен тұтқаны қойып, ұялы телефондарын өшіріп тастағандар аз болмады. Міне, біздің сеніп жүрген депутаттарымыз осындай! Біз егеменді ел болдық, енді кімнен қорқамыз? Әлде Ресей әлі де болса өз саясатын астыртын жүргізіп отыр ма? Әр мемлекет өз алдына қалыптасқаннан кейін, сол елдегі оның негізін құрайтын халықтың тілі болады. Мысалы, Қазақстан жерін бұрыннан бері қоныстанып, «туған жерім, менің отаным» деп келе жатқан халық, жергілікті ұлт, осы жердің иесі – қазақтар. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз елі мен жері үшін өмірлерін қиып, қанша қырғын көрсе де, еш халықты басындырмай, тілі мен ділін, мәдениеті мен дәстүрін атадан балаға мұра әрі аманат етті. Олардың бізге қалдырған асыл мұрасы – «Қазақ елі», «Қазақстан» деп аталады. Сондықтан Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі болуы және барлығы сол тілде сөйлеуге міндетті екендігі ешқандай талқыға салынбайтын мәселе, қалыпты жағдай. Егер тіліміз бүгінгідей жағдайда, осындай қалыппен тұра беретін болса, қазақ елі көп ұзамай, егемендігінен айырылып, ел болудан қалады. Өйткені, еліміздің елдігін танытатын мемлекеттік тіл жетім баладай жәутеңдеп келеді. Тәуелсіздігімізді алғанымызға 20 жыл жыл болса да, қазақ тілінің мәртебесі ілгері жылжи қойған жоқ. Мәселен, қарапайым дүкеннен нан сатып алудан бастап, үлкен мемлекеттік қызметтерді атқарудың барлығы орыс тілінсіз жүзеге аспайды. Орыс тілін білмейтін бірде-бір қазақты, бірде-бір әкімді, бірде-бір мемлекеттік қызметкерді көрмейсің. Керісінше қазақ тілін, өзінің ана тілін білмейтін дөкейлерді де, қатардағы қарапайым азаматты да жиі көресің. Оларды азамат деа айтуға тұрса егер... Қазақ елінде қазақ тілінің өгейлік көруі, ана тіліміздің Қазақстан атты қанатты елдің мемлекеттік тілі бола алмай отыруы жүрегі қазақ деп соққан әр адамды ойлантары сөзсіз. Байқап қарасақ, мемлекеттік тіл туралы заң қабылданды және мемлекеттік қызметтерде іс жүргізудің барлығы қазақ тіліне көшу туралы бағдарлама жүзеге асырылды. Жыл сайын мемлекеттік тілді дамыту үшін қыруар қаржы бөлініп, арнайы тіл комитеттері құрылды. Десе де, елімізде Қазақ тілі ақсап, көштен қалып қойды. Заң жүзінде мемлекеттік тіл болғанымен, іс жүзінде оған жете алмады. Сол себепті, ендігі кезекте мемлекеттік іс жүргізудің барлығын бірдей мемлекеттік тілге көшіріп, тек мемлекеттік тілде орындалатындай етіп жүктеулі тиіс. Егер біз міндеттемей, бәрі өз кезеңімен болады десек, осы күнімізге зар болып қалатынымыз айдан анық. Өйткені, мемлекетті басқару іс жүзінде орыс тілінде жүріп, қазақ тіліндегісі тек есеп беру үшін ғана жасаланып жатыр. Оны жасырудың еш қажеті жоқ. Онсыз да еңбектеген баладан, еңкейген қариямызға дейін жақсы біледі. Басқа ұлт өкілдерін қойып, орыс тілінде сөйлейтін қазақтардың өздері өз ана тілдеріне мойын бұра қойған жоқ. Тек белгілі бір лауазымды қызметке тағайындаларда немесе депутаттыққа сайланар алдында біреудің жазып дайындап берген жаттанды сөздерімен, оның өзін ежелеп, тілі күрмеліп әрең айтып береді. Осының бәрі қарапайым халықтың, мемлекет басындағы басшылардың және ел ағаларының көз алдында өтуде. Алайда, бір адамның