Қытай билігі саяси лагерлердің бар екенін мойындауға мәжбүр болды
2018 ж. 16 қазан
6007
2
ҚХР ШҰАА (Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы) халықаралық өкілдерінің 13 шақырылымының отырысында Қытай билігі өз елінде саяси лагерьлердің барын мойындады. Бұл туралы «Настоящее время. Азия» порталының материалында айтылды, деп жазады qamshy.kz.
Сайт деректеріне сүйенсек, құжатта лагерьдің Шыңжан ұйғыр автономиялы ауданында орналасқаны айтылған. Лагерьде мұсылмандарды «саяси сауатты азамат етіп» тәрбиелейді екен. Арнайы жаттығу орталықтарында алдымен құқық, идеология жөнінде сабақ өтіп, ішкі саясат турасында дәріс оқылады. Әсіресе, кішкентай балалардың санасына Қытай саясаты туралы ақпар құюға барынша тырысады. Қытай тілін үйретіп, азаматтардың тәртібі жайлы бөлек сабақ өтетіні тағы бар. Жалпы адамның миына тек «қытай» деген түсінікті дарыту, дінді, тілді қытайландыру, коммунистік партия қалай айтса, сол жолмен жүретін адамды тәрбиелеп шығару - саяси үйрену орталықтарының басты мақсаты. "Мұны геноцидтің мәдени түрі" деп бағалайды кей сарапшылар. Мұндай шара Шыңжанда тұратын түркі тілдес мұсылмандарға қолданылады.
Қытай билігінің лагерьлер жайында мойындауына не себеп болды?
Кәсіпкер, құқық қорғаушы әрі «Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің» президенті Рабия Қадыр «Настоящее время. Азия» порталының бұл сауалына былай жауап қатты:
-Біріншіден, ұйғырлар қорықпастан Қытайдағы саяси лагерлерде 7 миллионға дейін мұсылмандардың тәрбиеленіп жатқанын айтып жар салды. «Қытайлар мұсылмандарды азаптайды, шошқа етін жегізеді, тіпті өлтіруге дейін барады» десті. Тіпті Батыс елдерінде тұратын ұйғырлар ашық түрде шеруге шығып, Қытай тарапынан болып жатқан дискриминацияны тоқтатуға шақырды. Әрі Қытайға қарсы санкциялар салуды ұсынды. Екіншіден, мұндай лагерьлердің бар екені әлемдік ұйымдардың арқасында анықталды. Интернет, әлеуметтік желіде соңғы жылдары қытай түрмелері жайлы жиі айтылды, белсенділер бұл мәселені жиі көтерді. Үшіншіден, БҰҰ отырыстарында да саяси лагерьлер сөз болады. Төртіншіден, АҚШ бастаған еуропалық мемлекеттер ондай лагерлерді Екінші дүниежүзілік соғыс уақытындағы Гитлердің концлагерлеріне ұқсатты. Осы сынды ақпараттардың басымдығының нәтижесінде Қытай амал жоқ мойындауға мәжбүр болды.
Рабия Қадыр бүгінгі күнге дейін Қытайда азапталып жатқан ұйғырлардың мәселесін жиі көтеріп, халықаралық ұйымдарда мәлімдеме жасап келді. Мұсылмандардың құқығы үшін күресті.
«Ұйғыр болып тусаң, мұсылман болып тусаң, қылмыскерсің! Олардың Қытайдағы жағдайы қалай екенін бір Алла мен Қытай билігі ғана біледі», - дейді Рабия Қадыр портал тілшілеріне берген сұхбатында.
Қазақ халқы үшін де өзекті...
Қытайдағы мұсылмандардың саяси лагерьлерге «қамалып» жатқанына қазақтар да үлкен алаңдаушылық білдіріп келеді. 2017 жылдан бері Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны жайлы ақпарат дүркін-дүркін жарияланды. Арғы беттегі қандастарымыз Қазақстанға келе алмай, келгендері Қытайға қайта алмады.
Айта кетейік, бұдан бұрын дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында қоғам қайраткері Өмірхан Алтын Қытайдағы қандастарымыздың мәселесін Елбасының алдында көтерген болатын. Президент бұл мәселемен айналысу үшін Сыртқы істер министрлігіне тапсырма берген.
Ал Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өзінің мәлімдемесінде «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер министрлігіне, басқа тиісті ведомстволарға мәселе көтерілсе, оны егжей-тегжей екі жақты қарастыру жөнінде нақты тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау барысында бізге ресми түрде мәлімет түссе, міндетті түрде Қытай тарапымен, олардың Сыртқы істер министрлігі, басқа да мекемелердегі әріптестерімізбен мәселені көтереміз. Қазақ диаспорасының шетелдегі мүдделері мен құқықтарын қорғау — бұл біздің тікелей міндетіміз», - деген болатын.