Әміржан Қосанов: "Бардым... Комсомолдың 100 жылдық белесінде жиналуға болатын шығар"
2018 ж. 27 қазан
12118
21
«Қазақ үні» редакциясы Комсомолдың 100 жылдық тойына қатысқан саясаткер, оппозиция өкілі Әміржан Қосановқа әлеуметтік желіде ел наразылығын тудырған шараға қатысты бірқатар сұрақтарын жолдаған болатын. Алайда, оппозиция өкілі сұрақтарымызға жауап қайтармаған соң, оның "Дат" газетіне берген сұхбатын ықшамдап, назарларыңызға ұсынамыз. Сұхбатта айтылған автордың пікірі мен "Қазақ үні" редакциясының көзқарасы сәйкес келмеуі мүмкін екенін ескертеміз!
– Әміржан мырза, сіз де кезіндегі Қазақстан комсомолы «көсемдерінің» қатарында ЛКСМ-нің идеологиялық бөлімінде басшы болған едіңіз: осы форумға шақырту алдыңыз ба? Бардыңыз ба?
– Бардым. Бірақ мені бұл жиынға ресми ұйымдастырушылар шақырған жоқ. Жиынға облыстардан келген, талайдан бері жолықпаған жолдастарым келетін болып, солар шақырған соң, форум өтетін жерде жолығайық деп ниет білдірді. Жиынның сценарийі, қалай өтіп, кімдер сөйлеп, сахна қалай безендірілетінінен бейхабар болдым. Бұл форумға менің барудағы мақсатым – кезінде араласқан азаматтарға жолығу, алыстан келгендерге сәлем беру, дидарласу еді. Солармен әңгімелесіп, өткенді еске алып, ауыл-аймақтың жаңалықтарынан хабардар болдым. Айтпақшы, өңірлерден келген олардың ішінде азаматтық позициясы айқын азаматтар баршылық.
– Комсомолдың «үлкен ағасы» коммунистердің жүргізген саясаты салдарынан миллиондаған қазақтың қырылғанын біле отырып, рухани жаңғырамыз деп ұран тастап, коммунистердің ізбасары болған комсомолдың тойын өткізу қай қисынға сай келеді? Әлде бұл көрші Ресейдің неоимпериялық саясатын қолдау ма?
– Меніңше, сұрағыңыздың екі жағы бар.
Біріншіден, комсомол – Қазақстан секілді мемлекеттің 70 жылдық тарихында белсенді қимыл-әрекет жасаған қоғамдық ұйым. Тарихтан бас тартуға болмайды, сондықтан 100 жыл секілді бір белесте осы кезеңге баға беру үшін жиналуға болатын шығар.
Екіншіден, ол жиын той немесе салтанат ретінде емес, еске алу, әсіресе қылышынан қан тамған коммунистік режимнің құрбандарына тағзым етуден басталуы керек еді. Және де осы уақыт ішіндегі табыстар мен қателіктерге мейлінше объективті, жан-жақты баға берілуі тиіс! Тек қана той-думанға ұласқан салтанат ретіндегі біржақтылық дұрыс болмады. Оны мен құптамадым. Қоғам қандай болды – оның барлық құрамдас бөліктері, соның ішінде комсомол да сондай болды. Яғни, комсомолға берілген объективті баға – қоғамға да берілер еді.
Мәселен, қазір аудандардың 90 жылдықтары аталып жатыр. Осы тарихтың ішінде сол кездегі партия мен комсомолдың, кәсіподақтың да орны бар емес пе? Ертең Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мерейтойын атасақ ше? Онда да комсомол секілді ұйымның ролі туралы айтуға тиіспіз! Жалпы, жалғыз комсомол емес, біздің Совет Одағы құрамындағы тарихымыздың өзі тиісті бағасын ала алмай отыр.
– Бірақ жазықсыз репрессияға ұшыраған ұлт пен ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді де ұмытпаған жөн шығар?
– Әрине! Тарихи жауапкершілікке келсек, меніңше, миллиондаған қатардағы комсомол мүшелерін жаппай айыптау дұрыс емес. «Молданың айтқанын істе, істегінен істеме» демекші, аға ұрпақ партия мен комсомол жария еткен мұраттарға шын көңілімен сеніп келді. Олар ешкімнің ала жібін аттаған жоқ. Зауыт-фабрика, егінжай мен жайлауда, мектеп пен ауруханада еліне адал қызмет етті. Қазіргі экономиканың негізін қалаған оларға не кінә тағамыз?
– Қазақ елінің тарихындағы комсомолға қатысты деректерді болашақ ұрпаққа қалай түсіндіру керек деп ойлайсыз?
– Жастар бүгінде бәрін де түсінеді, олар аға ұрпақ бастан өткерген «октябрят-пионер-комсомол» идеологиясымен уланбаған. Оларға аталары мен апалары бастан өткізген совет дәуірі туралы бар шындықты бүкпесіз айтуы керек!
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»
(медиа-проект «DAT» №38 (450) от 25 октября 2018 г.)