атаулы мәселеге тоқтау салып, қазақ тіліне жанашырлық танытып жатқанын көрмейсің. Керісінше, «ана тілін қайтсем көтеремін, қайтсем мемлекеттік тіл мәртебесіне жеткізетін» деп жан айқайын салып жүрген азаматтарымызға қысым жасап жататыны, ащы болса да, ақиқат. Өз заманының дара тұлғасы Ғабит Мүсірепов: «Тілін білмеген – түбін білмейді. Ондай адам күлдіремін деп күйдіреді, сүйсіндіремін деп сүріндіреді, білдіремін деп бүлдіреді, қуанта­мын деп қуартады, келтіремін деп кетіреді, жұбатамын деп жылатады» деген. Шын мәнінде билік басында отырған, өз ана тілін білмейтін кейбір азаматтар, телеарнаның аржағында бір нәрсені түсіндіремін деп, халықтың намысына тиіп, қазақ тілін қорлап жатады. Ана тіліміздің мемлекеттік тіл дәрежесіне жеткеніне шүкіршілік етіп, іштей қуанғаннан не пайда, іс жүзінде босағада қала берсе?.. Сондықтан да билікте отырған азаматтарымыз, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғышарттарын жасап, нақты іске көшкені жөн болар. Мәселен, мемлекет аясында жүргізілетін іс қағаздарының барлығын қазақша жүргізуді міндеттеу. Яғни, іс қағаздардың, ресми құжаттардың тілін бір жүйеге келтіріп, стильдік жағынан қалыптастырып, мемлекеттік ресми құжаттардың барлығын қазақ тілінде жүргізіп және қазақ тілінің қолданыс аясын едәуір кеңейту керек. Қандай қоғамды алып қарасақ та, іс қағаздар саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық жағынан үлкен қызмет атқарады. Сондықтан да, мемлекеттік қызметтен бастап, қалалық, ауылдық кәсіпорындар, түрлі ұйымдар мен мекемелер, балабақшалар мен білім ордаларында іс қағаздары тек қазақ тілінде жүргізілуі керек. Сонымен қатар, атаулы мекемелер арасындағы ақпарат алмасу, хат, жеделхат, телефонхат сияқты құжаттарды да тегіс қазақшаландыруымыз тиіс. Іс қағаздарын қазақша жүргізгеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әлемдік саясаттың ықпалынан қорыққан бәзбіреулер, дәлірек айтқанда билік басындағылар өз ана тілінен жерініп жүр. Ең қызығы – біз шошитын сол әлемдік саясат иелерінің, шындап келгенде, біздің тілде шаруасы жоқ – қай тілде сөйлесең де оларға бәрібір... Егер біз ана тілімізге басымдық беріп, күнделікті қолданысқа мемлекеттік деңгейде енгізсек, сол арқылы-ақ өз мемлекетіміздің ар-намысын, беделін қорғаймыз, яғни жан-жағынан алакөз дұшпандар көз алартқан Қазақстан деген алып жердің иесі – қазақ екенін сездіреміз. Ұлттық құндылықтарымызды өзіміз де терең сезініп, өзгеге де ұқтыратын боламыз. Әлеуметтік маңыздылығы өз алдына. Мәселен, қарапайым халықтың күнделікті көретін телеарналарды алыңыз. Ал сол арналардың көпшілігі өзге тілде ақпараттар беріп, батыстың бағдарламалары мен киноларын үзбей көрсетіп, жұртшылықтың санасын улаудан алдарына жан салмайды. Кез келген үйге кіре қалсаң, түрлі-түсті жәшіктің ар жағында орысша сайрап, батыстық үлгіде әзірленген бағдарламаларды көресің. Тіпті, қай тілде беріліп жатқанына да мән бермейтін болды. Өйткені, орыс тілі қалың қазақты жаулап алғаны соншалықты, орыс тілі мен қазақ тілі бір тіл сияқты болып кеткен. Мысалы, бір кино жайында қызу әңгіме айтылып, бір-бірімен сөз таластырып жатқанда қай тілде