Марат Тоқашбаев: Қазақ билігі Сайрагүлді оққа байлап берді
2018 ж. 08 қазан
16826
1
4-қазан күні Көші-қон қызметінде арнайы құрылған комиссия Сайрагүл Сауытбайға «Босқын мәртебесін» беруден бас тартты. Комиссияның жиналысына Астанадан келген ресми өкілдер қатысқан.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.Осы мәселеге қатысты белгілі журналист Марат Тоқашбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікірін білдірді.
- Күйеуі мен балалары Қазақстанда тұратын әрі біздің елдің азаматы болып табылатын қазақ келіншегіне Үкімет орындарының көмектесе алмау не деген бишаралық?! «Босқын мәртебесі» берілмесе билік бір жылдың ішінде Сайрагүлді Қытайға қайта депортация жасауға тиіс. Сайрагүл Қытайдың қолына түссе түрмеде шірітеді, немесе өлтіріп тастайды. Яғни бұл оққа байлап беру деген сөз. Өз қазағына көмектесе алмау Қазақ үкіметі үшін масқара! Осындай шешім қабылдаған комиссия мүшелерінің толық аты-жөнін білгіміз келеді. Ең болмаса Қазақ елі «ұлт сатқындарының» аты-жөндерін біліп қалсын! Ал Сайрагүлді Қытайдың тырнағынан қалайда құтқарып қалуымыз керек. Халықаралық ұйымдардың ықпалына жүгінейік. Басқа шараларын көрейік. Қазақстан бермесе, «Босқын мәртебесін» Германия береді. Осы жағын да ойластырып көрейікші!!! - деп жазды журналист өзінің фейсбуктегі парақшасында.