Жиында электр және жылу энергиясының қазіргі тарифтерінің түзілуіне, сондай-ақ энергетикалық қызмет көрсету нарығындағы бағаның белгіленуіне бақылау жасайтын мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты мәселелер талқыланды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мемлекет басшысының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті
2018 ж. 08 қараша
3190
0
Елбасы іс-шараға қатысушыларға электр және жылу энергиясы тарифтерінің түзілуіне қатысты Бас прокуратура тарапынан жүргізілген тексерістің нәтижелері жөнінде айтты.
«Биылғы жолдауды жарияламас бұрын, біз мейлінше өзекті проблемаларды анықтау мақсатымен халық арасында сауалнама жүргіздік. Бұл әлеуметтік зерттеу коммуналдық қызметтер бағасының қымбат болуы бірінші орында тұрғанын көрсетті. Сол себептен Бас прокуратураға осы саланы тексеру жөнінде тапсырма берілді. Тексеріс нәтижелері бұл мәселені Қауіпсіздік кеңесінің отырысына шығаруға негіз болды», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополия қызметтерінің тарифтерін ретке келтіру жөнінде арнайы тапсырма берілгенін айтты.
Мемлекет басшысы «Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасының іске асырылу барысына тоқталып, оның сапалы орындалуына қатысты жүргізілген тексеріс нәтижесінде анықталған құқық бұзушылықтарды атап өтті.
«Кезінде біз белгілі бір мақсатпен «Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасын қабылдадық. Бұл бағдарлама 2009 жылдан бастап 7 жыл бойы монополистерге өз өндірістерін жаңғырту үшін миллиардтаған қаражат табуға мүмкіндік берді. Олардың барлық өндірістік қуатын жақсарту үшін біз тарифті екі есе көтеруге келістік. Ірі энергетикалық компаниялар осы қаржы есебінен қуатын жаңартудың орнына тұтынушылар есебінен заңсыз байып келді. Бұл компаниялар қызмет көрсету құнына қызметкерлерінің сыйақылары мен бонустарын қосып, өндірістік шығындарды негізсіз арттырған», – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті энергия жеткізуші компаниялардың осы әрекеттерінен тұрғындарға келген шығын көлемі 14 миллиард теңгеге жеткенін айтып, энергиямен қамтамасыз ететін компаниялардың заңсыз кірісі 15 миллиард теңге болғанын атап өтті. Сондай-ақ, тексеріс нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан тарифтерді төмендету үшін бөлінген субсидиялардың тиімсіз пайдаланылғаны анықталған.
«Мұның екі түрлі себебі бар: Президент жолдауына саналы түрде қарсы болу немесе жауапсыздық пен өз рөлін түсінбеу салдарынан болатын салақтық. Мен екі себепті де қылмыс деп санаймын. Қапшағай қаласынан бір ғана мысал келтірейін. Бағдарламаның іске асырылу кезінде тариф екі есе өскен. Энергиямен қамтамасыз ететін құрылғылардың тозу көрсеткіші 53-тен 77 пайызға ұлғайған. Барлық құқық бұзушылықтар Ұлттық экономика, Энергетика министрліктері мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылау жасалмағандықтан және олардың әрекетсіздігінен туындап отыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы осы салада бағаға қатысты ымыраластыққа және сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылыққа жол берген өкілетті мемлекеттік органдарды тексеруді тапсырды.
«Жылу мен электр энергиясына төленетін ақыны қоса алғанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерінің шығындары халықтың жалпы шығындарының басым бөлігін құрайды. Тариф жоғары болған сайын отбасы бюджетіне түсетін салмақ та ауырлай бермек. Нақты экономикалық негіздемелерсіз тариф өспеуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Одан әрі күн тәртібіне сәйкес Бас прокурор Қ.Қожамжаровтың есебі тыңдалды. Басқосуда орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары да баяндама жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев жиында жасалған баяндамаларды назарға ала отырып, бірқатар нақты тапсырма берді.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Ұлттық экономика министрлігінің монополияға қарсы комитет жұмысының нашарлығын айтып, Премьер-Министрге комитет қызметін тәртіпке келтіруді, өңірлік деңгейдегі монополияға қарсы барлық ведомстволар жұмысының тиімділігіне баға беруді тапсырды.
«Энергетика министрлігі тұтынушылар төлеген әрбір тиын үшін жауап беруге тиіс. Бұл қаражат экономикамызды дамытуға жұмсалуы керек. Тариф көтеру жөніндегі әрбір шешімді қабылдаған сайын, ең алдымен, халықтың төлем қабілеттілігін ескерген жөн. Тарифтерге қатысты жоспарлы өзгерістердің бәрі көпшіліктің талқылауына мүлдем түспейді немесе формальды түрде өткізіледі. Бұл іске жұртшылықты, үкіметтік емес ұйымдарды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кеңінен тарта отырып, қазіргі механизмді өзгерту қажет», – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінде азаматтармен «кері байланыс» орнатудың тиімді жүйесінің жоқтығына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев Энергетика министрлігі тарапынан тұрғындар үшін электр энергиясының бағасын төмендету жөнінде шаралар қабылдануы қажет екенін айтты.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Үкімет пен Бас прокуратурадан тарифтердің негізсіз көтерілуіне жол берген тұлғаларға қатысты барлық құқықтық актілердің заңға сай орындалуын талап етті.
«Электр энергиясы мен жылу тарифтері мәселесі – проблеманың бір бөлігі ғана. Басқа да қызмет көрсетуші-монополистер бар. Бұл ауыз су, газ, кәріз жүйесі, телефон байланысы және интернет үшін көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету ісіне де қатысты. Монополияға қарсы комитет осы мәселелерді де ретке келтіруі керек», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев субсидия ретінде бюджеттен бөлінетін қаржының көзделген мақсатқа жұмсалуына кешенді сараптама жасауды да тапсырды.
«Осы шаралардың бәрі бір жолғы акцияға айналмауға тиіс. Құзыретті мемлекеттік органдар жұмысының барынша ашық болуын, тұрақты түрде есеп беріп отыруын және тиімді қызмет етуін талап етемін. Заңсыз иемделініп кеткен қаражаттың қайтарылуына қатысты қабылданған шаралар жөнінде жұртшылық хабардар болуы қажет», – деді Қазақстан Президенті.
Жиын соңында Мемлекет басшысының сөзі энергиямен қамтамасыз ететін компаниялардың барлық басшылары мен меншік иелеріне арналды.
«Халық қаражаттың қайда және қандай мақсатқа жұмсалғанын білуге тиіс. Жұмысты қайта құрып, әлеуметтік жауапкершілікті сезіну қажет. Сондай-ақ, ашық жұмыс істеп, адамдардың сенімінен шыға білу керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.