деп сұрасаң: «Әй, соны білмейміз. Қазір қазақ тілінде бере ма, орыс тілінде бере ма, бәрібір болып кетті ғой» деп жауап беріп жатады. Ал түнгі 12-ден кейін қазақша бағдарламалар, қазақша концерттер, қазақша киноларды көрсетеді. Бұл не сонда? Телеарна басшылары мен басшылардың басшылары ұлттық намыстан жұрдай болғаны ма? Қазақ тілінің шын мәртебеге ие болуы үшін, ең алдымен, білім беру ісінде қазақ тілінің рөлін арттыру қажет. Келешек ұрпақты балабақшадан, білім ордаларынан бастап тек қазақ тілінде тәрбие беруді қолға алған дұрыс. Елімізде орта білім беретін 8222 орта мектеп болса, олардың 3686-сы ғана қазақ мектептері екен. Ал жалпы орта білім алатын балалардың саны 3 млн. болса, оның 1 млн. 152 мыңы орыс мектебінде оқитындар яғни оның 60 пайызы қазақтар болып шықты. Орыс мектебінде білім алып, тәрбиеленген баланың ойлау жүйесі де орысша болатыны белгілі. Ал орысша тәрбиені бойына сіңіріп өскен баладан қандай ұлт азаматын, еліне, тіліне жанашыр жанды күтеміз? Қазірдің өзінде орыс мектебін бітірген балалардың көпшілігі қазақтың салт-санасын, ұлттық мәселелерді түсіне бермейді. Осындай күрделі, кезек күттірмейтін мәселелер кейбір азаматтарымыздың санасына жетпей отыр. Қара бастарының қамы үшін, «қай жерден қалай пайда тапсам екен, кімге жағынсам екен» деген ойдың шырмауында қалып қойған. Қалай десек те, тәуелсіз еліміздің мәдениеті мен рухани болмысының негізі – мемлекеттік тіл болуы шарт. Сондықтан көздерін шел басқан кейбіреулердің ұлттық намыстарын ояту керек. Жалпы, тіл сөйлеген сайын жетіледі, жазған сайын қалыптасады. Мемлекеттік тілді жетілдіру үшін оны күнделікті өмірде жиі қолдану керек. Әсіресе, қазақ тілін шала білетін қазақтар және біліп тұрса да сөйлемейтіндерге мемлекет нақты міндет қою керек. Ұлт тілі – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл қазынасы, рухани құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізушісі Сол себепті де дана халқымыз: «Тілден артық қазына, тілден артық қасиет жоқ», «Тіл байлығы – ұлт байлығы» деген болар. Тілі мен ділінен, салты мен дәстүрінен айырылған халық ешуақытта ұлт болып қалыптаса алмайды. Мемлекет ісінде «Ана тілі» өзінің қадір-қасиетін, маңыздылығын жоғалтып алғалы қашан? Сондықтан соңғы уақытта көтеріліп жатқан тіл туралы конституциялық заңнамадағы орыс тілін алып тастау туралы ұсынысты барлығы бірдей қолдап, нақты іске көшетін кез келді. Қазақтың ұлы тұлғасы Нұртас Оңдасынов: «Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Орамын, бұрамын тауып, қиюын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң не бір алуан-шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте, тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне!.. Осындай майса сұлу тілді қалай өгейсітуге болады» деп тебіренген екен. Иә, шындығында осындай тілдік қоры бай қазақ тілін қалай өгейсітіп, жетімсіретіп жүрміз? Қайран, өз заманында ана тілін көздерінің қарашығындай қорғап, келешек ұрпаққа ұмытылмас өсиет қалдырған қазақтың дара тұлға­лары-ай! Осындай өсиет сөз­дерді оқымай, ол сөздердің ма­ғынасына, парқына бармай жүр­ген азаматтарға не деуге болады?

Әсел РЗАЕВА