Қайран Жүсекем-ай! Жүсіпбек Аймауытов рухына тағзым немесе ҚАЛАМГЕРЛЕРІМІЗ ҚАЗАҚ ТІЛІН неге ҚОЛДАМАЙДЫ?
2011 ж. 01 қазан
3067
0
Мен жақында Алаш қаламгерлерінің, ғалымдарының тіл туралы еңбектері жинақталған «Алаштың тілдік мұрасы» (Алматы, 2009ж) атты кітапты тамсана отырып оқып шықтым. Бұдан бір ғасыр бұрын жазылса да, бүгінгі болмысымызды айна қатесіз көрсеткен алаш зиялыларының көрегендігі мен әулиелігіне тәнті болдым. Солардың бірі және бірегейі жаны жәннәтта болғыр Жүсіпбек Аймауытов «Ұлтты сүю» деп аталатын еңбегінде былай депті: «...Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елітіп отырады. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар. Олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшейуіне жұмсайды. Олардың әр адамы- мемлекеттің керегі, қызметкері...
...Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да-оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді, кәдірлейді, сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгіні, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті оқығандардан күтеді. Оқыған -қара халықтың шырағы(идеалы), бұқарасы сонша кәдірлегенін оқығандар білу керек. Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін шығарады. Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді.
...Ақтығында айтпағым: оқығандар өзін –өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылуы керек. Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай, ерінбей-жалықпай , бақырмай-шақырмай іс бітірген, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ.
...Оқығандар! Бұл уақыт-жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болмаса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр.»
Аруағыңнан айналайын, қайран Жүсекем-ай! Қалай тауып айтқансың. Ұлтының тіліне мұрын шүйіре қарайтын имансыз мәңгүрттер мен мансапқорлар оқыса ғой мұны, әй, бірақ оқымайды ғой, оқымайды. Оқыған бірен-сараны болса, көкейлеріне тоқымайды ғой, тоқымайды. Бүгін, міне, қанша жерден тәуелсіз ел болсақ та, орысша тәрбие алып, ұлт қызметкері бола алмай жүрген «мәңгүрттерден» күйдік қой. Өзің тәрізді Алаштың атпал азаматтары жайлы құлаш-құлаш мақалалар, кітаптар жазып, диссертациялар қорғаған «зиялыларымыздың» көпшілігі әңгіме елдік, тілдік мәселгеге тірелгенде неге селт етпейді? Сөйте тұра баспасөз беттерінен, теледидардан халық атынан сөйлеп, патриоттық тәрбие жайында сайрайтындарын қайтерсің! Олардың қазір тірі болғана араздық тудырушы ұлтшыл деген қарғыбау тағын, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыныов т.б. қатар ит қосып қуарына кім кепіл. Халқымыз тілге «Ана» деген, жерімізге «Ата» деген қасиетті атауларды тіркестіріп, «Ана тілі», «Атамекен» деп тектен-текке айтпаған болар.
Ана тілінен безген, тегінен безгенмен бірдей емес пе? Ана тілін халқынан кейінге екінші байлығына теңеген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойында көсіле сөйлеп көсемсігендер мен дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығынан ат мініп, шапан киіп қайтқандар, неге тіліміз үшін шырылдаған азаматтардың қасынан табылмайсыздар.Алыстағы ауылдардан біздердің өзіміз мыңдап қол қойып, қол жинап жатқанда астаналардағы атақтыларымыз қайда жүр? Атап айтқанда, қаламгерлер Сауытбек Әбдірахманов, Ж.Ерманов, Ұ.Есдәулет, Иранғайып, Н.Айтұлы, Е.Раушанов, Б.Нұржекеев, Д.Досжан, Ж.Кенжалин, Н.Жүсіп, Б.Жақып, Ж.Шаштайұлы және саясаткерлер С.Әбділдин, М.Нәрікбаев, Ғ.Қалиев, т.б. бұдан кейін де қол қойып, қолдаудан қашатын болса, «үндемей жүріп үйдей пәледен құтыламын» деген теріс пиғылды ата-бабалар мен Алаштың атпал азаматтарының аруақтары кешіре алар ма екен?
Әй, қайдам.
Қайран Жүсекем-ай!
Зікіра ҚОЖАЕВ
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Жетісай қаласы